Бүгінде Еуропаға көксеркенің көп экспортталуына байланысты елімізде балықтың бұл түрі күрт азайып кеткен. Осыған байланысты аквамәдениетте көксеркені өсіру мен көбейтудің маңызы зор. Қазіргі уақытта шетелден әкелінетін көксеркенің балық өсіру материалы қымбат әрі сұранысқа ие.
"Жобаның ғылыми-практикалық маңыздылығы сол - елімізде алғаш рет көксеркені тұйық сумен жабдықталған қондырғыларда жасанды көбейту технологиясы әзірленіп отыр. Сыртқы факторларға, балықтың түрлі жас топтарының тіршілік әрекетінің биологиялық, физиологиялық және технологиялық ерекшеліктеріне байланысты көксеркенің балық өсіру материалын алу үшін оңтайлы жағдайлар айқындалды", - дейді биология ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ "Аңшылықтану және балық шаруашылығы" кафедрасының аға оқытушысы Жасхайыр ҚАРАҒОЙШИН.
Жобаны іске асыру барысында көксеркенің толықтырғыш-аналық басы қалыптастырылды. Балықты тұйық сумен жабдықталған қондырғыларда молайтуға оңтайлы жағдайлар анықталды, оңтайлы инкубациялық аппараттар мен инкубациялау әдістері, көксерке тұқымын өсіру үшін оңтайлы жағдайлар айқындалды.
Тұйық сумен жабдықтау циклі бар қондырғыларда көксеркелерді көбейту бойынша практикалық ұсыныс әзірленді.
Еске салайық, бұған дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Балық өсіруге арналған тұйық сумен жабдықтау қондырғыларының технологиясын жетілдіру", "Геотермалдық су көздерінде жаңа аквамәдениет объектілерін өсіру технологиясын әзірлеу" және "Қазақстанның құнды балық түрлерінің репродуктивті жасушаларының криобанкін құру" тақырыптарында ғылыми жобалар жүзеге асырылған болатын.
Жомарт ӘМІРХАНОВ