Атырау, 11 желтоқсан 05:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қаңтарға байланысты ҰҚК мен ІІМ-нің 34 қызметкері сотталды

1 004 просмотра

Қаңтар оқиғасы бойынша ІІМ мен ҰҚК 42 қызметкеріне қатысты 12 қылмыстық істің тергеуі аяқталып, сотқа жіберілді. 10 іс бойынша ІІМ-нің 22 қызметкері мен ҰҚК-ның 12 қызметкері сотталған. Қазір Алматы облысында төрт полицейдің үстінен, Алматы қаласы Алмалы ауданының үш полицейінің үстінен екі іс сотта қаралып жатыр. Бұл туралы "Власть" сайты бас прокуратураға сілтеме жасап хабарладыдеп жазады Azattyq.org.

Прокуратура "Власть" сайтына Қаңтар оқиғасынан соң азаптау фактісі бойынша 19 қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Бұл азаптау фактілері Алматы қаласында (12), Талдықорғанда (3), Семейде (2) және Өскемен мен Атырауда (бір-бірден) тіркелген.

Ведомство Қаңтар оқиғасынан соң 5300 қылмыстық іс тіркелгенін, 1419 адам сотқа тартылып, оның ішінде 1396 адам сотталғанын, жеті адам ақталғанын, 16 адамның ісі тоқтағанын хабарлаған. 1198 адам амнистияға ілінгені, соның ішінде 1097 адамның жаза мерзімі қысқарғаны айтылды.

Жауапқа тартылған, сотқа тартылып жатқан орган қызметкерлерінің есімі аталмаған.

2022 жылы қаңтарда сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, кемінде 238 адам қаза болған. Қаңтар оқиғасы кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев органдар мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық беріп, бейбіт тұрғындар да оққа ұшқан.

Қаңтар қырғынынан соң қамалғандар кейін түрмеде азапталғанын айтқан. Полицейлер мен орган қызметкерлері ұсталғандарды ұрып, үтікпен азаптағаны белгілі болған.

2022 жылы желтоқсанда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы "Қазақстан билігі кемі 238 адамның өмірін алған, адам құқығы өрескел бұзылған" Қаңтар оқиғасын "тиімді тергей алмады" деп мәлімдеді. Ұйым мәлімдемесінде Астана Қаңтар оқиғасында адам шығынына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға құлықсыз деген.

Сарапшылар Қаңтар қантөгісінен бері екі жыл өтсе де, Қаңтардың негізгі сұрақтарына жауап берілмеді деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі мен азаптау бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ал билік "Қаңтар біржақты тергелді" деген сынмен келіспейді. Ресми Астана Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан.

8 қаңтар, 23:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.