Атырау, 27 сәуір 10:43
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Әрбір адам МӘМС жүйесін сауатты пайдалануды үйренуге тиіс - дәрігер

381 просмотра

Қазір қоғамда МӘМС жүйесі жиі талқыланып, «МӘМС қажет пе?» деген сұрақтар қойылып жүр. Осы орайда бұл сұрақты және МӘМС төңірегіндегі бірнеше сауалды жоғары санаттыневропатолог-эпилептолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Алтынай Елубаеваға қойған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ.

- Медицина саласында тәжірибесі мол мамансыз. Бізге МӘМС жүйесі керек пе?

- Ұзақ жылдар бойы науқастармен жұмыс істеген невропатолог-эпилептолог маман ретінде айтарым: «МӘМС жүйесі міндетті түрде керек!» Әсіресе, күрделі сырқатпен ауыратын науқастар үшін керек. Олар жиі тексеруден өтіп, ұзақ уақыт емделуді, тіпті кей жағдайда жоғары технологиялық әдіспен жасалатын оталарды қажет етеді. Ал, енді ойлап қараңызшы, ота мен емнің, әр тексерудің ақысын өз қалтасынан төлесе, науқас үшін салмақты жүктеме болар еді.

- Ендеше артықшылықтары қандай?

- МӘМС жүйесі енгізілгелі бері КТ, МРТ, жоғары технологиялық медициналық, консультациялық-диагностикалық қызметтерді, салалық дәрігер-мамандардың кеңесін алу мүмкіндігі артты. Сол секілді ЭЭГ мониторингтен де МӘМС аясында жолдама арқылы тегін тексеруден өтуге болады. Пациенттердің табысы мен МӘМС үшін төлеген жарна мөлшеріне қарамастан, барлық тексерулер мен емдеу шараларының шығындары медициналық сақтандыру есебінен төленеді.

- Өз салаңызға қатысты айтып өтсеңіз...

- Бүгінгі күні Қазақстан бойынша эпилепсия диагнозымен 92 мыңнан аса науқас есепте тұрады. Әрине, олардың бәріне де ұзақ мерзімді бақылау, емдеу, қымбат тұратын тексеру әдісі – ЭЭГ мониторинг қажет. Аталған тексеру әдісі арқылы ең алдымен емнің нәтижелігін қараймыз. Сондай-ақ ЭЭГ мониторинг дәрілік препараттарды ауыстыру немесе тоқтату кезінде де жасалады. Сонымен қоса, пациенттер емделу барысында мұндай тексерулерден 3 айда немесе 6 айда бір рет өтіп отырады. Осы маман қадағалауындағы тексерулер мен емдеу шараларының барлығы қазір МӘМС аясында тегін жасалады.

- Жолдаманы емхана бере ме?

- Иә. Жыл өткен сайын емхана жолдамасы арқылы Неврология және эпилептология орталығынан, МӘМС бойынша маман-дәрігер кеңесін алып, ЭЭГ мониторингтен, УДЗ, т.б. тегін тексеруден өткен пациенттер саны артып отыр. Бұл – тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің ақпараттандырылуынан деп ойлаймын, бұл науқастар үшін жақсы. Себебі, ЭЭГ мониторинг (оның ішінде тәулік бойғы да бар) жүргізу – құны қымбат медициналық қызметтердің бірі, МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалуда. МӘМС жүйесі медициналық қызметке жүгінгенде азаматтардың мемлекеттік медицина ұйымдарымен қатар, жекеменшік клиникаларды да таңдау құқығын беріп отыр (тек жекеменшік клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған ұйымдар тізімінде болуы тиіс). Бұл пациенттер үшін өте ыңғайлы, себебі, пациенттер бұрынғыдай кезегін күтіп бір емхананы күтпейді, олар МӘМС жүйесі арқылы таңдаған емханаларына қарала алады. Сондықтан МӘМС жүйесін қолдауымыз керек, пациенттер мен медицина қызметкерлері МӘМС жүйесін сауатты пайдалана білуге тиіс.

Естеріңізге саламыз, 2024 жыл басында Қор медициналық көмек көрсетуге 263,5 млрд теңгеден астам сомаға Астана қаласындағы 175 денсаулық сақтау субъектісімен келісімшартқа отырған. Қордың медициналық қызмет жеткізушілерінің тізімін fms.kz сайтының «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінен табуға болады.

Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, емделушілер Медициналық сақтандыру қорына кері байланыстың ресми арналары арқылы жүгіне алады: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @saqtandyrybot телеграмботы, 1414 байланыс орталығы, қордың fms.kz сайтынан толығырақ ақпарат алуға болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

20 наурыз, 08:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.