Атырау, 27 қараша 03:13
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Экология вице-министріне де Атыраудың иісі ұнамады. Әрі қарай не болады?

Сурет Бейнежазба
1 518 просмотра

Неліктен Каспий теңізі мен Жайық өзені апатты түрде таязданып барады, неліктен қала тұрғындарын улап жатқан шығарынды көздері әлі күнге дейін «жұмбақ» күйде қалып отыр? Осы және өзге де мәселелер Атырауда Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысында талқыланды.

Көшпелі отырыс Комитет төрағасы Еділ ЖАНБЫРШИННІҢ төрағалығымен Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында өтті. Оған мәжілісмендерден бөлек, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр ОШУРБАЕВ, Су ресурстары және ирригация министрі Сейілбек НҰРЫМБЕТОВ, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ, Экология департаменті және табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылары, Төтенше жағдайлар департаменті, ТШО, Атырау мұнай өңдеу зауыты, NCOC өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу ұзаққа (шамамен бес сағатқа) созылды, кей тұста эмоцияға толы болды. Алғашқы болып Мәжіліс депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ өз сауалын қойды. Оның айтуынша, ол Жайықты мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізіміне енгізуге қол жеткізе алмай келеді екен. Бұл жолы да ол Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаевтан нақты жауап ала алмады.

Ал қоғам белсенділері арасынан бірінші болып «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА сөз алды. Ол соңғы екі жылда атмосфералық ауа құрамында күкіртсутегінің бірнеше есе асып кеткені туралы деректерді келтіріп, бұл тұрғындардың денсаулығына әсер ететінін - қан түзілу жүйесі, сүйек-бұлшықет тіндерінің аурулары және балалардағы генетикалық деңгейдегі аурулардың саны артқанын атап өтті.

– 2012 жылы Атырауда мүгедектер саны 12 мың болса, бүгінде олардың саны 23 мыңға жетті. Бізді кім улап жатыр, олар қашан жауап береді? Нақты әрекет қайда? Экологияға қатысты бәрі жақсы, ауамен терең тыныстаңдар деген сияқты ешкімге керек емес, бос есептер қашан тоқтайды? Немен тыныстаймыз?! – деп сұрады Г. Чернова қызулана. – 15 қыркүйекте ТШО-да қоғамдық тыңдаулар өтті, мен чатта 20 сұрақтың сегізін қойып үлгердім, оған жалтарма, сырғытпа  жауаптар берілді. Ал мен қойып үлгермеген сұрақтарыма микрофонды қоспады.

- Менің де микрофонымды қоспады, - деп қосты белгілі экология белсендісі, қазіргі облыстық мәслихатының депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН.

- Міне, Арманға да қосқан жоқ! – деп дауысын көтеріп жіберді Христофоровна. – Яғни, мәселені ашық түрде айтқызбау, оның үстіне азаматтық белсенділер мен тәуелсіз экологтарды барлық деңгейде қудалау бар. Микрофонды өшіруден бастап, бізге сотқа беруге дейін. Мен үш соттан өтіп, үшеуінде де жеңіске жеттім. Оның себебі, бізде жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, атап айтқанда, ТШО, НСОС, «Қазмұнайгаз» компанияларының ағынды суларын жинайтын кәсіпорын бар. Бұл компания NASAR Solutions деп аталады. Олар ағынды суларды жинап, бейтараптандырмай және зиянды заттарды тұтпастан қалалық кәріз жүйесіне төккен.

Бұл отырысқа Атырау тұрғыны Лунара МАҚСҰТОВА кішкентай ұлын ертіп келіпті. Ол бұл күндері облыс орталығында «шіріген жұмыртқаның» сұмдық иісі шығып, баласының содан есінен танып құлағанын айтты. Жауап ретінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев та Атырауға келген кезде күкіртсутегінің өткір иісін сезгенін мойындады.

Баршаға белгілі белсенді Макс БОҚАЙ күні бүгінге дейін тұрғындар ауаны кім ластап жатқанын білмейтінін айтып, Қарағанды облысында жергілікті белсенділер Еуроодақпен бірлесіп жүзеге асырған жобаны мысалға келтірді: спутниктен спектрограмма арқылы ауаны кім, қашан және немен ластағанын көруге болады екен.

– Дәл осындай жоба Атырауға қажет, бұл тіршілік үшін маңызды!

Отырыс барысында Еділ Жаңбыршин өңірдегі мұнай-газ компаниялары қоршаған ортаны ластауды тоқтатпаса, келісілген міндеттемелерін орындамаса, келісім-шарттары бұзылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, оның пікірінше, Каспий теңізі мен Жайықтағы экологиялық ахуал БҰҰ деңгейінде талқылануы керек.

– Бұл бір өңірдің немесе елдің ғана емес, жер шары деңгейіндегі мәселе. Бұл бассейнде бірнеше миллион адам тұрады. Каспий теңізі, Жайық және басқа да өзендер деңгейінің төмендеуі энергетика, аграрлық секторға және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына тікелей әсер етеді. Екінші сұрақ - атмосфералық ауаның күйі. Ірі кәсіпорындар тазалау технологияларын енгізіп, автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатуы керек. Ал пайдалы қазбалар өндірумен айналысатын компаниялар үшін шығарындылардың лимитін қайта қарау қажет деп есептеймін, - деп түйіндеді Е.Жаңбыршин.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

4 қазан 2023, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.