Атыраудағы көрме орталығында облыстағы жас кәсіпкерлердің көрмесі ұйымдастырылды. Оған мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған және кәсібін кеңейткен 60-қа жуық кәсіпкер қатысты.
Шынаргүл ТІЛЕГЕНОВА, Мақат ауданы Доссор кентінен келген. Аяқкиім өндірісімен айналысады.
- Бұған дейін вахталық әдіспен жұмыс істегем. Бала күтімімен демалысқа қалған соң биыл маусым айында аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 400 АЕК (1 млн 380 мың теңге) көлемінде грант алдым. Оған тоқыма, тігін машиналарын сатып алып, үйімнен аяқ киім тігу өндірісін бастап кеттім. Алғашқыда үй ішінде киюге арналған аяқ киім, содан соң кроссовкалар тігіп бастадым. Қазір тапсырыспен экосөмкелерді де тігемін. Аудандағы мекемелерді аралап жүріп тапсырыс қабылдаймын. Алған адамдардың барлығы сапасы жақсы деп жатады, - дейді бес баланың анасы.
Шынаргүлдің айтуынша, ол бала кезден жүн түтіп, ұршық иіруге қызығушылығы болғандықтан осы кәсіп түрін таңдаған. Өндіріске шикізатты, яғни аяқ киімнің табанын, өзге де қажетті заттарды Алматы қаласынан көтерме бағамен алдыртады.
34 жастағы Гүлмира ТАЙБЕКОВА Қызылқоға ауданының Миялы ауылында тұрады.
- Көрмеге эпоксидті смоладан жасалған әртүрлі бұйымдарды алып келдім. Қазіргі кезде туған күндерге, мерекелік шараларға бұл бұйымдар хит сыйлық болады. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша түрлі дизайнмен сағаттар, картина, өздері қалағандай тарелке, ыдыс аяқтар жасап беремін. Бұл кәсіп түрін осы салада жүрген алматылық кәсіпкерлерден үйреніп, курстар алып оқыдым. Қазір инстаграм арқылы кәсібімді дамытып, көршілес облыстардан тапсырыс алып жатырмын, - дейді Гүлмира.
20 жастағы Әйгерім ЖАҚСЫБАЕВА Исатай ауданынының Хамит Ерғалиев ауылынан:
- 15 жасымнан бастап суши жасап сататын едім. Содан соң кәсібімді кеңейтіп, ауылдан шағын караоке, Атырау қаласының орталығынан шағын кафе аштым. Қайтарымсыз грант бұған үлкен қолдау болды.
Жеке кәсіп ашқандардың көпшілігі бала күтімімен отырған көпбалалы аналар. Соның бірі атыраулық Гүлфайруз Габдуллина:
- Кәсіп ашқанға дейін мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Пандемия кезінде бала күтімімен демалысқа қалған соң, үйден кондитерлік өнімдер пісіріп, таныстарға сата бастадым. Кәсібімді жыл сайын кеңейтіп, биыл шілде айында 400 АЕК көлемінде грант ұтып, ауладан шағын цех аштым. Тауарларды көтерме бағамен сатып аламын. Еңбек еткен адамға кәсіпте береке бар.
Көрмені ұйымдастырушы Атырау облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы. Басқарманың жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, оған қатысушы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлер.
- Биыл 268 адамға грант беруді жоспарласақ, 180 адам оған қол жеткізді. Оның ішінде осал топтарға жататын азаматтар - көп балалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар, қамқоршысыз қалғандар, аз қамтылғандар, қандастар бар. Мемлекеттік грант былтыр тек 35 жасқа дейінгі жастарға берілсе, биыл жасына шектеу қойылмай осал топтарға жататын тұрғындарға да беріліп жатыр, - дейді Г.Аманғалиева.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор