Атырау, 28 сәуір 23:49
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Екі жылға жуық уақытта 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

514 просмотра
Фото: facebook.com/bauyrzhan.serikbayev

Ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның мүмкіндігі мол. Ең көп тұтынушы халқы бар нарықтың бірі де іргемізде орналасқан. Қуантарлығы, қазір елімізде ауыл-аймақтағы халықтың мал, егін шаруашылығымен айналысқысы келетін белсенділігі артты. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ, ауыл халқын толғандырған сұрақтардың бірі шабындық, егістік жер мәселесі. Бұл туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аймақтарда өзекті болған бұл мәселені шешуді Мемлекет басшысы арнайы тапсырған болатын. Президент өз жолдауында ауыл шаруашылығында өңделген өнімнің үлесін 70% жеткізу туралы да бастама көтерді.

«Осы мақсатта 2022 жылы «AMANAT» партиясының жанынан «Жер Аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссияның аймақтық филиалдары да ашылып заңсыз алынған, пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Нәтижесінде екі жылға жетпес уақытта 10 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл үлкен көрсеткіш. Әрбір өңірмен табанды түрде жұмыс істеген қыруар еңбек. Меніңше, «Жер Аманаты» еліміздегі сәтті іске асырылып жатқан бастамалардың бірі. Мұның бірнеше себептері де бар: Республиканың тұтас аумағын қамтыған іс жүйелі, ауқымды жұмысты талап етеді. Мысалы, орталық, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өзара үйлесімді жұмыс атқаруы, халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың әрбірінің әділ жолмен шешілу процесі республика аумағында эффективті жұмыс істеуі тиіс. Ауқымды жұмысты іске асыруда партия төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мырзаның ұйымдастыру қабілеті де маңызды фактор ретінде көрінді», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әрбір аудан мен қалада, облыс орталығында орналасқан партия филиалдарындағы тәжірибелі кадрлық құрамның ролі, партиялық ресурс та барынша оң ықпал етті.

«Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, жергілікті белсенді азаматтар, маслихат депутаттары комиссия құрамына барынша тартылып, мәселенің әрбір өңірде нақты іспен шешілуіне үлкен серпін берді. Президент тапсырмасымен іске асып жатқан бұл қадамдардың негізгі мақсаты - заңсыз алынған, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін халыққа әділ бөліп, активті экономикалық айналымға түсіру. Жерді игеріп, елдің әл-ауқатының артуына баршаға тең әрі әділ мүмкіндіктер қалыптастыру», - деп атап өтті саясаттанушы.

Сарапшының жазуына қарағанда, бүгінгі таңда мемлекетке қайтқан 10 миллион гектар жер сатылап ең бірінші кезекте сол аймақтағы ауыл тұрғындарына беріле бастады. Бүкіл процесс қоғамға ашық болуы үшін «Жер карта» арнайы платформасы іске қосылды. Азаматтар мемлекетке қайтарылған жерлерді онлайн режимде көріп, бақылай алады. Партияның қоғамдық қабылдауларына жер мәселесімен ел тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар да жүйелі түрде шешіліп келеді.

«Әрине бұл салада әлі де шешілуі тиіс шаруалар жеткілікті. Пайдаланылмай жатқан жерге қатысты өңірлерде халықты алаңдатқан мәселелер де баршылық. Алдағы уақытта шабындық, егістік жер мәселесіне қатысты партияның жүйелі түрде атқарып жатқан жұмысы әрмен қарай да белсенді жалғасады деп сенеміз», - деп сөзін аяқтады Бауыржан Серікбаев.


23 желтоқсан 2023, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.