Атырауда кейбір ата-ана алты күндік оқу аптасына байланысты балаларына күш түседі деп, олардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді.
«Біз, №32 орта мектеп оқушыларының ата-аналары осы үндеу арқылы мектебіміздегі алты күндік сабақ кестесіне келіспейтінімізді білдіргіміз келеді. Еліміздегі көптеген мектеп бірнеше жыл бұрын бес күндік оқу аптасына көшкенін бәріміз білеміз. Соған орай сұрақ туындайды: біздің білім беру басқармасының басшылары неліктен министрліктің бұйрығын бұзып отыр? Қаладағы басқа мектептер бес күн оқитын болса, біздің мектептің балалары неге алты күн оқуы керек? Қазір мектеп бағдарламасының қиындығын ескерсек, балаларға бір күн демалу жеткіліксіз, олар жаңа аптаға толық демалып, күш жинауы керек. Бірақ оған үлгермейді, бұл олардың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Біз де балаларымызды жан-жақты дамытқымыз келеді: олар спорт секцияларына, репетиторларға баруы керек... Бірақ аптасына бір демалыс күні бұған мүмкіндік бермейді».
«АЖ»-ға №24 мектептің ата-аналары да осындай шағыммен жүгінді:
– Мектебіміздің 6 күндік болғанын 8 қыркүйекте ғана білдік. Біз бұған келіспейміз. Бұл туралы ертерек білгенде, балаларымызға қолайлы мектеп табар едік.
Атырау облысының білім беру басқармасы осы ахуалға тоқталып, алты күндік оқу аптасы Нұрсая, Жұлдыз, Алмагүл, Тасқала, Балауса, Самал және басқа ықшамаудандардағы туу көрсеткішінің көбеюімен тікелей байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі уақытта кейбір мектепте бала саны мектеп сыйымдылығынан асып түседі екен. Мұндай жағдай қазір қаладағы 11 мектепте байқалады.
«№24 орта мектеп 2022 жылы 3 ауысымға, тиісінше, 6 күндік оқуға көшті», - дейді Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА. - Мұның бәрі 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №412 бұйрықпен «Типтік оқу жоспарына» сәйкес жүзеге асырылады. Мектепте бірнеше пән бойынша қосымша сағаттар қосылды, ал оқу жүктемесі аптасына 34 сағатты құрады, яғни мектеп автоматты түрде 6 күндік оқу процесіне көшті».
№32 мектепке қатысты оның директоры Самал БАҚТЫҒАЛИ былай деп жауап берді.
– Мектептің жалпы сыйымдылығы – 320 орын. Қазір мұнда 1120 оқушы білім алып жатыр, орын тапшылығына байланысты мектеп 3 ауысымда оқиды. Шын мәнінде, мектеп физикалық тұрғыдан 5 күн жұмыс істей алмайды. Алайда, бұл жағдайдың заңнаманы мүлде бұзбайтынын атап өткен жөн, мұның бәрі типтік оқу жоспарында ескерілген.
«АЖ»-ның сауалына білім беру басқармасы алты күндік мәселе тек 2025 жылға қарай шешілетінін және оған дейін репетиторлар мен секцияларға қатысты шыдауға тура келетінін айтты.
Айта кетерлігі, біздің облыстағы қазіргі белсенді туу көрсеткіші шамамен алты-жеті жылдан кейін қайтадан 6 күндік оқу процесіне әкелуі мүмкін. «АЖ» бұрын хабарлағандай, соңғы сегіз айда Атырау облысында 10 913 сәби, оның ішінде Атырау қаласында 9 052 сәби дүниеге келген.
Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі бірінші сынып оқушылары дүниеге келген 2017 жылы туу көрсеткіші жоғары болған жоқ. Керісінше, сол кездегі ресми демографиялық сайттар елдегі туу көрсеткіші 5 пайызға төмендегенін жариялаған еді. Бірақ абсолютті рекорд 2020 пандемия жылы болды; тиісінше, 2026-2027 жылдары мектептерде оқушылар саны өте көп болмақ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА