Атырау, 11 қазан 11:38
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Білім министрлігінің рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының университеттеріне түсе алмайды

1 716 просмотра

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының университеттеріне түсе алмайды.

Бүгін Мәжілісте ҚР Дін істері агенттігінің қызметіне арналған Үкімет сағатында агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф (суретте) осылай мәлім етті.

Жиын барысында депутат Елена Тарасенко шетелдік діни оқу орындарынан тәлім алып жатқан қазақстандық жастар, олардың бүгінгі һәм келешектегі қызметі мен тағдыры туралы мәселе көтеріп, сауал қойған болатын. Бұған жауап бере келе, агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф қызметке кіріскен сәттен бастап, осы мәселені бірінші қолға алғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2011 жылы шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық азаматтар саны 500 шамасында болса, қазір белсенді жұмыстың нәтижесінде олардың 130-ы елге оралған. Кейбіреуі «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінде, басқа медреселерде оқуын жалғастыруда.

«Бүгінгі күні қазақстандық 392 студент араб елдерінде білім алып жатыр. Оның 200-ден астамы Египетте, 59-ы Сауд Арабиясында, 60-тан астамы Пәкістан мен басқа елдерде жүр. Бұл бағытта біз діни басқармамен бірлесе белгілі бір бағытта жұмыстар жүргізудеміз», - дейді агенттік басшысы.

Ал шетелдік діни оқу орындарында білім алған студенттердің қызметіне тоқталған Қ. Лама Шариф, оларға теологиялық біліммен қоса, қазақстандағы діни жағдайды ұққан маңызды екеніне тоқталды. «Сондықтан да, оларды аудандық мешіттердің наиб-имамы дәрежесінен бастап жұмысқа қабылдау орынды деп отырмыз. Бұл шын мәнінде маңызды. Өйткені, имам 40-тан асқан, ақыл тоқтатқан, елдің дәстүрін терең білетін азамат болуы шарт. Бұл ретте шетелде білім алғандар елге оралғанда Қазақстан үшін қолайсыз білімдерін таратпағаны ләзім», - деді Қ. Лама Шариф.

Оның айтуынша, жалпы шетел университеттерінде діни оқу мәселесіне қатысты жұмыс жан-жақты жүргізілуде. «Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының университеттеріне түсе алмайды. Бұндай жұмысты біз Түркиямен де, басқа елдермен де жүрзігіп жатырмыз», - деді ол.

Дереккөз: inform.kz

17 маусым 2013, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.