Тасын түртсе тарихы сөйлейтін, талай сырларды ішіне бүккен қасиетті Қызылқоға өңірінде әлі де болса ашылмаған талай құпия мен құнды жәдігерлер жатқаны сөзсіз. Оған облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған археологиялық қазбалар нәтижесі дәлел. Археологтар тамыз айынан бастап Қарабау ауылынан 8 шақырым жердегі «Қарақұдық» деген жерге қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлерге тап болды.
Жақында аталмыш тарихи орынға арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер археологиялық қазба жұмыстары қызу жүріп жатқанына көз жеткізді. Бұл жерде облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми қызметкерлері, студенттер және жергілікті тұрғындар жұмыс жасап жатыр.
Соңғы аптада табылған ең құнды жәдігер – ежелгі темір дәуіріне жататын жауынгер әйелдің мүрдесі. Бір ғажабы, әлгі мүрденің құлағындағы екі сырғасы, білегіндегі екі білезігі, саусақтарындағы үш сақинасы түгелдей таза алтын болса, мойнындағы алқасы күмістен соғылған. Одан бөлек мүрденің жауынгер әйел болғандығын дәлелдейтін жебенің ұштары мен ат әбзелі де бірге жерленген. Сондай-ақ, «Қарақұдық-2» деген жерден табылған екінші мүрде де келушілерді таңқалдырды. Себебі, бұл мүрде екі аяғын бауырына бүгіп, басын бұғып жерленген. Археологтар мұны адамның ана құрсағындағы бейнесі есебінде жерленгендігін, бұл да ежелгі темір дәуіріне жататындығын алға тартып отыр. Тарихи орыннан табылған үшінші қабір жауынгер ер адамға тиесілі болып шықты. Оған дәлел – мүрдемен бірге жерленген найза, қылыш, қанжар, қайрақ, жебенің ұштары және ер тоқымның тіреуші. Оның да жерленген кезеңі темір дәуіріне сәйкес келеді.
– Біз осы Қарақұдық деген жерді қаза бастағанда алғашқы күндері ісіміз нәтижесіз болды. Қазған қорымдарымыз көбі тоналып қалған болып шықты. Соған қарамастан жұмысты жалғастыра бердік. Ақыры бір ай дегенде аталмыш үш қабірді қазып, көне жәдігерлерге кезіктік. Зерттей келе бұлар біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген деген тоқтамға келдік. Себебі, қабірдің ішінен сол дәуірге тиесілі темір бұйымдар мен алтын табылып отыр. Ол темір бұйымдар даламызға сауда-саттық керуендері арқылы келуі мүмкін. Енді табылған мүрделерді зерттеу үшін Алматы қаласындағы антропологиялық институтқа жібереміз. Сол жерде олардың нақты жасы, кім болғандығы толықтай анықталады, - дейді археолог, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ғаламат БАЗАРБАЕВ. - Жалпы Атырау облысында 1700-ге жуық тарихи-мәдени орындар болса, оның жеті жүзі осы Қарабау ауылының маңында. Сондықтан бұл аймақ әлі де болса зерттеледі.
Қарабаудағы қазба жұмыстарына тек археологтар мен студенттер ғана емес ауыл тұрғындары да ат салысып отыр. Олар қазу, құм тасу, тазалау жұмыстарына кірісіп кеткен. Бұл еңбектері үшін оларға жалақы беріледі.
Қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат ХАСЕНОВТЫҢ айтуынша, келесі жылы қазба жұмыстары жалғасады. Сол кезде одан да құнды дүниелер шығып, тарихтың жаңа парағы да ашылып қалуы бек мүмкін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА