Атыраудағы
зооқорғау ұйымдарының волонтерлері дабыл қағып жытыр: жануарларды чиптеу туралы
заңның енгізілуіне байланысты қала көшелерінде тастанды үй жануарларының саны
артқан.
МӘЖБҮРЛЕУ ӘДІСІ ІСКЕ АСПАЙДЫ
«АЖ» сауалына ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Азамат АЙТҚАЛИЕВ қазіргі таңда Атырау облысында 600-ден сәл астам жануар чиптелгенін хабарлады. «Егер қожайындары өз жануарларына чип салудан бас тартса, тиісті құқық қорғау органдары шара қолданады», - деп ескертті.
«Шара» деген сөз 10 АЕК мөлшерінде, яғни 34 500 теңге айыппұлды білдіреді. Чиптелгендер саны өте аз болғанымен, әлі ешкімге айыппұл салынған жоқ. ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сайтында қазіргі уақытта ішкі істер органдарының қатысуымен үй жануарларының чиптелуін тексеру бойынша ешқандай рейд жоспарланбағаны айтылған. Арнайы сканерсіз жануардың жотасынан чиптің бар-жоғын анықтау қиын болғандықтан, тексеру қарастырылмаған деп ойлаймын. Ал учаскелік инспекторда бұл аспап бар ма? Болуы екіталай. Жалпы, елдегі кез келген азаматтың өз баспанасына қол сұғылмауға конституциялық құқығын ескерсек, салмақты нәрсеге ұқсамайды. Сондықтан, үйіңізге «ит патрулінің» келуі неғайбыл.
Дегенмен, кейбір адамдар жануарларынан құтылуды жөн көрген: қыркүйекте қаңғыбас жануарлар саны, «Sen Foundation» тобының волонтеры Банудың айтуынша, күрт өскен:
– Қыркүйек айының басында БАҚ-та чип салу, айыппұл туралы хабар тарады. Чип салу қымбат қызмет болғандықтан, көпшілігі жануарларынан құтылуды жөн көрді. Мысалы, панажайда GPS трекерімен бірге бір итке шамамен 30 мың теңге жұмсалады. Егер соңғысы болмаса, бұл процедураның құны түрлі емханаларда 2500 теңгеден 8000 теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ бәрібір қымбат...
Айта кетерлігі, біз чиптеуге қарсы емеспіз. Бұл жақсы нәрсе. Дегенмен, адамдарға ұсыну формасы, яғни, айыппұлмен қорқыту, үй-үйді аралау деген жақсы емес, бұл қожайындарының өз жануарларына деген жауапкершілік қарым-қатынасынан гөрі, оларға көбірек зиянын тигізеді.
Осы тақырып төңірегінде жануарларды аса төтенше жағдайда, өлім аузынан аман алып қалатын жан ретінде танылған «Мейірімді жүрек» тобының волонтеры Мамучар ДЖАБАСОВ әлеуметтік желідегі парақшасына салған бейнежазбасында жалпы чиптеу туралы заңды ұсыну әдістерін де, мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар заңға деген көзқарасын да айыптайды:
- Өкінішке орай, жануарларды иелерінің есебінен чиптеуді ұйғарды. Иә, мұны тегін жасауға мүмкіндік берілген азаматтардың белгілі бір санаты бар. Бірақ менің жеке пікірімше, процедура бәріне бірдей болуы керек.
Мұнайлы астана тұрғындарының әл-ауқаты жоғары бағаланған. Ал мәжбүрлеу әдісі адамдарды бас тартуға жетелейді. Чиптеу керек, бірақ ол мемлекеттің қолдауымен жүзеге асуы тиіс.
БРИЖИТТІҢ ХАТЫ
- Жалпы, Қазақстанда жануарларға қатысты жағдай сұмдық, - деп жалғастырды Мұқаш. – Танымал француз актрисасы және жануарлар құқығын қорғау қозғалысының белсендісі Брижит Бардоның қоры Қазақстандағы жануарларды қорғау саласындағы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ашық хат жолдаған.
Бірақ жануарларға қатыгез қарым қатынасқа байланысты соңғы атышулы жарияланымды еске салайық. Бұл үшін қандай жазалар қарастырылған? Негізінен айыппұл. Мәселен, соңғылардың бірі – Ақмола облысында 750 келі ит еті үшін азаматқа айыппұл салынды, ол ит етін мейрамханаларға жеткізіп отырған. Кем дегенде 100 жануарды салқынқандылықпен өлтіргені үшін мардымсыз айыппұл салады. Шынымды айтсам, итті өлтіріп, сойып алатын адамның адам өлтіруі де әбден мүмкін деп, жүрегім дір ете түседі.
БАТЫС ҮНЕМІ СОҢЫНДА
Бірақ чиптеуге оралайық. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Мөлдір ИРБАТЫРОВАНЫҢ мәліметінше, Атырауда бұл процедураны қазір төрт емхана мен бір зоодүкен жүргізеді.
Үй жануарларын тіркеу жүйесіне сәйкес, ҚР-дағы ең жауапты қожайындар Астана тұрғындары - онда 25 мыңнан астам жануар чиптелген. Статистикалық мәліметке сүйенсек, чиптеу процедурасына қарсы жандар Батыс Қазақстан облысының тұрғындары екен. Мұнда небәрі 25 жануар тіркелген. Бұған жауапсыздықпен қарайтын аймақтардың соңғы жағында 512 ит пен 121 мысық тіркелген Атырау облысы тұр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«АЖ» және ӨКҚ мұрағаттарынан алынған суреттер