22-23 маусымда Мұнай және газ институтының ғимаратында Атыраудағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» 7-сыныпқа оқуға қабылдау үшін тестілеу өткізді.
Атыраумен қатар 7-сыныпқа оқушы жинау Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар және Шымкент қалаларындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» де өтті. Атырау облысында оқу гранттарына ие болу үшін 546 оқушы өтінім берді. 7-сыныптарға 80 адам қабылдау жоспарланып отыр. Білім байқауында қазақ тілінде оқитын оқушылар арасында 1 орынға 8 адам, орыс тілді сыныптарда 1 орынға 5,5 үміткер таласатын болады.
Емтихан рәсімі ҰБТ-ны еске түсіргендей болды. Балалар мен ата-аналар алдымен институт ғимараты маңына жиналып, содан кейін оқушыларды кезекшілердің бастауымен тіркеу үшін ішке кіргізді. Аудиторияларға олар тіркелу орындары бойынша қатал кезекпен жайғасты. Бір парта мен келесі парта арасы кем дегенде 1 метр, балалар бірінің артында бірі отыруы керек, шахматтық тәртіпте отыруға рұқсат берілмейді. Мұның бәрі балалар тапсырманы бір-бірінен көшірмес үшін ойластырылған.
Барлық үміткерлер қатты қобалжып, тіпті, кейбіреуінің психологиялық әсерден қан қысымдары көтерілді. Бір үміткердің «Өркен» оқу грантына ие болуға деген ынтасының күштілігі сондай, тамақтан ұшынып ауырған күйі келіп отыр. Қыз бала емтиханда кезекшілік атқарып жүрген медицина қызметкерлерінен үш рет көмек сұрап, жағдайы болмай отырса да, шыдап, барлық сұрақтарға жауап беруге тырысты. Оның бұл жанкештігі нақақ кетпей, оқу грантына ие болады деп үміттенеміз.
Бұрын хабарлағанымыздай, енді оқушыларды іріктеу «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымының стратегиялық әріптестері Cito педогогикалық өлшемдер институты (Нидерланды) мен CTY Джон Хопкинстің таланты жастар орталығымен (АҚШ) бірлесе әзірлеген жаңа жүйе бойынша жүргізіледі («АЖ», №19, 09.05.13 күнгі «Төреші - голландықтар» мақаласын қараңыз).
Тестілеудің алғашқы күні балалар Cito институтымен бірлесе әзірленген математика, қазақ, орыс, ағылшын тілі бойынша пәндік тестіден өтуі тиіс болды. Екінші күні CTY орталығымен бірге әзірленген жаратылыстану-математикалық ғылымдарды зерделеу қабілеттерін бағалау тесті жүргізілді. Бұл сынақ «Сандық сипаттамалар», «Жазықтыққа жаймалау», «Блоктар бұрылысы», «Көз арқылы есте сақтау» атты төрт бөлімнен тұрады. Бұл әдістер ең алдымен балалардың логикалық ойлау негізінде сандарға сүйену, көз арқылы есте сақтау, үш өлшемді нысандарды оймен жазықтыққа жайып, осындай үш өлшемді мүсіндер құрастыру қабілеттерін бағалауға бағытталған.
Толтырылған жауап парақшалары тестілеу өткеннен бір сағаттан кейін Астанаға жөнелтілді. Пәндік тест нәтижелері Голландияда, қабілеттік тест қорытындылары АҚШ-та шығарылады. Сондықтан да емтихан нәтижелері тек 5 аптадан кейін ғана белгілі болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор