Атырау облысы Индер ауданының орталығы Индербор кентінің тумасы Тимур ҚҰРМАНОВ кәсіби каскадер – фильмдердегі күрделі де қауіпті трюктерді орындаушы. Ол көптеген фильмнің түсіріліміне, соның ішінде әйгілі американдық киножұлдыз Виола Девиспен бірге «Жауынгер патшайым» фильмінде Брюс Лидің түпнұсқа идеясына негізделген «Жауынгер» американдық экшн сериялының үшінші маусымына қатысқан. Оның соңғы жұмыстарының бірі - Netflix-тің «One Piece» атты танымал анимэсіне қатысуы.
Тимур 1975 жылы дүниеге келген, Байұлы-Беріш руынан. Балалық шағы туған ауылында, ал жастық шағы Ақтөбедегі Хромтауда өткен. Сол жерде мектеп бітіріп, Жұбанов атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Институтта студент жекпе-жек өнеріне - кикбоксингке, боксқа және тхэквондоға қызығушылық танытады. Ал бала кезінде еркін күреспен де айналысқан. Тимур тхэквондодан әлем және Еуропа чемпионы. Ол 5-дан 3 қара белбеудің иегері.
«МЕНІ КИНО ӘЛЕМІНЕ СПОРТ ЖЕТЕЛЕДІ»
– 2004 жылы мен чемпион атанған Архангельскіде өткен тхэквондодан әлем чемпионатында Оңтүстік Африкадан да команда болды. Оларға біздің техникамыздың ұнағаны сонша, біздің команда спаррингте өнер көрсеткеннен кейін олар менің бапкерімді Африкаға шақырды; Ол кезде мен Ақтөбе федерациясының вице-президенті болатынмын, одан кейін шақырту бойынша мен де бардым, – дейді Тимур.
2007 жылдан бастап ол Оңтүстік Африка Республикасында тұрады, Үнді мұхитының шығыс жағалауында орналасқан Дурбан қаласына жақын жерде Квазулу-Натал провинциясының Этеквини округінде бапкер болып жұмыс істейді. Ол жерде көптеген Голливуд фильмдері экзотикалық африкалық ландшафтарда түсіріледі. Кейбір фильмдерде біздің Тимур, әлдебір тайпаның жауынгері ретінде найзамен, африкалық кукри пышақтарымен шайқасады; кейде оны мина жарып жіберген гангстер джипінің жарылыс толқыны алып кетеді; бірақ ол көбінесе жекпе-жек өнерін көрсетеді, арасында кейіпкері өледі. Жалпы, жерлесіміздің күнделікті өмірі жерлестерінің тұрмысынан сәл өзгешелеу.
Сұхбат Кейптаундағы тактикалық дайындық курстарына байланысты бірнеше күнге созылды. Тимур алдағы уақытта арнайы жасақ сарбазының рөлін сомдайтын боевик фильмінің түсіріліміне әзірленіп жатыр екен. Сондықтан оның бүкіл күні минутына дейін жоспарланған. Бұл оның өміріндегі алғашқы сұхбат екен. Туған жерінде өзіне қызығушылық танытып жатқаны ол үшін өте маңызды болды. Уақыт белдеуінің айырмашылығы мен жұмысының көптігіне қарамастан сұхбатты жауапкершілікпен қабылдады.
КЕЙПТАУНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
«Осы жерде, Дурбанда өзімнің жекпе-жек өнері орталығын аштым, ал фильмге түсуді менің хоббиім деуге болады.
...Шынымды айтсам, кинематография саласына кездейсоқ келдім. Фейсбукта Ерден ТЕЛЕМІСОВ деген досым бар, өзі актер, каскадер. Ол өз жазбаларының бірінде Кейптаун қаласында екенін айтқан еді. Қазақстандық жерлесім, менен небәрі екі мың шақырым жерде екен! Оны көріп, амандасу мүмкіндігін қалай жіберіп алайын? Үйден жырақта жүргендер мені түсінеді.
Мен оған хабарлама жаздым, ол бірден жауап берді. Сол күні билет сатып алып, Кейптаунға ұшып кеттім. Бұл Оңтүстік Африканың оңтүстік-батысындағы порт қаласы. Әлеуметтік желідегі дос болсақ та, қазақша жылы қарсы алды. Сол жерде Кейптаунда «Жауынгер» сериалының екінші маусымына қатысып жатқаны белгілі болды.
Білмейтіндер үшін «Жауынгер» - Брюс ЛИДІҢ түпнұсқа идеясына негізделген американдық экшн сериал, ал атқарушы продюсері - атақты жекпе-жек шеберінің қызы, өте дарынды актриса әрі сценарист Шеннон ЛИ.
- Жігіттер соңғы түсірілім күнін атап өтіп, мені шағын банкетке шақырды. Сол жерде мені халықаралық команданың атақты каскадерлерімен таныстырды, ол жерде қазақстандық Nomad Stunts каскадерлар тобының өкілдері де болды. Оңтүстік Африкада үлкен жобалар түсіретін қуатты Cape Town Film Studios компаниясы бар екені маған жаңалық болды. Ал, керек болса! Мен Оңтүстік Африкада 12 жыл өмір сүрсем де, естіп көрмеппін... Әрине, бұған қызығушылық білдіріп, каскадер достарымның жеке парақшаларына жазылдым. Олардың жобаларын бақылап, кино әлеміне деген қызығушылығым арта түсті, - деп еске алады Тимур.
ТРЮКТЕР ӘЛЕМІ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЭФФЕКТІЛЕР
– Содан соң атпен трюк жасау курстарына іріктеу туралы хабарландыруды көрдім. Әрине жазылдым. Іріктеуді Оңтүстік Африкада, Кейптаунға жақын жерде 30 жылдан астам уақыт тұрып жатқан әлемдік деңгейдегі каскадер Эльбрус УРТАЕВ жүргізді. Ол өз саласының нағыз маманы, ол «б.э.д. 10 000 жыл», «Сарышаян патшасы» және басқа да көптеген фильмдерге түсті, Квентин ТАРАНТИНО және басқа да танымал режиссерлермен бірге жұмыс істеген.
«Атпен трюк жасау - бұл жұмыстың жартысы ғана, олармен ортақ тіл табу керек, олар адам сияқты - өзара сенім болуы керек», - деген еді сол кезде маған Эльбрус. Бірақ өз басым бұл мәселеде еш қиындық көрген жоқпын – өйткені мен қазақпын ғой. Бала кезімнен аттың құлағында ойнаймын.
«Патша әйел» фильмінің түсірілімі басталғанын білген соң, түсірілімге қатысқан каскадерлердің жетекшісіне хабарластым. Эльбрус маған риза болып, керемет ұсыныстар берді: осылайша алғашқы жобама кірістім.
Бірден айтайын, оңай болған жоқ. Бұл жерде үлкен бәсекелестік бар, жақсы дайындық керек, ал менің жекпе-жектегі шеберлігім басқа үміткерлерден артықшылығым болды, - дейді сұхбаттасым.
Режиссер Джина ПРИНС-БАЙТВУДТЫҢ «Патша әйел» фильмі Қазақстанның кинотеатрларында көрсетілді. Бұл 1800 жылдардағы шынайы оқиғаны суреттейтін фильм. Агоджи тайпасының өз патшалығын қорғайтын жауынгерлері туралы баяндалады. Оқиға жауынгерлерді өмір салтын түбегейлі жоюға тырысатын жауларымен күресуге үйрететін бөлімше генералы Нанисканың айналасында өрбиді. Фильм түгелдей Оңтүстік Африкада түсірілген және басты рөлді танымал актриса Виола ДЭВИС сомдады.
- Виола өте тартымды әйел екен. Шынымды айтсам, трюктарымды орындау барысында Голливуд жұлдызымен бір алаңда екенімді сезбеген едім. Өз жұмысыма қатты беріліп кеткенмін, өйткені фильм әрекетке толы - төбелес, шабыс. Түсірілімдердің бірінде өте әдемі актриса Шейла АТИМ сомдаған оның көмекшісі Аменза мені өлтіреді. Ол найзасын айналдырып, менің тамағымды "орып жібереді". Оның өте әдемі екені сонша, оның найзасынан қайта-қайта өлуге дайын едім...
Бұл көрініс фильмге кірістірілмеген. Мұндай жағдай болып тұрады. Бірақ мен дубльдердің көпшілігінде бой көрсетемін. Әдетте, фильмді көріп отырған көрерменді трюктары бар әдемі көріністің баурап алатыны сонша, ол әрбір эпизодтың қандай ауыр еңбекпен түсірілетінін ойламайды да. Менің жұмысым актерлық жұмыстан біршама ерекшеленеді. Біз үшін ең бастысы – дағдылар. Каскадерде дағдылар неғұрлым көп болса, соғұрлым ол құндырақ болады. Қазір мен бразилиялық джиу-джитсумен айналысып жүрмін, бұл кедергі келтірмейді; кез келген курс жарияланса, жаңа нәрсені үйренуге тырысамын: мысалы, арқанмен рюк жасау, биіктіктен құлау, атыс қаруымен домалау, мотоцикл жүргізу, көлік жүргізу. Маған бұлар қызық, мұның бәрін үйреніп жүрмін, әлі де көп нәрсені үйренгім келеді. Көптеген жобаларға қатысқаныма қарамастан, әлі де бұл саланы жаңа бастаушымын, - дейді Тимур.
ЖАРЫЛЫС ТОЛҚЫНЫМЕН ҰШҚАН
– Биыл қараша айында менің қатысуымен Devil's Peak деп аталатын фильм жарыққа шығады. Кейптаунда Ібіліс шыңы деп аталатын жер бар, бұл таудағы ғажайып жер. Бұл фильмде мен ганстердің оққағарларының бірімін. Сюжет бойынша оның джипі жарылып, біз, оның оққағарлары өлеміз.
Жарылыс толқынынан әсерлі көрініс түсіру үшін бізді арқанмен байлады, олардың көмегімен төрт метр қашықтыққа ұшып кетуге тиіспіз. Бұл менің мұндай алғашқы тәжірибем әрі бұл қауіпті трюк болып саналады.
Көбінесе, егер құлау кадрға түсірілмесе, каскадёрлар төсеніштерге құлайды. Бірақ бұл жерде көрермен қатты құлаған өте табиғи көріністі көруі керек болды. Кейбір әріптестерімнің жолы болды - олар отынның үстіне, басқалары көгалға құлады, ал мен үлкен тастары бар жерге тап болдым. Иә, менің де жолым болғыш. Жарылыс да шынайы, жалыны және барлық арнайы эффектілері болды. Теріміз күйіп қалмас үшін арнайы гельді алдын ала жағып тастады. Сөйтіп, жарылыс сәтінде бізді арқанмен тартып қалады да, мен жоғарыға көтеріліп, содан соң тарс етіп тастарға құлаймын. Бұл жерде маған жекпе-жекте үйренген – дұрыс топтастыру дағдыларым көмектесті. Мына-а-адай ісік пайда болды, бірақ өзіңіз көріп тұрғандай, тірімін.
Мен сондай-ақ One Piece түсіріліміне қатыстым, бұл Эйитиро ОДА жазып, иллюстрациялаған жапондық манга.
One Piece – Жапонияда өте танымал және бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да жанкүйерлері бар аниме телехикаясы.
..Мұның бәрі өте қызық, қаншама адаммен танысасың. Айта кету керек, каскадерлік жұмыс батылдықты, еңбекқорлықты, төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Менде мұның бәрі бар. Бұл тек өзімді үнемі дамытудың арқасында ғана емес. Біз, қазақтар негізінен өте мықты халықпыз ғой. Бұл біздің қанымызда бар.
Өмірін шығыс жекпе-жегімен байланыстырған адам ретінде мамандығымның қауіп-қатерінен қорықпаймын. Біз, шығыстықтар, ашу, ыза, жеккөрушілік және т.б. сияқты жағымсыз эмоцияларды «еңсереміз». Әрине, мен де жаным бар адаммын, трюк алдында қобалжимын, бұл қалыпты жағдай. Мамандығым бойынша жарақат алу қаупі өте жоғары, бірақ олай болмас үшін көп жаттығамын, ал егер жарақат алып жатсам, демек ол Алланың қалауы, - дейді Тимур.
Каскадерлердің актерларға жасырын реніші бар-жоғын білу де қызық болды. Өйткені, олар үшін барлық ауыр жұмысты жасайды: құлайды, секіреді, жүгіреді, от пен түтіннің арасында жүреді, кейде ауыр жарақат алады. Ал каскадер қанды терін сүртіп жатқанда, келесі кадрда күйе жағып алған батыл жүзді актер жарылысқа бұрылмастан слоу-мо режимінде кетіп бара жатады. Содан кейін оған Оскар береді, қолтаңба сұрайды. Сөйтсек, Тимурдың реніші жоқ екен:
- Джеки Чан мансабын бастаған кезде Брюс Лидің оны камера алдында ұрып, таяқпен соққылағанына ренжіген жоқ қой. Мен неге ренжуім керек? Бұл жұмыс.
«ӘКЕМ - МЕНІҢ ИДЕАЛЫМ»
– Әр адамның идеалы болады ғой. Әкем Сүндет ҚҰРМАНОВ әрқашан менің идеалым болып қала береді. Ал анам, оның есімі Жұмабике, мен үшін махаббат пен нәзіктіктің символы. Әкем өмір бойы автоэлектрик, ал анам есепші болып жұмыс істеді.
Қарапайым отбасында дүниеге келдім: әке-шешем еңбекқорлықты, тәртіпті, әдептілікті бала күнімнен бойыма сіңіріп өсірді. Туған жерге деген сүйіспеншілікті де. Айтпақшы, мен Қазақстан азаматтығынан бас тартқан жоқпын, бұл жерде ықтиярхатпен тұрып, жұмыс істеп жатырмын.
Әке-шешем Индерборға жиі барады, онда туыстарымыз тұрады. Мен вотсапта «Оңтүстік Африкадағы қазақстандықтар» тобында бармын. Бұл жерде бірнеше отандасым тұрады, олар Атыраудан. Олар бір кездері тұрмысқа шығып, көшіп кеткен қыздар. Оңтүстік Африкада қазақтар аз, бәрі бір-біріне қолдау көрсетіп жүреді. Әрине, туған жерімді сағынамын, бірақ соңғы жылдары жұмысым көп болып кетті; үйге бармағаныма 5 жыл болды, Қазақстанды жиі сағынышпен еске аламын.
САҒЫНЫШ
- Оңтүстік Африка - керемет ел, маған бұл жердің халқы ұнайды - мейірімді, балажан халық, - дейді Тимур. – Әрине, мінсіз емес. Сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық, қылмыс, әсіресе Йоханнесбургте көп. Ал мен тұратын жерде өзімді жайлы сезінемін. Бұл Квазулу-Натал провинциясы, халық тығыз қоныстанған, мұнда негізінен қара нәсілді африкалықтар, сонымен қатар Үндістаннан келгендер тұрады, еуропалықтар аз. Бұл зұлыстардың астанасы. Маған осы жер жайлы, мұнда тұратын адамдардың мінез-құлқы адайларды еске түсіреді, олар да турашыл, жауынгер халық. Ал жалпы Оңтүстік Африка тұрғындарын үйлесімді өмір сүріп жатқан осындай алуан түрлі жұртшылық жиналғандықтан түрлі-түсті ұлт деп атайды.
...Бұл шығысында Үнді мұхитының, батысында Атлант мұхитының суы шайып жатқан ғажайып ел. Мен бұл елді қабылдап, жан-тәніммен сүйдім. Бірақ... Туған жерді сағынғаным сонша, айтып жеткізе алмаймын. Самал жел ескенде мұрныңа келетін қойдың иісін, шексіз-шетсіз даламды, тіпті танымасам да өзіміздің адамдарды сағындым, бәріңіз маған жақынсыздар. Шіркін-ай, Жайықта шомылғанға не жетсін...
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Т. Құрманов ұсынған суреттер