Атырау, 7 қараша 19:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

Құлсары тұрғындары: «Әрі қарай қалай өмір сүрерімізді білмейміз»

Сурет Бейнежазба
991 просмотра

Ақтөбенің Мұғалжар тауынан келген қарғын судың көптігінен Жылыой ауданы Құлсары қаласында ТЖ жарияланғалы 15 күн өтті. Төрт адамның өмірі қиылған бұл тасқыннан зардап шеккен тұрғындар ашу-ызалы күйде. Бар жиған-тергенінен айырылған халықтың мұң-мұқтажы таусылар емес. «АЖ» тілшісі Құлсары қаласына арнайы барып, тасқыннан кейінгі жай-күйімен танысып қайтқан еді.

Жем өзенінің арнасын Бақашы бөгеті арқылы жапқаннан кейін қалаға үздіксіз келіп жатқан су легі тоқтайды. Бүгінде жиналып қалған судан тазарту жұмыстарына «Теңізшевройл» және «Арктик» ЖШС-нің арнайы су сорғыш техникалары мен Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент ТЖД келген техникалар күші жұмылдырылған. Дегенмен «Барлаушы», «Атырау» ықшамаудандарын судан тазарту үшін жұмыс күні-түні үздіксіз жүріп жатыр. Бір млн текше метр су шығарылғанымен суда тұрған нысандар әлі де жеткілікті. 

Мал, ит, мысық, құстардың өлексесін жинау да жүріп жатыр. Бірнеше адамнан «АЖ» поштасына су тасқыны кезінде үй иелері босатып жіберген иттердің қауіптілігі туралы шағым жиі түсті. «Әсіресе, аш күйдегі алабай тұқымдас иттер адамдарға шабуыл жасап тұр» дейді құлсарылықтар.

Эвуакацияланған халықтың дені Теңіз кенішіндегі жатақханаларда, Маңғыстау облысының Бейнеу, Ақтау қалаларында уақытша тұрып жатыр. Кейбір адамдар отбасымен кері оралып, қалада туған-туыстарының, болмаса пәтер, сарайлар жалдаған.

Құлсары қаласында пәтер жалдау бағасы күрт өсіп кеткен. Бір бөлмелі пәтердің бір айға жалдау құны коммуналдық төлемді қоспағанда 70 мың (жөндеуі жоқ үйлер 50 мың теңге шамасындай), екі бөлмелі пәтерлер 150-160 мың теңгеге дейін шарықтаған. Сарайлар бағасы да аспандап тұр, «кісідегінің кілті аспанда» деген осы.

Сырттан келген гуманитарлық көмекті (азық-түлік, киім-кешек) беру үш жерде орналасқан. Мұның сыртында  блогерлер мен қайырымдылық танытқандар да барын зардап шеккендерге үлестіріп отыр.

- Зардап шеккен 2552 отбасыға 100 АЕК мөлшерінде көмек төленді, әлі де жалғасып жатыр. Бұл қаражат өзге қаладан пәтер жалдауға мүмкіндік, - дейді аудандық әкімшілік.


БАСПАНАЛАРЫНАН АЙРЫЛҒАНДАР

Су тасқыны салдарынан 226 бизнес нысаны зардап шексе, 2800  үй бүлінген. Тіпті оның ішінде саман кірпіштен салынған кейбір үйлер қирап қалған. Баспанасынан айрылған көпшілік наразы күйде. Егер өтемақы қолға тисе, басқа қалаға көшеміз деп бекініп отырғандар да жоқ емес.

Су тасқыны болғаннан бері ауданда жұқпалы ауру, ішек инфекциясы, вирустық гипатит, іш сүзегі тіркелмесе де канализация, зираттарды шайып кетуі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. 


- Автожолшылар ықшамауданы мен С. Датов көшесінің тұрғындарымыз. Екі көшені түгел су басты, көрініп тұрғандай. Бізге бір метрден астам су келгендіктен баспанамызды тастап кетуге тура келді. Үйге түгел су кірді, жеке техникалар суда қалып істен шықты... Жалпы біздің талабымыз мынау, суға кеткен үйлер толықтай жарамсыз деп танылып, әрбір үйдің шаршы метріне 400 мың теңгеден ақша төленуі тиіс. Жылыой халқының несиесі толықтай кешірілуі керек деп есептейміз, - дейді қоғам белсендісі Дайрабай ЕЛДЕСБАЕВ.

- 2008 жылы салып бітіргенмін бұл үйді. Тасқын кезінде жұмыста болып, үйде бола алмадым, жолдасым ештеңені алып үлгермеген, заттарымен түгел суға кетті. Мына үй енді тұруға келмейді, иісті байқап тұрған боларсыз - адам дем алу мүмкін емес, тұншығасың. Ішкі қабырғалар жарылып жатыр, бұл үй мүлдем тұруға келмейді, жарамсыз. Үйді жөндеп береміз деп жатыр екен, оған келіспеймін. Қазір төрт баламмен жұбайым бір бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз, - дейді Русланбек ДҮЗБАЕВ.

- 2013 жылдан бері осы үйді салғанымызбен ішкі жұмыстары бар еді, өткен жылы есіктерін ауыстырып, түсқағаз жапсырып толық бітірдік деп отырғанбыз. Енді мынадай жағдай орын алды, бар дүние кілкіген су астында қалды. Мына тұрған есіктер, тоңазытқыш, кір машинасы, газ плитасы, төсеніштерге шейін несиеге алғанбыз. Несиеміз өтелмеген күйінде бәрі суға кетті. Күні бүгінде несие төлеуді үш айға шегергенмен бәрібір төлейтініміз анық қой. Далада тұрған көлігіміз де жарамсыз болып қалды, бала-шағамыздың амандығы болмаса баспанасыз қалып қаңғырып қалдық. Бес баламның екеуі оқуда, үш баламен, жолдасыммен бірге қазір 70 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ол пәтерді неше айға жалдайтынымыз белгісіз, жалдау құны өсіп жатыр. Сондықтан келген шығынды тезірек анықтап үй бере ме, әйтеуір тезірек бір жағына шығарып берсе дейміз, - дейді Нұрбол СИСЕНБАЕВ.

Тұрғын Нұрхат СҮЙІНҒАЛИЕВ те зардап шеккендердің бірі. Оның үйінің жарлас бөлмесі құлап қалған, тіпті үйдің ішінің көгіс тартып жатқанын, несиеге алған заттарының өтелмегенін, суды құрғатқанына бір апта өтсе де үйді қарап, бағалайтын комиссияның кешігіп жатқанына шағымданды. «Достық» ықшамауданының тұрғындары Тілепберген ҚОШҚАРБАЙҰЛЫНЫҢ үйі түгі қалмай құлап қалғандықтан отбасымен тентіреп далада қалғанын, уақытша тұруға вагон, киіз үй сұраса, Аманжан ЖЕТІБЕКОВДІҢ  де жалғыз баспанасы құлап қалған. Тіпті қоныстанғанына екі ай болмай жатып су астында қалған, болмаса қымбат мүліктерінің ештеңеге жарамай қалғанына ызаланған жұртшылық жетіп артылады. Несиеге салынған үйлер, несиеге алынған мүліктері өтелместен суға кеткен.       

- «Атырау» ықшамауданындағы қызым мен баламның, өзімнің, сіңлімнің, анамның үйлерінен үйден бөлек, коммерциялық нысандағы бес дүкен түгел суға кетті. Эвуакациямен Бейнеуде болғанбыз. Қызым өткен жылы несие алу арқылы баспанасын бітіріп алғаны не керек, бір жыл болмай жатып түгел су астында қалды. Іргетасына су кеткендіктен қабырғалар жарылып жатыр, ламинаттар мен несиеге алынған жап-жаңа мүліктері түгел жарамсыз. Өз үйім әлі суда тұр, заттарымыз су бетінде қалқып жүр. Анамның үйі құлап қалды, дүкендегі азық-түлік, тоңазытқыштар түгел пайдаға аспай қалды. Түгел отбасы, туыстар бәріміз далада қаңғырып қалдық, жалдайтын пәтер таба алмай отырмыз, несиелер қалай өтеледі, үйлеріміз қалай бағаланады, білмейміз, басымыз қатты. Бұл үйлер түгел тұруға келмейді, үйдің қасынан зираттан ағып келген мүрдені шығарып алды, олардың зияндылығы жоқ па, канализацияның боқтық суы үйлердің ішіне кіріп кеткен, ол ауру тудырмасына кім кепіл? - дейді Күләш МАШЕНОВА ызалы күйде.  

- Х. Қабдешев көшесіндегі көпқабатты 40 және 18 пәтерлік үш үйдің тұрғындарымыз. Бұл үйлердің бірінші қабатына су кіргендіктен бұл баспана жарамды ма, жарамсыз ба комиссия анықтап беруін өтінеміз. Негізі бұл үйлердің пайдаланғанына 50 жылдан астам  уақыт өткен, апаттық жағдайға жеткен дегенді әкімшілік айтқанымен нақты құжатымыз қолда жоқ. Жертөле түгел суда тұр, басқыштар үгітіліп тесіліп, ал токтары жарамсызданған. Сол себептен егер тұруға жарамды десе үйлерді толықтай жөндеуден өткізіп, ауламызды тазартып берсе дейміз. Біз қазір көпқабатты үй тұрғындары эвакуацияда Теңіз кенішінде жатырмыз, - дейді Х. Қабдешев үй тұрғындары.

Гүлсім СИСЕКЕНОВАНЫҢ үйі түгел құлап қалған. Шатыры ғана көрінген үйінен дым қалмаса да айналшықтап келіп тұрады екен.

Баспаналары суға кеткен үй тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Несиеге салынған үй, несиге алынған мүліктерін өтей алмай тұрып, топан судың ортасында қалуынан жыларман болғандардың айтары көп. Енді арнайы комиссия шығып, үйлері мен заттарын әділ бағалануын талап етіп отыр.


БАҒАЛАУ МЕН САРАПТАУ

Зардап шеккен тұрғындардың бүлінген баспанасы мен мүлкін бағалау және өтеу жөнінде арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы аудан әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВПЕН тілдескенбіз.

- Баспана мен үй мүліктерін бағалауда 12 нүкте бар, олардың құрамында сарапшылармен бірге халық арасынан өздері сенім артқан азаматтар да тартылып отып. Құжат тапсыру кезінде үйлерін рәсімдемегендерге көмек беру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы көмектесіп жатырмыз. Комиссия №1, 9, 18, 20 мектептерде орналасқан. Жалпы 2900-ге жуық үй зардап шекті деп отырмыз, соның 2500 үй иелерінің құжаты қабылданды. Одан бөлек мүліктері де өтелетін болады. Үй құжаты жоқ болса көршілерінің қолхаты арқылы, малы мен көліктері бағаланады. Көпқабатты үйлерге мемлекет тарапынан бөлек техникалық сараптама (жертөлеге су кету, қабырға жарығы, т. б.) жүрмекші. Егер көпқабатты үй тұруға жарамды болса, онда жөндеуге қаржы бөлінеді. Бағалау кезінде анықталған мердігер мекеме техникалық сараптаманы жан-жақты жүргізеді. Бағалау жұмысы басталып кетті.

- Зардап шеккен тұрғындарға қай бағытта көмек беріледі?

- Ешкім ескерусіз қалмайды. Баспанасы бүлінгендерге үш бағытта көмек ұсынылады, бірінші үйін жөндеп беру (бағалау шығынына орай), екіншіден тұрғын үй салып беру (80-160 шаршы метр аралығында болады), үшінші - үйді сатып алып беру. Үйді тек қана Атырау облысынан сатып ала алады, қолма-қол ақша берілмейді. Үйді өзі таңдайды, қаржы үй сатушының есепшотына аударылады. Егер ақша қолға берілсе, басқа мақсатта жұмсалып, баспанасыз қалуы мүмкін. Мысалы, көлік сатып алғысы келеді немесе басқа да мүліктерге жұмсап жіберуі мүмкін ғой. Қалай еткенде ешкім де баспанасыз қалмайды.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА        

24 сәуір, 22:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.