57 жастағы Сабина Мастерс Атырау қаласына 4 жыл бұрын жолдасының жұмыс бабымен (NCOC-та жұмыс істейді) көшіп келген. Ұлты неміс. Қазақтың өнері мен мәдениетіне қызыққан әйел домбыра үйреніп, бүгінде 50 күйді жатқа біледі.
- Басқа елден келген соң қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қызығушылық туып, зерттей бастадым. Театр мен филармонияны аралай жүріп, халық өнерпаздарының түрлі қойылымдарын тамашаладық. Бірде Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық халық аспаптар оркестрінің кезекті концертіне барып, сол жерде домбырашылардың өнерін көріп, күйге қызығушылығым артты, - дейді Сабина.
Шарадан шабыт алған Сабина қазақтың ұлттық аспабын үйренемін деп өзіне мақсат қояды. Алғашында ұстаз таба алмай біраз қиналғанын да айтты.
- Домбырада ойнап көрмеген, онымен қоса өзге ұлт өкілін екінің бірі оқытуға келіспейтіні түсінікті. Біраз адам менің ұсынысымды қабыл алмады. Тек Атыраудағы домбыра үйірмесінің мықты ұстаздарының бірі Ерлан САҚТАНОВ сынақ мерзімге алуға келісті. Алғашында мен қазақша екі сөз, ол ағылшынша екі сөз білетін. Бізді тек музыка тілі байланыстырды. Мендегі қазақтың ұлттық аспабын үйренуге деген құштарлықты көріп, мені әрі қарай оқытуға келісті. Міне, ол кісіден сабақ алып жүргеніме биыл төрт жылдан асады, - дейді Сабина Мастерс.
Оның айтуынша, домбыра тартуды үйрену оңай болмаған. Күн сайын төрт сағат уақытын домбыра сабағына арнайды екен. Атыраудағы үйіне екі домбыра, Ұлыбританиядағы үйіне де бір қосішекті аспап алып қойған. Аспаптардың барлығын жергілікті домбыра жасайтын шеберге тапсырыс берген.
Бүгінде неміс ұлтының өкілі Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның, Шалкиіздің, т.б күйшілердің 50-ден аса күйін жатқа біледі. Қыркүйек айында Атырауда өткен «Алтын домбыра» VI Халықаралық дәстүрлі күйшілер сайысына да қатысып, арнайы сыйлықпен марапатталған.
Айтуынша, әсіресе Құрманғазының күйлерін жанына жақын көреді.
- Құрманғазы өз мұңын, қазақ халқының өткерген сұрапыл күндерін, патшаға деген наразылықтарын, жеке қасіретін күйлері арқылы қазақ ауылдарындағы халыққа жеткізген. Мен осыны терең зерттегім келеді, қазақ ауылдарын аралағым келеді. Сондай-ақ тағы бір мақсаттарымның бірі – қазақ тілін жетік меңгеру. Өйткені маған қазақ мәдениеті, тілі, тарихы өте қызық. Сол мақсатымды орындау үшін Алматы қаласындағы университеттердің біріне оқуға тапсырамын деп шештім, - дейді Сабина Мастерс. - Күйеуімнің жұмыс бабымен Голландия, Германия, Ресейде тұрдық, бірақ Қазақстан маған ұнады. Адамдары мейірімді, ашық, қонақжай, кез келген уақытта көмектесуге дайын тұрады. Мұнда менің достарым көп. Олар белсенді, әртүрлі салада жұмыс істейді, кейбірінің жеке бизнесі бар. Күй байқауында өнер көрсеткенімде, барлығы концертке келіп, қолдау көрсетті. Оларға алғысым шексіз.
Сабина отбасымен музыкаға жақын. Күйеуі виолончельде ойнайды, үш қызы гитарада, альт, фортепианода ойнайды. Барлығы музыка мектебін бітірген. Екі ұлы музыкалық мансабын жалғастырған. Бірақ қазіргі жұмыстарының өнерге қатысы жоқ. Сабинаның арнайы музыкалық білімі жоқ, бірақ бала кезінен фортепианода ойнайды.
Сабина бос уақытында ерікті болып қызмет етеді, Атырау университетінде студенттерге ағылшын тілінде тегін дәріс оқиды. Бір сөзбен айтқанда, бұл әйелдің өмірі қилы қызыққа толы. Ал адамның айналаға ашық болғаны қандай ғанибет...
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Автор түсірген және С.Мастерстің мұрағатынан алынған суреттер