Атырау, 23 қараша 19:49
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мальта соты Рахат Әлиевтің дүние-мүлкiн тұтқындау және одан ешқайда кетпеу жө­нiнде қолхат алуға ше­шiм шығарды

1 926 просмотра
Мальтадағы президенттiң бұрынғы күйеу­баласы Рахат Әлиевтiң басына қара бұлт үйiрiлдi. Естерiңiзде болса, ол Мальтада күнге қыздырынып, демалып жатқан жоқ. Осыдан жетi жыл бұрын елден қашып шығып, шетелде бой жасырған Рахат Әлиевтiң қазiргi тегi Шораз. Сонымен Рахат Шораздың басына не күн туды? 
 
Forbes.kz ақпарат агенттiгiнiң хабарла­уынша, экс-күйеубаланың Мальтадағы дүние мүлкi тұтқынға алынды. Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуi Рахатты заңсыз ақша жымқырды деген күдiк бар кө­рiнедi. Мальталық судья Майкл Малья Р.Шораздың дүние-мүлкiн тұтқындау және одан ешқайда кетпеу жө­нiнде қолхат алуға ше­шiм шығарды.
 
Р.Шораз шетелде де бейшараның күйiн кешiп жатпағаны бел­гiлi. Сот шешiмiнде оның екi бiрдей компаниясы мен банктiк есепшоттары болғаны көр­сетiлген. Тергеушiлер мен банкке сот шешiмiнде осы мәселеге байланысты тексеру жұмыстарын жүргiзу қатаң тапсырылды.
 
Берлинде Р.Әлиевтен жәбiр көргендердiң шағымданатын DSRB адвокаттар кеңсесi бар. Соған келiп-кетушiлерден жеткен ақпараттарға қарағанда, президенттiң экс-күйеубаласының былығы аз емес көрiнедi. Сот шешiмiнде Шораздың меншiгiне қарасты көлiк, яхта, ұшақтардың да Мальта аумағынан шығып кетпеуiн тапсырған жолдар бар. Көлiктiк әкiмшiлiкке тапсырыл­ған бұл үкiмде егер аталған меншiктiк мүлiктер елден тыс шығып кеткен жағдайда Бас прокуратуға iздеу салуға бұйырылатыны да ескертiлген. 
 
Мальталық судьяның бұл ескертуi тегiн емес. Себебi бұрын “Алекссандра” деп аталған яхтаның қазiр “Джулианна” деп өзгертiлгенi мәлiм. Бiлетiндердiң айтуынша, яхтаның атауы Шораздың қазiргi қызы Джулианнаның құрметiне қойылыпты. Ал сот шешiмiнде көрсетiлген екi компания яхталарды экспорт­қа шығарумен айналысады. Қазiргi кезде белгiлi болғанындай, осы екi компания да басқа бiреулердiң аттарына тiркелген. Қаржы жымқырды деген күдiкпен шағымданған немiстiң адвокаттық компаниясы Шораздар әулетi заңсыз жолмен тапқан ақшаларын белгiлi бiр тәсiлмен жүзеге асырып келген деп болжап отыр. Р.Шораздың шетелде де “тыныш жатпауына” әйелi Эльнар мен оның әкесi Әбу-ұлы көмектескен. Бұл туралы DSRB адвокаттық компаниясының өкiлдерi мен доктор Данкерт мальталық бас прокуратураға жолдаған шағымдарында егжей-тегжейлi баяндапты.
 
ФРГ тергеушiлерi Крефель қаласындағы «Metalwerke Bender Reinland GmbH» металл өңдеу компаниясын да нысандарына алған. Өйткенi адвокаттардың пайымдауынша, миллиондаған долларлар осы компанияның есепшотына белгiсiз компаниялардан аударылып, кейiнiрек Әлиев пен Шораздардың жеке есепшоттарына жiберiлiп отыр­ған. Осы ақшаларға Шораздар тұрғын-үй, яхта сатып алып, мальталық ықпалды кәсiпкерлермен бiрлесiп өз кәсiптерiн де дөңгелендiргенi жөнiнде болжам бар.
 
Қазақстанды қан қақсатып кеткен Р.Әлиев Мальтада да мәз болмаған сыңайлы. Оның үстiне қазiргi әйелiне қарап, “апама жездем сайдың” керi ме дерсiң. Егер мальталық сот органдары межелi уақытында әлгi қылмыстардың бетiн ашса, Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласының шаруасы шатқаяқтары анық.
 
Дереккөз: zhasalash.kz
11 маусым 2013, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.