Жайық өзенінің төменгі ағысында аномальды су тасқыны салдарынан балық аулау кәсіпорындары балық аулауға шыға алмады.
«Qazaq balyk» Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы Атырау филиалының басшысы Санат ТІЛЕПБЕРГЕНОВТІҢ айтуынша, өзеннің қатты ағысы мен өзен бойында қалқыған бөренелер керме ауларды жарамсыз етіп қойған. Сонымен қатар, бүкіл тартымды су басқан.
«АЖ» үшін әрбір табиғат пайдаланушыға он жылға ол жұмыс істейтін және инвестиция салатын жағалау белдігінен учаске бекітілетінін нақтылады.
Бұдан басқа, су тасқынына қарсы жедел штаб өзенде кеме қатынасына тыйым салды. С.Тілепбергеновтің айтуынша, су тасқыны басталғанға дейін Жайық өзені сағасының қатты тайыздануынан теңіздің жағалау бөлігінде кәсіптік балық аулау да тоқтап қалған. Аспалы моторлы шағын қайықтар өзен сағасынан теңізге шыға алатын болса, кәсіпшілікпен балық аулайтын және қабылдаушы көлік кемелері Каспий теңізіне шыға алмайды немесе өзен сағасына кіре алмайды.
- Барлық жерде ештеңе жоқ - бұл балық аулау артеліндегі жұмысшыларға жалақы төлеуге ақша болмайды, бүкіл технологиялық тізбекті– өндірістен бастап сатуға дейін (флот, өңдеу цехтары, дүкендер және т.б.) қамтуға ақша болмайды деген сөз.
Бұл жағдайдың бір жақсы тұсы, төтенше жағдайдың арқасында Жайық өзенінің сағасында мелиораторлар өзен түбін тереңдету жұмыстарын бастап кетті. Бұл сағаны кеңейту үшін жасалып жатқанымен, балықтардың уылдырық шашу үшін теңізден өзенге түсуіне де септігін тигізеді, - дейді балық аулайтын кәсіпорындар.
Айтпақшы, Атырау балық өндірушілерінің қазіргі жағдайы қиын – кәсіпшілік те, ауланған және өңделген балықтан пайда жоқ, шығындар ай сайын көбейіп жатыр. Ал былтырғы балық аулау маусымы аяқталғалы бері, яғни соңғы мұз қатудан соң сауда желісіне балық жеткізілмеген. Күзгі балық аулау маусымы басталатын қыркүйекке дейін пайда келетін жер жоқ. Онсыз да аз кадрларды жоғалтпау үшін балық аулау кәсіпорындары бұрынғысынша өз қызметкерлеріне жалақы төлеуде, бюджетке міндетті төлемдер мен салықтарды аударуда, несиелерді өтеуде, флотты, цехтардағы жабдықтарды және т.б. ұстауға қаражат бөлуде.
С.Тілепбергеновтің айтуынша, «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Атырау филиалы Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі штабқа ресми хат жолдаған. Балық шаруашылығымен айналысатындар салық пен несиені өтеу түрінде көмек сұрайды. Әйтпесе, өңірдегі балық өнеркәсібі тоқтап қалады.
«АЖ» облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Артур СӘДІБЕКҰЛЫНА жүгінді. Ол облыстық балық шаруашылығының мүшкіл халінен хабардар екенін, бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарланғанын, қазір сол жерде шешім дайындалып жатқанын айтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ