Атырау, 27 қараша 03:36
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қызылқоға ауданындағы екі ауылға ауыз сусыз қалу қаупі төніп тұр

Бейнежазба
1 497 просмотра

Шұғыл шара қолданбаса, Миялы және Жанкелдин ауылдарының тұрғындарына ауыз сусыз қалу қаупі төніп тұр.

- Бүгінде су қоры азайып жоғалып кетсе, қалай өмір сүреміз деп ауыл адамдары алаңдап отыр. Табиғи су бірде болса, бірде жоқ, - дейді Қызылқоға ауданы Мәслихатының депутаты Есенбай НҰРОВ. - Өткен жылы ғана мол су қоры келді, ал оған дейін құрғақшылық орын алды. Сол себептен өр суының үнемі бар болатынына сенгіміз келмейді.

Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Қобда, Ойыл ауданының территориясындағы 60-қа жуық шағын өзен сайларындағы су Ойыл өзеніне келіп құяды. Осының бойынан 50-ге жуық заңсыз бөгеттер анықталды. Соның 2021-2022 жылдардың күз, қыс айларында 20-сы «ҚазСушар» РМК Ақтөбе облысы бөлімі көмегімен алынып тасталды. Ал қалған бөгеттер алынса, Қызылқоға ауданына Ойылдан мол су келеді. Ал ауыз сумен қамтып отырған «Қарасудың» бүгінгі жағдайы өте мүшкіл болып тұр. Ал Батыс Тайсойған су қоймасының құбыры қазір жұмыс істемейді.

Айтпақшы, қазір Миялы мен Жанкелдин ауылдары «Қарасу» жерасты су қорынан ауыз сумен қамтамасыз етіліп келеді. Бұл аумақта 11 дана су ұңғымасы бар. Биыл Ойыл өзені арнасынан аса тасуы салдарынан 5 ұңғыма топан судың астында қалып, жарамсыз күйде. Сол себептен халыққа су беру көлемі күрт азайып кеткен.

2011 жылғы Атырау облысындағы Батыс Тайсойған және Миялы кеніштеріндегі жерасты суларының қоры туралы есеп бойынша су қоры 2026 жылға дейін жетеді.

Жергілікті мамандар өр суы мол келген жағдайда жерасты суымен үндесіп, қайта толығады дегенді айтады. Бірақ бұл үнемі су тапшылығына ұшырайтын тұрғындар үшін болжам ғана.

Қарасуда қанша су бар және бұл су қоры қанша уақытқа жетеді?

Қызылқоға ауданы әкімдігі Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Нұрлан ЖАНТОҚОВТЫҢ атына жерасты су қоры қаншалықты екенін зерттеуді жеделдету ұсынысымен ресми түрде екі рет хат жолдаған.

- Қазіргі уақытта «Қарасу» жерасты су қорынан Миялы, Жанкелдин, Жасқайрат ауылдары ауыз сумен қамтылған. Жасқайрат ауылы Тайсойғаннан келетін суға тәуелді. Тек екі ауыл ғана «Қарасу» жерасты суынан ғана қамтылып отыр. Мұндағы су қоры 2026 жылға дейін жетеді екен, - дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Кенжебек КАМАЛЕДЕНОВ (суретте).

- Яғни, үш жылдан кейін халық ауыз сусыз қала ма сонда? Бұл проблеманы қалай шешесіздер?

- Осы мәселені шешу үшін Тайсойған жерасты су қорынан Миялы ауылына дейін 73,5 шақырым магистральды су құбыры салынуы тиіс. Батыс Тайсойған жерасты су қоры 2016 жылы зерттеліп, тәулігіне 6523,0 текше метр су көлемі 2043 жылға дейін есептелген. Бүгінде ауыз суға қажеттілік 1800 текше метр. Көрсетілген су көлемі алынған жағдайда су пайдалану 2080 жылға дейін барады. Су құбырын жүргізуші мердігер «СапаҚұрылыс2007» ЖШС. Қазіргі кезде тапсырыс беруші - Су ресурстар комитетімен жобаға түзету енгізу жұмыстары пысықталуда. Нақты шешім қабылданғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

3 қазан 2023, 14:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.