АСТАНА, 2 шіл –Қазақстан жаңалықтары АА. Алланың үйі ақшаға айырбасталмақ! Арқалықта екі бірдей мешіт саудаға қойылды деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Құрылысын жүргізген азамат шенділердің арбауына ашынып осындай қадамға барғанын айтады. 90-шы жылдардың соңында жергілікті атқамінерлер мешіт тұрғызып беруге өтініш жасаған екен. Қаржыны халықтан жинап береміз деп. Бірақ сол күйі көк тиын төлемеген. Соттасып ештеңе өндіре алмаған азамат енді мешіттерді сатуға мәжбүр»,-делінген телеарнаның хабарламасында.
Арқалыққа ат арылтып жеткендерді, cаудаға емеурін еткендерді Болат Әбдібеков алды-артына қаратпай Алла үйіне ерте жөнеледі. Құлшылық қылуға емес. Мешітті сату сондағы ойы. 90-шы жылдардың соңында Арқалық қаласы әкімдігіндегілер Болаттың асты-үстіне түсіп жүріп 500 орындық Алла үйін салып беруді өтінген. Мынадай кепілхат та жазып берген. Қала қазынасында қаржы жоқ, бірақ жұрттан жинап береміз деп. Содан бері 10 жылдан асты қаңыраған мешіт тірі жанға керексіз жатыр.
Болат Әбдібеков, Арқалық қаласының тұрғыны, мешіт сатушы:
- Бұрын жағдайымыз бар кезде күзетші жалдап отыр едік, ақша біткеннен кейін баламыз екеуміз күзетіп отырмыз. Ресми рұқсат алып үлкен екі мылтық алдық. Күніне енді 7-8 рет келіп кетеміз.
Кәсіпкер бұл мешітке қоса, қала іргесіндегі Амантоғай ауылында тағы бір мешіт тұрғызған. Оның да ақшасын уәде берген әкімдік үптеп кетіпті. Ақыры тақырғы отырған азамат шенділерді сотқа берген. Сондағы шешім, екі мешітті азаматтың атына қайтарып бере салған. Бұл қарыздың соңы емес екен.
Болат Әбдібеков, Арқалық қаласының тұрғыны, мешіт сатушы:
- Жангелді ауданында Торғай мешітінің 15 мың доллар қарызы бар. 1992 –дан бері келе жатқан. Амангелді ауданының мешіті Сатыбалды Ишан атындағы мешіттің 134 мың теңге қарызы бар.
Торғай мешіті қарызын өтемегенмен Елбасының сол Алла үйін ашуға келгенін мақтанышпен айтады азамат. Суреттерін де сақтап қойған. Осынша қаржыны кәсіпкерге неге қайтармады деп Арқалық қаласы әкіміне барған едік. Тұшымды жауап бермек түгілі, қала басшысы алды-артына қарамай қашты. Ал орынбасары тіптен айды аспанға шығарды.
Есламбек Маметеков, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- Мешіттің мәселесі, кезінде Кеңес үкіметінің кезінде қолға алынып салынған нәрсе. Ол кезде фонд болған дейді оған еш қатысым жоқ.
Сол қордың қайда кеткенін, болмаса кімнің құлқынын майлағанын шенеунік білмейді. Ал Арқалықта саудаға түскен мешітті Кеңес Үкіметіне жатқызғаны тіптен қызық, егер оның 1994 жылы құрылысы басталғанын ескерсек.
Есламбек Маметеков, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- Олардың бағалары қымбат жалпы айтқанда. Бізде ондай ақша бюджетте қарастырылмаған. Айтып отырмын ғой Арқалыққа екі мешіт қажет емес. Қазіргі мешітке сияды адам.
Арқалықтағы 30 мыңға жуық адамға 500 орындық мешіт жетеді деп есептеді есті басшылар. Міне қазір қызмет қылып тұрған Алла үйі, бұрынғы бала бақшаның ғимараты. Мұндағы имамдар да мешіттің саудаға түскенін естіп жағаларын ұстады.
Әсет Нұғманов, Арқалық мешітінің найб имамы:
- Мешітті сату деген болмаған. Ол сауда-саттыққа беретін бір зат емес ол Алланың үйі. Оны Алла ризалығы үшін салып халықтың игілігіне береді қызметке. Оны сатуға болмайды.
Болат мырза Амантоғайдағы мешітті қазір 200 мың долларға бағалап отыр.
Алланың үйін салғанмен адамның амалын қылған азамат мешітті қарынының ашқанынан қадірінің қашқанынан саудаға салғанын айтады. Жауаптылар қалталарын қамдап жауаптап жалтарып жүргенінде Алланың үйін тұрғызған азамат Арқалықтағы мына мешітті меншіктеймін дегендерден 1 млн. доллар ақы сұрамақ. 2 жыл бұрын сатылымға қойылған Алла үйі голландық әдіспен саудаланбақ. Болат Әбдібеков бастапқы бағаның тең жартысына дейін жеңілдік жасауға дайын, бірақ мешітті сатып алуға қалталылар құлықсыз. Бірі де байланысқа шықпапты.
Дереккөз: newskaz.kz