Атырау, 12 мамыр 02:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

«Азияның геокеңістіктегі рөлі артып келеді»: сарапшы Президенттің стратегиялық саясатының тиімділігі жайлы

313 просмотра

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елдермен қарым-қатынасты нығайту саясаты қарқынды жүзеге асырылып келеді. 28-29 наурызда Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапарында бірқатар бастамалар айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент Хайнань провинциясында өткен Боао Азиялық форумында жалпы Азия өңірінің дамуы мен қазақ-қытай қарым-қатынасының маңызды бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, біздің ел Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық өткізу пунктіне айналды. 

«Қытайдың Еуропаға бағыттаған жүгінің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл басымдықты біз барынша пайдалануымыз керек. Біздің стратегиялық инвестициямыз қазіргі заманғы модальдық инфрақұрылым құруға бағытталған», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент биыл әлемдік ЖІӨ өсімінің 67%-дан астамы Азияға тиесілі болатынын айтты. Бұл Азия өңірінің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы, Қазбек Майгелдинов Боао Азиялық форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қонақ ретінде шақырылды.

«Президент форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Жалпы бұл форумның маңыздылығы өте жоғары. Себебі Президент атап өткендей, қазіргі таңда Азияның қайта өрлеуі дәуірінде осы аймақ елдерінің экономикалық, саяси тұрғыдан әлемдік геокеңістіктегі рөлі артып келеді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Боао Азиялық форумы платформасының ынтымақтастық алаң ретіндегі маңыздылығын атап өткен болатын. Сонымен қатар бүгінгі таңда Қытайдың жаһандық дамуға деген қосып жатқан үлесі туралы атап өткен жөн», - дейді ол.

Саясаттанушы атағандай Қытай әлем бойынша қазір екінші экономика болып есептеледі.

«Қытай қазір экономикалық тұрғыдан дамыған алпауыт елдердің қатарында. Қазақ-қытай қарым-қатынасына келетін болсақ, Президент атағандай, Қытаймен достық біздің мемлекет үшін басымдық болып есептеледі. Оған бірқатар себеп бар. Ең бастысы – әлемдік экономикалық тізбектен қалыс қалмау. Әсіресе, Азия мен Еуропаның ортасындағы ел ретіндпе тек дәліз емес, байланыстырушы басты артерияға айналу Қазақстан үшін маңызды. Бұл транзиттік әлеуетті арттыру үшін, тауар айналымын күшейту мен елге инвестиция тарту бағытында тартымды. Сондықтан Президент өз сөзінде Қытайдың тиісті ведомстволарымен қазақстандық ведомстволар арасында тығыз ынтымақтастық одан әрі арта беретіні туралы айтқан болатын», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, бүгінде қазақ пен қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың жаңа алтын 30 жылдығы. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр Қытайға мемлекеттік сапармен барған кезде Қытай төрағасы Си Цзиньпин атап өткен болатын.

«Екі ел арасында екіжақты қарым-қатынастың жағдайы ерекше. Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасы аясында еліміз басты әріптес екені белгілі. Ол географиялық орналасуымызға байланысты. Осыдан 10 жыл бұрын жоба Астанада бастау алды. 10 жылдық қорытынды бойынша арнайы форум да өткен болатын. Соның аясында еліміз жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайту саласында тиісті іс-шараларды атқарып жатыр», - деді Майгелдинов.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытайдың инфрақұрылымдық байланысын одан әрі арттыру үшін де жаңа жобалар іске асырылып жатыр.

«Мәселен, Абай облысында «Бақты-Аягөз» жаңа темір желісінің құрылысы басталып кетті. Қытаймен үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. «Бақыт-Қорғас» құрғақ портының ашылуы көзделіп отыр. Сонымен қатар қазақ-қытай арасында сауда көлемі арта беретінін айтып өткен жөн. 2023 жылы 30 жылдағы ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Қазіргі таңда тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Сауда қатынасы бойынша Қазақстан үшін Қытай бірінші орынға шығып отыр», - дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас инвестициялық, энергетикалық, сауда-интеграциялық, инфрақұрылымдық, экономикалық ынтымақтастық деңгейінде әрі қарай дами бермек.

«Қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы қарым-қатынас B2B кездесулер арқылы өңрлік деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе, екі ел арасындағы сауда қатынасының Шыңжан өлкесі мен біздің 4 облыс арасында тікелей жүріп жатыр. Шекаралас аймақтардағы ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріледі. Сондықтан қазақстандық өндірушілер үшін мүмкіндіктер өте көп. Соңғы көрсеткіштер бойынша қазақстандық агроөнімдердің 135 атауының саудасын қамтитын қарым-қатынас дамып жатыр. Қытай тарапынан да еліміздің мұнай-химия, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алған кезде өзара әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту өзара жалғасады», - дейді ол.

Қазбек Майгелдинов биыл жарияланған Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы жеміс беретінін атап өтті.

«Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аясында еліміздің туристік әлеуетін арттыру бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылады деп ойлаймын. Еліміз үшін Қытайдан келетін туристер санын көбейту маңызды. Қытай туристері елімізге жаңа ақша толқынын алып келетіні түсінікті. Бұл тек қызмет көрсету саласы ғана емес, жергілікті өнімдердің, бизнестің, азаматтардың сауда деңгейін көтереді. Қытай туристерінің сатып алу мүмкіндігі жоғары», - деп түйіндеді сарапшы.


1 сәуір, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.