Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
«А» корпусының кадр резервіне іріктеу өткізу қағидаларына сәйкес құжаттарды қабылдау биылғы 3 сәуір мен 3 мамыр аралығында жүзеге асырылды. Жалпы 224 кандидат құжаттарын тапсырды, олардың 511-і «А» корпусына өткен лауазымдарда жұмыс атқаратын мемлекеттік қызметшілер, 166-сы өзге мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ 447 мемлекеттік қызметші болып табылмайтын кандидаттар»,-деді Ә. Бәйменов.
Оның сөзіне қарағанда, үміткерлердің 14 пайызы әйелдер. Арнайы біліктілік талаптарына құжаттарының сәйкестігін қарау қорытындысы бойынша 1851 кандидат тестілеуден өтуге лайықты деп табылды.
«15-27 мамыр аралығында «А» корпусының кадр резервіне кандидаттарды тестілеу жүргізілді. Оған қатысқан 1787 кандидаттың 499-ы «А» корпусының қызметшілері, 931-і өзге мемлекеттік қызметшілер, 357-сі мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалар. Ал 64 кандидат тестілеуге келген жоқ. Осылайша тестілеуден өткендердің 72 пайызын «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын азаматтар құрады. Атап айтқанда, 1124 (62,9 пайыз) кандидат шекті мәнді еңсеріп, тестілеуден табысты өтті. 663 кандидат шекті мәнді жинай алмады. Енді олар іріктеудің келесі кезеңіне жіберілмейді»,-деді агенттік басшысы.
Айта кетейік, тестілеу барысында 100 балды толығымен 15 кандидат жинаған. Тестілеу бағдарламасына мемлекеттік қызмет саласындағы 10 заңды білуге арналған сұрақтар енгізілді.
Дереккөз: "ҚазАқпарат"