Биыл Қазақстанда ұстаздар күні алғаш рет 5 қазанда тойлануда. Мереке қарсаңында ғажайып бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира ЗИНЕЛҒАБИТОВАМЕН таныстым. Оның оқушылармен қарым-қатынас құру тәсілдерін білгенде, қатты әсерлендім. Сөйтіп осы жан туралы көпшілік білуі тиіс деп ұйғардым.
Аға ұрпақ, әсіресе, ата-аналарымыз бұрын ұстазға құрметтің зор болғанын, олардың шәкірттер арасында беделі болғанын жиі айтатын. Соңғы жылдары олардың жоғалған беделін қалай қалпына келтіруге болады деген сауалға жауап іздеп жүрміз. Бала кезімде мұғалім болғым келгені есімде, бірақ, өкінішке орай, бұл арманымды бесінші ме, әлде алтыншы сыныпта ма, сыныптастарым айнытып жіберген еді. Мен де ол арманымнан бас тарттым, өйткені олардың сынып жетекшісі туралы қандай жаман сөздер айтатынын, оны тыңдамайтынын күнде көретінмін. Бұл құрметсіздік қатты ауыр тиетін, өзімді мұғалімнің орнында елестетіп, бұл арманымды ұмытуға мәжбүр болдым. Бірақ менің мақаламның кейіпкері арманына жетіпті.
Гүлмира апай журналистпен сөйлесуге бірден келіспеді. Өте қарапайым екен. Өзі сияқты жандар көп екенін айтты. Бірақ, өкінішке орай, шын мәнінде, олай емес.
Гүлмира 47 жаста. Балалармен жұмыс жасау – оның сүйікті ісі, бірақ Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің «мектепке дейінгі білім беру» мамандығын, одан кейін Атыраудағы Каспий маңы колледжін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған ол бірден мектепке мұғалім болып бармады. Отбасылық жағдайларға байланысты жұмысты ұмытып, отбасымен көп уақыт өткізуге мәжбүр болды. Бірақ бірнеше жылдан кейін ұстаздық етуге кіріскен.
Жалпы бала кезінен мұғалім болуды армандапты. Онда да жай мұғалім емес, әділетті ұстаз болуды. Мектептердегі буллинг пен кемсітушілік туралы жақсы білетін, мұның бәрін өзі мектеп оқушысы болған кезде көрген. Оның кейбір құрдастарына сыныптастары мен мұғалімдерінің қалай қысым жасағанын көру ауыр болған. Содан соң өзі мұғалім болған кезде ешбір баланы ренжітпеуге, шәкірттерін бір-бірін сыйлауға үйретемін деп ұйғарған.
Ол арманы орындалды.
Қазір Гүлмира Темірболатқызы өзі нөлінші сыныптан бері жетелеп келе жатқан 3-сыныптың сынып жетекшісі. Бұл оның алғашқы және жалғыз сыныбы. Ол бар уақытын тек бір сүйікті сыныбына арнап, басқасына алаңдамау керек деп санайды. Ол өзінің әрбір шәкіртін, әсіресе олардың бір-біріне қалай қарайтынын мұқият қадағалайды, оларға әділ болып, олардың арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысады.
Бір күні бір шарада бірнеше қыздың юбка алуға ақшасы болмапты. Мұны білген ол өз қалтасынан төлеп, оны олардың ата-анасы төлегендей қып көрсеткен.
Осы кезде Атыраудағы мектепте оқыған кездерім есіме түсті. 90-шы жылдар еді. Мектепті жөндеуге 100 теңгеден жинап алды (бұл қазіргі 100 емес, түсініп отырған боларсыздар), мен және тағы бір сыныптасым бере алмадық, бәрінің көзінше ұялтып, сабақтан соң алып қалды. Біз ақшаны бергіміз келмегендіктен емес, болмаған соң бере алмаған едік. Алайда бұл қорлық пен реніш есімде қалып қойды.
Гүлмира апайымызға оралайық. Ол әр атаулы күнде, мерекелерде, туған күндерде шәкірттеріне жағымды тосын сый жасауға тырысады екен. Өз ақшасына тәттінің түр-түрін сатып алып, бәріне тілек жазып, сыйлық жасайды. Мысалы, Алғыс айту күні альбом парағына ашық түсті фломастермен тілек жазған, әр тілек әртүрлі. Солардың бірі, мысалы: «Біз саған сенеміз, сен биыл бұрынғыдан да жақсы оқитын боласың!» деген тілек. Осылайша ол балаларды оқуға ынталандырады екен. 1 қыркүйекте сыныпта барлығы күз лебіне сай безендіріліп, әр баланың партасына «Білім күні құтты болсын!», «Мектебім – алтын ұя», «Қош бол, жаз» деген жазулар жазылған сыйлық қойған.
Гүлмира апай сабақтан кейін оқу үлгерімі артта қалғандарды қосымша сабаққа алып қалады. Бұл жерде де жылылығын аямайды: алдыңғы партада шоколад, кәмпиттер тұрады, оны оқушылар сабақ біткен соң жей алады.
- Бірақ тәттілерді де көп берудің қажеті жоқ, мектеп қабырғасында «сен - маған, мен - саған» деген қағида дұрыс бола бермейді, мен мұны да ескеремін, - дейді Гүлмира апай.
Үзіліс кезінде ол балаларға интеллектуалды ойындар ұйымдастырады. Мысалы, олар стакандарды сандар бойымен жылжытып, оларды ойша бөліп, көбейтеді. Жоғары сынып оқушыларымен қақтығыстардан қорғау үшін осындай және басқа да ойындарды ойлап табады екен.
Ол ешқашан ашылмайды-ау деп ойлаған шәкірті туралы былай дейді:
– Нөлінші сыныпта Фархад (оны осылай атайық – А.С.) өз атын да айта алмайтын. Сыныптастары оны мазақ ете бастады. Бірақ мен бәріне адамдарға күлуге болмайтынын, бәріміз бірдей екенімізді және бір-бірімізге қысым жасауға құқығымыз жоқ екенін түсіндірдім. Олар қазір мұны түсінген секілді, керісінше, Фархадқа қатты қолдау көрсетеді. Ол жақсы оқи бастады, менің сұрақтарыма жиі қол көтеретін болды. Жақында балалар бір ауыздан: «Фархадтан сұраңыз!» - деп өтінді. Еңбегіңнің жемісін көру қандай ғанибет! Ал жақында шәкірттеріме сабақ үстінде тыныш отыратындарын, тәртіпті екендерін, әріптестерімнің осындай лайықты мінез-құлықтары үшін мақтап жатқанын айтып, алғысымды білдірдім.
Шынында да, ағылшын тілі мұғалімі жақында Гүлмира апайдың сыныбының оқушылары мұғалім ешқайда кетпегендей қолдарын партаға қойып, тыныш отырғанына таң қалды.
– Кейбір ұстаздардың ата-анамен тіл табыса алмай, оның баласына, оқушыға қиыс қарайтынына не айтасыз? Мұндай жағдай туралы ата-аналардан әлденеше рет естідім.
- Бұған жол беруге болмайды, бұл педагогикалық әдепті өрескел бұзу. Жеке басын жақтырмаушылықты жұмысқа араластыруға немесе мүлдем көрсетуге болмайды. Ата-аналар өз баласын сізге сеніп тапсырған екен, демек, сіз мектепте ол үшін – оқуда, құрдастарымен, басқа мұғалімдермен қарым-қатынаста жауаптысыз. Бірақ көп нәрсе ата-анаға байланысты. Фархадқа қатысты жағдайда да солай. Егер оның анасы мен оның баласына деген талапшылдығы, ұқыптылығы болмағанда, екеуміздің мұндай нәтижеге жетуіміз екіталай еді, – дейді Гүлмира апай.
Дер кезінде қолдау көрсететін, ынталандыратын және дұрыс жолға бағыттайтын мұғалімдердің болғаны қандай жақсы. Олар әр оқушы үшін уайымдап, ұстаздың бүкіл жауапкершілігін түсінеді. Мен баламды осындай ұстазға оқытуға қуана-қуана сеніп тапсырар едім.
Айнұр САПАРОВА
Г.Зинелғабитованың жеке мұрағатынан алынған суреттер