Атырау, 13 желтоқсан 05:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Сауда министрі Атырауда – нашар болса да қажет ӘКК және Кіші жүздің күші туралы

Сурет Бейнежазба
911 просмотра

Атырауға жұмыс сапары барысында Сауда және интеграция министрі Арман ШАҚҚАЛИЕВ бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап, одан соң жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу қызу өтті, сөзтартыс болып, бизнес өкілдері тарапынан монополистерге, «Атырау ӘКК», жергілікті атқарушы органдарға сындар айтылды.

«НЕЛІКТЕН БІРІНЕ РҰҚСАТ БЕРМЕЙДІ, АЛ БАСҚАЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ?»

Өз сауалын алғашқылардың бірі болып Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Фатима ТӨЛЕЕВА қойды. Ол бизнес нысанға инфрақұрылым жүргізуде қиындықтарға тап болған көптеген жас кәсіпкердің атынан сөз алатынын айтты.

– Кәсіпкер несиеге ғимарат салады, бірақ оған жарық пен газ тартуға рұқсат бермейді. Ол сонда не істеу керек? – дейді Фатима Төлеева. Ол облыстық мәслихаттың депутаты әрі 30 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер. – Бір жағдай болды: кәсіпкер шағын матрацтар өндірісін ашып, оны кеңейтуді ойластырған еді. 2020 жылы әкімдіктен шағын жер телімін сұраған, бірақ олар ол жерде «қызыл сызық бар» деп беруден бас тартқан. Келесі жылы да бас тартқан. Ал үшінші жылы ол бұл жерге біреудің үй салып жатқанын көреді. «Қызыл сызық» дегені қайда?!

Содан кейін ол жиналғандарға және министрге 2019 жылы түрік серіктестерімен шоу-рум ашқан кезде өзінің де бюрократияға тап болғанын айтты. Түріктер бұл кедергілерге қатты таң қалыпты:

- Олар өздерінде егер біреу кәсіп ашқысы келсе, оған барлық жол ашық екенін айтты. Ал бізде бәрі керісінше болып шығады.

Әрі қарай әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы сөз болды. Естеріңізге салсақ, бұл тізімге ұн, нан, рожки, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және сары май, еттің кейбір түрлері (сиыр, тауық еті), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз кіреді.  

Баға шегін жергілікті атқарушы органдар енгізеді. Бекітілген бағаның дүкендердегі нақты бағаға сәйкестігі де әкімдіктің бақылауында болады. Шекті бағадан асып кеткені үшін 100 АЕК, қайталап бұзғаны үшін 200 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Сатушының үстеме бағасы өндірушінің босату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауы керек.

Сонымен, кездесуге қатысушылардың бірі «үй маңындағы» дүкендерге ғана емес, сауда компанияларына да тұрақты мониторинг жүргізуді ұсынды.

Арман Шаққалиев мәлім еткендей, бөлшек сауданың да, көтерме сауданың да сатушылары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын белгілеу қарастырылған. Бөлшек сауда бағасының шекті мәнін және олардың мөлшерін белгілеу қағидасы тауар тапшылығын болдырмау және отандық бизнес пен халық мүддесінің теңгерімін сақтау үшін әзірленген.

– Сіздің сауалыңыз шекті бағаға емес, көтерме саудагерлердің үстеме бағасына қатысты деп ойлаймын. Заңнама бойынша көтерме компаниялар мен дүкендерге бірыңғай талап белгіленген, - деп сөзін толықтырды министр.

Тағы бір кездесуге қатысушы тауар мен ақшаны қайтарудан бас тартатын интернет-дүкендерге шағымданды.

– Сізге қатысты жағдайда интернет-дүкен иесі қай елдің резиденті екеніне қарамастан, ҚР қолданыстағы заңнамасын, атап айтқанда, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнаманы басшылыққа алуы керек. Сәйкес және сәйкес келмейтін сападағы тауарларды қайтару мерзімін бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылған жағдайда біздің министрліктің құрылымдық бөлімшесіне, жергілікті сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарласуыңызға болады, - деп жауап берді Арман Шаққалиев.

ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕСУДІҢ ЕКІ ЖОЛЫ

Өз ісін сонау 90-шы жылдары бастаған егде жастағы кәсіпкер әйел «Атырау» ӘКК жұмысына қатты көңілі толмайтынын ренішпен жеткізді:

– Бізде «бәріне сүйікті» ӘКК бар! Кезінде мемлекет бұл ұйымды бизнесмендерге, әсіресе ісін енді бастағандарға көмектесу үшін құрған болатын. Бірақ олардың жағдайы нашар. Мысалы, «100 сауда орны» бағдарламасында негізгі мәселе жер телімі болды. Дүңгіршек үшін 12 шаршы метр жер телімі берілгенде, жарық та, ештеңе де жүргізілмейді. Кәсіпкер дүңгіршек орнату үшін 2 миллион теңге несие алып отыр. Оның ең арзаны 800 мыңға шығады. Әрі қарай ол жарық қосу үшін «Атырау Жарыққа» барады. Ал бұл оған тағы 2 миллионға шығады. Айналғанда ол тағы несие алып, шығынға қалады. Мұның бәріне күші жетпеген соң, ол дүңгіршекті жалға беруді ұйғарып, осы ақшаға ай сайын несиесін төлеп отырады. Мен бұл ӘКК деген қандай ұйым екенін түсінбеймін. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ сияқты, немен айналысып жатқанын білмейсің. Арман Абайұлы, осыны реттеп беріңізші! 

Осыдан соң ол әкімдік инженерлік коммуникацияларды алдын ала қарастырсын деген ұсынысын білдірді:

– Дүңгіршекке рұқсат берілгенде оған жарыққа, суға қосу рұқсаты да қоса берілсін.

Министр жергілікті деңгейде көп істің дұрыс атқарылмай жатқанымен келісіп, өңірлердегі ӘКК тарапына жиі сын айтылатынын жеткізді. Оның айтуынша, ол бұрын бүкіл ӘКК-ні жою керек деп ойлаған, бірақ елді аралап шыққан соң бұл жағдайды одан сайын нашарлататынын түсініпті:

– Бүгінде ӘКК жұмысында кемшілік бар, бірақ олар жойылса, әкімдердің кейбір нәрселерге тез әрекет етуге мүмкіндігі болмайды. Сонда не болуы керек? Жауап мынадай: ӘКК-нің нақты стратегиясы болуы керек. Жер телімі менің құзырымда емес. Бәрі үшін сөйлемеймін. Ол жерге араласпаймын. Саудаға келетін болсақ, мен сізбен толық келісемін. Барлық сауда түрі көрсетілген қала картасы болуы керек. ...Сауда нүктелері неғұрлым көп болса, неғұрлым тауар көп сатылса, соғұрлым нарық, ассортимент толып, баға төмендейді. Сондықтан инфляциямен екі жолмен күреседі: не аз жейді, не көп өндіреді. Басқа сценарий жоқ, - деген министр бұл олардың ӘКК-мен бірлескен кемшілігі екенін атап өтті. – Біз Атыраудың сауда нүктелерінің картасын дайындаймыз. Бұл картада біз «қызыл сызықтарды», санитариялық аймақтарды, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ескере отырып, сауда нүктелері үшін жер учаскелері қай жерде және қандай болуы керек екенін белгілейміз. Бұл карта, мысалы, дүңгіршекті қайда орнатуға болатынын көруге мүмкіндік береді.

Содан кейін ол бизнес-қауымдастықтың дамуы үшін үш негізгі нәрсені бейнелі түрде атап өтті:

– Үш нәрсе керек – тәртіп, ниет, күш. Атыраудың күшін біліп отырмыз ғой, Кіші жүздің күші – «мощный».

Келесі сұрақ жеке балабақша иесінен түсті. Оның айтуынша, екі жыл бұрын ол балабақша ашып, «Атырау облысы Су арнасы» мекемесі заңды тұлға ретінде келісім-шарт жасамағаны үшін оған 1 миллион 830 мың теңге айыппұл салған. Әйел бұл соманы әлі күнге дейін төлеп келеді. Ол жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін айыппұлды азайтуды сұрады.

Министр бұл ұсынысты талқылап, шағын бизнес үшін айыппұл нормасын қарастыруға уәде берді.

«БИЗНЕС ҚАШАН ДА ТӘУЕКЕЛ»

Кездесу барысында модерациялаушы облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ ӘКК-ге шағымданған кәсіпкер әйелмен айтысып қалды. Мурзиев «коммуникация жүргізу үшін 2 миллион теңге деген цифр жоқ» дегенде, 90-шы жылдардың кәсіпкері бұл сұрақтың жеке өзіне қатысты екенін айтып, қатқыл жауап берді.

– Сіз бұл өтірік деп мені негізсіз айыптап отырсыз! – деп айқайлап, өз хикаясын айтып берді. Оның айтуынша, ӘКК аукционында Алмагүл ықшамауданындағы дүңгіршек үшін жер телімін 3 миллион теңгеге ұтып алған:

– Бірақ оны сатып алсам да, қазір ай сайын жалға алу ақысын төлеп отырмын! Амантай Хайырұлы («Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары – А.С.), тағы қанша жыл төлеуім керек?.. Ол жерге 2,5 миллион теңгеге жарық жүргіздім. Дүңгіршектің өзіне 8 миллион теңгеге жуық ақшам кетті, өйткені ол жақсы қапталған. Бірақ ӘКК маған тағы жеті жыл төлейсің, сосын қайтадан аукцион өтеді дейді!

Осы жерде министр сөзге араласып, ӘКК өкілі Амантай АЙТБАЕВТЫҢ сөзін тыңдауды ұсынды. Аукционда ұтып алған жер учаскелерін жалға беру ережелері туралы баяндады. Оның айтуынша, ережеге сәйкес 80-ге жуық жер учаскесі жалға берілген.

А.Шаққалиев кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту үшін баға мен қосымша шығындар мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.

– Айтуды ұмытып кетіппін – қазір бүкіл ел бойынша сауда саласында бір жарым миллион адам жұмыс істейді! Адамдар үшін қандай әлеуметтік лифт екенін елестетіңізші. Бұл өз ойыңды жүзеге асыруға мүмкіндік! Иә, әрине, саудада проблема көп, жалақы әлі күнге дейін конвертпен төленеді, салықтан қашамыз. Біз осыдан аулақ болуымыз керек. Бірақ бизнесмендер өздері үшін нақты, түсінікті саясат бар екенін түсінген кезде өркениетті форматты ұстанатын болады және олар сауда орындарын оңай ала алады. Бұл базарларға да, компанияларға да қатысты. Сондықтан бір өтінішім бар, ӘКК, жалпы әкімдіктің беделі сіздерге байланысты. Екінші жағынан, бизнесмендер заңның заң екенін түсінуі керек. Бұл жерде «Мен бұзуым мүмкін, мені кешіріңіз, тәжірибесіз едім» деген болмауы керек. Кәсіпкерлікпен айналысатын болсаң, тәуекелге баратыныңды түсінуің керек, - деп түйіндеді сөзін Арман Шаққалиев.

- Жүз пайыз! – деп келісті 90-шы жылдардағы кәсіпкер әйел.

Айнұр САПАРОВА

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған суреттер

3 қазан 2023, 20:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.