Атырау, 26 қараша 23:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Экобелсенді Шынар Ізтелеуова: «Біз калий тұздарын шахталық әдіспен өндіруге қарсымыз!»

920 просмотра
freepik.com 

Батыс Қазақстан облысында Индербор кентіне жақын жерде шахталық әдіспен калий тұздарын өндіру жоспарланып жэатыр. Бұл туралы жақында Атырауда өткен Мәжілістің экология мәселелері және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің көшпелі отырысында белгілі болды.

«Жайық-Каспий Орхус орталығының» өкілі Шынар ІЗТЕЛЕУОВА облыстар арасында да, елдер арасында да трансшекаралық ҚОӘБ бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу ережесін қарастыру туралы маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, Индер ауданы да кен өндіруден зардап шегуі мүмкін, бірақ қоғамдық тыңдаулар тек Батыс Қазақстан облысында өткізіліп жатыр.

Тұзды, шаңды дауыл күтіп тұр

Көшпелі отырыста Ш.Ізтелеуова басқа да ұсыныстармен қатар «Қазгидрометке» шаңды дауылдарға мониторинг жүргізуді және трансшекаралық ҚОӘБ жүргізу ережесін әзірлеуді ұсынды.

– Өкінішке қарай, өңірлерде қандай жоба жүзеге асырылып жатқаны туралы облыстар арасында ақпарат алмасу жоқ. Калий тұздарын шахталық әдіспен жоспарлы өндіру бойынша тыңдаулар тек Батыс Қазақстанда өтіп жатыр, ал бұл бізге де қатысты емес пе? Жұмыс басталғанда Индер ауданында тұз аралас шаңды дауылдар басталатынына сенімдімін. Ал біз Жайықтың төменгі ағысында орналасқандықтан, өзеннің ластануынан зардап шегеміз. Бұған қоса, бұл жобалар өзендегі су көлеміне қатысты онсыз да қиын жағдайды шиеленістіреді, өйткені осы мақсатқа қайтадан су ресурстары тартылады, - деді Ізтелеуова.

Белгілі болғандай, экоқорғаушының өзі Батыс Қазақстан облысындағы тыңдауларға қатыса алмағанымен, сауалдар дайындаған. Бұл сауалдар ескерілмей қалды.

– Бұл сұрақтар тыңдауларда менің атымнан қойылды, бірақ тапсырыс беруші оны тыңдау тақырыбына қатысы жоқ деп жауап берді. Енді жауап талап етіп, экология министрлігіне хат жазамын, – дейді Ізтелеуова.

Түсінікті болу үшін оның сұрақтарын айтып өтейік:

1. Қазгидрометтің мәліметінше, Атырау облысында шаңды тұзды дауылдардың саны артып келеді. Сіздің үйінділеріңіздің тұзды дауылды күшейту мүмкіндігіне талдау жасалды ма? Үйіндіден шығатын шаң-тозаңды қалай азайтуды жоспарлап отырсыздар?

2. Атырау облысындағы, атап айтқанда Индер ауданындағы жайылымдық жерлерге үйінділерден шығатын шаң-тозаң әсеріне баға берілді ме? Жергілікті тұрғындар қандай проблемалармен бетпе бет келуі мүмкін?

3. Осы жұмыстардың Жайық өзеніне тигізетін әсеріне талдау жасалды ма және бұл жоба Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасына қалай әсер етеді?

4. Сіздің жобаңыз Атырау облысының тұрғындарына әсер етеді. Неліктен жоба облысымыздың тұрғындарымен талқыланбады?

Әзірге петиция емес, үндеу

Жақында әлеуметтік желіде калий тұздарын шахталық әдіспен өндіруді «қолдайтын» және «қарсы» дауыс беретін үндеу пайда болды. Көпшілік бұл әдіспен өндіруге келіспейтінін білдірді. Біреу «біздің топырағымыз калийге қанық болса, Қазақстанға калий тыңайтқыштары не үшін қажет?» деген сұрақ қойды. Үндеуде оны өндіру кезіндегі алаңдатарлық экологиялық салдары да айтылған. Бұдан бұрын Қазақстанда калий тұздары өндірілмеген, шахталық әдіспен өндіру тәжірибесі де жоқ болып шықты. Ресейдің Пермь өлкесінің Березники қаласында шахталық әдіспен калий тұздарын өндірген. Ол жақта әлі күнге дейін адамдардың жаны түршігеді: жерлер ойылып, шахталарды су басып, қираған. Белгілі болғандай, шахталардағы жарылыстардың нәтижесінде газдар бөлініп, техногендік жер сілкінісі болып, ғимараттар мен үйлерде үлкен жарықтар пайда болған.

«Қазақстанның статистикасымен ғана шектелсек те, шахталардағы апаттардың 10 жағдайдан көбі метан шығарындыларымен байланысты. Ал батыс өңірінің жер қойнауының газдылығын ескерсек, шахталарда жарылыс болу мүмкіндігі артады. Жарылыстан басқа, шахталық өндіру кезінде тау жыныстарының опырылу қаупі бар, мұны болжау мүмкін емес деп саналады», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ, калий тұздарын өндіру аймақтың экологиясы үшін неге айналатыны туралы да болжамдар берілген. Соның бірі – жер бетінде ашық күйде таулар түзетін ауқымды көлемдегі тұз қалдықтарын сақтау.

«Бұл аймақтың климаттық жағдайлары қатал екені баршаға мәлім, атап айтқанда желдің екпіні қатты, құрғақшылық, өсімдік пен тұщы суы тапшы, жер қойнауында газы бар. Оның үстіне, шамамен 30 шақырымға жетпейтін жерде Солтүстік Каспий теңізінің қорғалатын аймағына төмен қарай құятын Жайық өзені жатыр.

Осылайша, желмен, жауын-шашынмен жер асты суларына, топыраққа және ең бастысы Жайық өзеніне тасымалданатын үлкен көлемдегі тұз қалдықтарын ескере отырып, Қазақстанның бүкіл батыс өңірі үшін қайтымсыз теріс әсері болу мүмкіндігі жоғары. Өзен тұзданған жағдайда, су айдынының бүкіл флорасы мен фаунасы қырылады. Бұл Каспий теңізінің табиғи тепе-теңдігіне теріс әсер етері сөзсіз, өйткені Жайық өзені - Каспий экожүйесінің негізгі элементтерінің бірі» деп тұрғындар өз жазбаларында жазып жатыр.

Сатимола кен орны туралы

Әңгіме Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы «Сатимола» кен орны туралы болып отыр. Бұл кен орнын сонау 2013 жылы академик Мұфтах ДИАРОВ таныстырған еді. Сол кезде ол Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы аумағындағы Индер күмбезінен солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан «Сатимола» тау-кен-химиялық шикізаттың ең ірі кен орны 1964 жылы ашылғанын жазған болатын.

Калий тыңайтқыштары үшін бор-калий шикізатын өндіру және өңдеу кенішін салумен Qazaq Kalium LTD жеке компаниясы айналысып жатыр. Сатимола кен орнындағы қазбаларды өндіру бойынша Тау-кен жұмыстары жоспарына рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің жобасына сәйкес, өндірісті 2024 жылы бастау жоспарланып отыр.

Кен өндіру жұмыстары 25 жылға – 2024-2048 жылдарға жоспарланған.

Жер асты кенішінің жылдық өндірістік қуаты жылына 25 миллион тонна қазбаға есептелген.

Сондай-ақ жобада «Индербор кентінен солтүстік-шығысқа қарай 67-шақырымда және Жайық өзенінің сол жағалауында Базаршолан ауылынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Сатимола кен орнында тікелей бор-калий шикізатын өндіру және өңдеу бойынша кеніш салу жоспарланғаны» көрсетілген. Кен орнының барлық аумағы дерлік Базаршолан ауылдық округінің аумағында және ішінара Сарытоғай ауылдық округінің жерлерінде орналасқан».

Үлгі боларлық мысал бар

2015 жылы ақтөбеліктер Ақтөбеге іргелес орналасқан Жилянское кен орнында калий тұздарын өндіруге қарсы болған. Сол кезде олар Арал теңізіндегідей жердің ойылуынан, тұзды дауылдардан, сондай-ақ көп қабатты үйлердің құлауынан қауіптенген.

Қытайлық компания күріш өсіру үшін калий тыңайтқыштарын өндірумен айналыспақ болған.

Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінде сол кезде тау-кен байыту комбинатының атмосфераға жылына 4 мың тоннаға дейін ластаушы заттар шығаратыны туралы мәліметтер болған. Тұрғындар мұның бәрі түрлі ауруларды көбейтіп, экологияға зиян келеді деп қауіптенді.

Батыс Қазақстандағы Сатимола кен орнына оралайық. Онда Qazaq Kalium LTD компаниясына дейін де бірнеше рет калий кен орнын игеруге әрекеттенген. Бірақ әртүрлі себептермен бәрі сәтсіз аяқталды.

Айнұр САПАРОВА

17 қазан 2023, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.