Атырау, 26 қараша 22:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Балық шаруашылығының хроникасы

Сурет
908 просмотра

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде өңірдің балық саласының тарихымен және оның бүгінгі даму көрсеткіштерімен бөлісті.

1930 жылы 5 наурызда «Гигант» балық аулау колхозы құрылды. Сол жылдың сәуір айында Перетаска арнасының жағасына ағаш тиелген баржаны жеткізген пароход жүзіп келді. Пароходтан құрал-саймандары бар бір топ адам түсіп, Гурьев тоңазытқышының құрылысы басталды. 1930 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Гурьев ауданы балық аулаудан КСРО-да бірінші орын алып, елге 6500000 пұт балық берді.

8 сәуірде 1200 пұт құрғақ мұздатылған балық пен 1500 пұт дымқыл мұздатылған балық сыятын тоңазытқыш жартылай іске қосылды. 1 мамырда тоңазытқыштың салтанатты түрде іске қосылды. Көктемгі балық аулау маусымында 10 мың центнер балықты қабылдап, өңдеу туралы қосымша жоспар берілді.1930 жылдың 1 шілдесінде тоңазытқыш 11666 центнер теңіз өнімдерін өңдеді.

8-9 мамырда Гурьевке КСРО тамақ өнеркәсібі министрі Анастас Иванович МИКОЯН келді. Тоңазытқышты аралап, аудандық партия комитетінің бюросында балық шаруашылығын дамытудың келешегі туралы сөз сөйледі: филе фабрикасын, жаңа алдыңғы шепті кәсіпшілік салу, ғылыми станция ашу, Курилкин шарбағын кеңейту, Жайық арнасы мен Перетаска салаларында балық ағынын реттейтін шарбақ салу, балық техникумын ашу. Мамыр айында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі өз отырысында жабдықтау халық комиссариаты А.И.Микоянның қатысуымен Гурьев балық өнеркәсібі кәсіпорындарының мәселесін қарады. Жайық өзенінің сағасын кеме қатынасы басталған жерден тазартып, бір жылдың ішінде тоңазытқышты аяқтап, балық консерві зауытына айналдыру туралы шешім қабылданды.

1930 жылы 27 қыркүйекте Гурьевте Орал-Каспий мемлекеттік балық шаруашылығы тресі қайта құрылды. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік балық шаруашылығы тресінің кеңсесі таратылды. 5 қазанда бір реттік қуаттылығы 13 мың центнер жылы тұздау цехының бірінші кезегі іске қосылды.

1932 жылы 15 мамырда жылына 60 мың центнер тұздалған балық өндіретін жаңа алдыңғы шеп балық зауыты іске қосылды (Жайық өзенінің сағасына салынған торлардың бірінші қатарын алдыңғы шеп деп атаған). 1933 жылы 6 қарашада консерві, уылдырық және балық зауыттары, 2100 тонналық тоңазытқыш қондырғысы, 130 тонналық мұздатқышы бар КСРО-да қуаттылығы жағынан екінші орында тұрған Гурьев балық консерві зауыты іске қосылды.

1934 жылдың 1 қаңтарынан бастап Гурьев балық консерві комбинатының құрамына Жайық өзенінде жүзетін барлық балық зауыттары, жөндеу және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, сондай-ақ қосалқы шаруашылықтар біріктірілді.

Әрі қарай Гурьев балық консерві комбинаты 2013 жылдың 11 қаңтарында жұмысын тоқтатқан «Атыраубалық» АҚ болып қайта құрылды.

Қазіргі таңда Атырау облысында 17 балық шаруашылығы субъектісі кәсіптік балық аулаумен айналысады. Биыл Атырау облысы шегінде Каспий теңізінде кәсіптік балық аулаумен айналысатын балықшылар саны 1405 адамға жуықтады. Кәсіптік балық аулау кезінде балықтың 19 түрі ауланады, оның ішінде Каспий теңізін тұрақты мекендейтін кефаль, шабақ балық және майшабақ, сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №706 қаулысымен ҚР Қызыл кітабынан шығарылған күтім балығы Атырау облысы бойынша 10 тонна болып белгіленді.

Кефаль балығын бөлек атап өтуге де болады. 1930-1934 жылдары Каспий теңізіне Қара теңізден әкелінген кефальдың үш түрінің – басқын, сингиль және сүйіртұмсық шабақтары жіберілді. Тек сингиль мен сүйіртұмсықтың ғана өздігінен көбейетін популяциясы қалыптасты. Өкінішке орай, басқын балығы Каспий теңізінде сіңісе алмады. Әкелінгеннен кейін 10 жыл өтпей жатып кәсіпшілік үйірлері қалыптасты. Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша Каспий теңізінде (Атырау және Маңғыстау облыстары) кефаль аулаудың жалпы шегі 2103 тоннаны құрайды.

Айта кетейік, Каспий теңізінің қазақстандық секторында республиканың Қызыл кітабына енген балықтардың 4 түрі – Еділдің көп салалы майшабағы, Каспий лососі, ақ балық және жыланбалық мекендейді.

Жомарт ӘМІРХАНОВ

23 қазан 2023, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.