Алма Шалабаева қызы Алуамен бірге. Фото: Facebook.comҚазақстанның құқық қорғау органдары Мұхтар Әблязовтың әйелі Шалабаеваның төлқұжаттарды заңсыз жасау қылмысына қатысын тексеруде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында Бас Прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Мамырдың 28-нен 29-на қараған түні италия полициясы Рим қаласы маңындағы жорамалды тұрып жатқан жерінде Әблязовты анықтау мен ұстау шаралары кезінде оның жұбайы - Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы - Алуа Мұхтарқызын анықтады. Тексеріс кезінде полиция Шалабаеваның Италия аумағында Орталық Африка Республикасының «Аян Алманың» атына берілген көрінеу жалғандық белгілері бар төлқұжатымен жүргенін анықтады. Алма Шалабаева Қазақстан азаматы екендігін айтқан соң, оны Қазақстанның Италиядағы Елшілігі растағаннан кейін, Италия үкіметі Шалабаева мен оның қызын Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады», - деді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, осы ретте «әйелі мен қызының құқықтары мен бостандығының Италия құзыретті органдары тарапынан бұзылғаны туралы Әблязовтің барлық мәлімдемелері негізсіз деп табылады».
Шалабаева қызымен Қазақстанға 1 маусымда депортацияланды.
«Италиялық құқық қорғау органдары Әблязовты анықтау мен ұстау бойынша шараларды жалғастыруда. Бұрын қазақстандық құқық қорғау органдары Әблязовтың туыстарына, оның ішінде Шалабаева мен оның қызына, олар Қазақстан аумағында болмаған кезде, ұлттық төлқұжаттарды заңсыз жасау мен беру фактілерін анықтаған болатын. Бұл дерек бойынша атыраулық көші-қон полициясы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қазіргі уақытта сотта қаралуда. Бүгінгі таңда тергеу Шалабаеваның аталған қылмысқа қатысын тексеруде, оған ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп толықтырды Бас Прокуратураның ресми өкілі.
Шалабаеваның өтініші бойынша, тұрғылықты жері ретінде Алматы қаласы белгіленген. Оның аумағынан ол тергеушінің рұқсатынсыз кете алмайды.
«Тергеу органдары ел Конституциясы мен заңдары кепіл беретін оның заңды құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін болады», - деп атап өтті Н.Сүйіндіков.
Дереккөз: bnews.kz