Оқу жылы басталған соң 4-сыныпқа дейінгі барлық оқушы қайтадан мектеп асханаларында тамақтана бастады. Ас мәзіріне не кіреді, тағам дәмді ме және оған қанша ақша жұмсалатынын «АЖ» тілшісі анықтаған еді.
Әлеуметтік желілерде жүргізілген экспресс-мониторинг барысында, мысалы, былтырғыдай азық-түлік сапасына қатысты шағымдар анықталмады. Жалғыз ғана №3 гимназия мектебіне қатысты бір хабарлама болды: аналардың бірін: "мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтінін ескерсек, барлық балаға тамақ жеткілікті ме? Алғашқы екі сабақтан кейін мектеп асханасына келген балалар аш қалмай ма?" деген сұрақ мазалайды.
№3 мектеп-гимназиясына жолдаған сауалымызға жауап ретінде, сол күні ол жерде мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы, екі белсенді ата-ана, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және әлеуметтік педагогтан тұратын комиссия құрылғанын айтты.
Барлығы бірауыздан тағамның сапасы жақсы екенін, сондай-ақ ауысымға қарамастан оның ас мәзіріне сай дайындалатынын атап өтті: «Әзірге ата-аналар мен оқушылар тарапынан ас мәзіріне қатысты шағымдар түскен жоқ. Асханада әр ауысымға бөлек тамақ дайындалады, тамақ үнемі жаңадан пісіріліп, ыстық болады. Оның үстіне, мұны күн сайын мектеп әкімшілігінен арнайы бекітілген қызметкерлер қадағалайды».
Таныс аналар арасында жүргізілген жедел сауалнама нәтижесінде де шағымдар болған жоқ:
- Ұлым тамақты аз жейді, отбасындағы жалғыз бала, әжесі аздап еркелетіп жіберген, - дейді танысым. - Бірақ мектепте достарымен бірге тамақ ішеді. Кеше ет қосылған макарон беріпті, бүгін котлет пен картоп берген. Сондықтан мектептегі ас мәзірі әртүрлі деп есептеймін.
Пушкин атындағы №20 мектеп-лицейдегі тағы бір ата-ана бұл мектепте әртүрлі күнде балалардың нақты немен тамақтанатынын көрсететін бірнеше бейнежазба жіберді. Анықталғандай, ондағы тамақты әкімшіліктен бөлек бір топ ата-ана да бақылайды екен:
– Тамағы дәмді, порциялары жақсы, жемістер, шырындар, кисель, сүт бар. Әзірге шағым жоқ.
«АЖ»-ның сауалына Атырау облысының білім беру басқармасынан облыс бойынша барлығы 52 230 бала мектептерде ыстық тамақпен қамтылғанын хабарлады. Бұл 1-4 сынып оқушылары. 2023-2024 оқу жылына бюджеттен бөлінген сома 2022-2023 оқу жылына қарағанда екі есеге көп. 1 баланы тамақтандыруға күніне 535 теңге жұмсалса, өткен оқу жылында 267 теңге болған.
- Тиісінше, 2023 жылы бір балаға шаққандағы тамақтану нормасының ұлғаюына байланысты ас мәзіріне санитариялық нормалар мен ережелерге сәйкес өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды басқарма басшысының м.а. Ерлан СЛАМБЕКОВ. – Аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына 5-11 сыныптарда ыстық тамақ ұйымдастырылған. Азық-түлік бағасы жас санатына байланысты бір балаға шаққандағы нормаларға сәйкес реттеледі.
Айтпақшы, «Бином» мектептерінде оқушылар немен тамақтанатынын білдік. «Білім болашағы» қоғамдық қорының маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Динара КИНДЕРБАЕВАНЫҢ айтуынша, ас мәзірі «кәдімгі» мектептердегідей.
Бір ғана жайт, «Бином» бір балаға 273 теңге жұмсайды. Бәлкім, мұның түсініктемесі бар шығар - «АЖ» осы мәселе бойынша қосымша сауал жолдады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
№20 мектеп-лицейінен ата-аналар жолдаған бейнежазба