Бүгін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі мен «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалының өкілдері Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасының жобасын талқылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің директоры Салауат Дембай еліміздің аумағын ұтымды ұйымдастырудың жүйесі мен ұзақ мерзімді аумақтық дамуды қамтитын бас сызбаны қабылдаудың аса маңыздылығын атап өтті.
«Сызбаны үш жыл әзірледік. Бас сызба 14 өңір мен Алматы және Астана қалаларының халқымен талқыланды. Көптеген ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Сызбаны әзірлеуде оның барлығы ескерілді. Жақында сызбаның жобасы ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылады. Ал тамыз-қыркүйекте Үкімет қаулысымен бекітуіміз керек», - деді Салауат Дембай.
Оның айтуынша, 2014 жылдың бірінші қаңтарынан Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасын жүзеге асыру басталады.
Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасын әзірлеу 2010 жылы басталды. Ол «Қазақстан-2030» стратегиясына, болжамды сызбаға, үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға, 2030 жылға дейінгі жобалаудың есептік мерзіміне сәйкес әзірленуде.
2010 жылы бас сызбаны әзірлеудің тұжырымдық көзқарастары әзірленіп, мақұлданды. 2011 жылы материалды жинау, өндіргіш күштерді дамыту, халықты қоныстандыру, әлеуметтік, инженерлік-көліктік және рекреационды инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарын талдау және бағалау бойынша жұмыстар жүргізілді.
2012 жылдан бастап Қазақстанның аумақтарын ұйымдастырудың барлық бағыттары бойынша жобалық ұсыныстар мен жобалық шешімдер әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы бұл жұмыстар аяқталады және тиісті Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Дереккөз: bnews.kz