© ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды. Соған орай, депутаттар ағымдағы жылдың 29 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады деп хабарлайды агенттік тілшісі парламент палаталарының бірлескен отырысынан.
Тоқтала кетейік, екінші сессия барысында Парламентпен 96 заң қабылданып, құжаттардың басым бөлігіне Мемлекет басшысының қолы қойылып, күшіне енді. Парламент қабылдаған заңнамалардың негізгі көпшілігі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді заңнамалық қолдауға бағытталды. Экономикалық интеграцияны қарқынды етуге, мемлекеттермен өзара байланысты нығайтуға, халықаралық құқықтық кеңістікке кірігуге бағытталған бірқатар 46 халықаралық келісім ратификациядан өтті. Бұлардың барлығы тұтастай мемлекеттің беделін арттыруға, халқымыздың өмір сүру сапасын көтеруге, ел экономикасының даму әлеуетін үдетуге бағытталды.
Жиынды жаба отырып, бірлескен отырыста негізгі баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бесінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын табысты өтті деп мәлімдеді.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА