Атырау, 27 қараша 05:30
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тимур Бекмамбетов: «Мен осы қаланың кейіпкерімін»

1 320 просмотра

Әйгілі кинорежиссер Тимур БЕКМАМБЕТОВ туған жері Атырауға, атап айтқанда, бала кезінде өзін алғаш рет «өнердің ең маңызды» саласына тәнті еткен «Мир» кинотеатрының ғимаратын қалпына келтіру үшін келді.

Облыстық әкімдіктегі ресми кездесуден бөлек, жерлесіміз жұбайы Наталия ФИШМАНМЕН және кішкентай ұлымен бірге атыраулық урбанистермен және қарапайым қала тұрғындарымен бейресми түрде кездесті.

- Шынымды айтсам, менің урбанистикаға еш қатысым жоқ. Жұбайымның Татарстанда 600 саябақ салғаны болмаса, - деп атап өтті кездесу басында Тимур Бекмамбетов. Наталия Фишман шынымен де Татарстан Президентінің штаттан тыс көмекшісі ретінде қалалардың қоғамдық кеңістігінде жайлы ортаны ұйымдастырумен, атап айтқанда саябақ салу бойынша ауқымды бағдарламамен айналысқан. Бірақ ойланып отырып, режиссер өзін урбанистпін деген қорытындыға келді.

— Мен осы қаланың кейіпкерімін. Мен үшін қала – ең алдымен адамдар, дәстүрлер, қақтығыстарға құрылған күрделі де драмалық хикая. Мұнда өмірдің қызығын да, шыжығын да бастан өткерген адамдар тұрады. Шын мәнінде, қала деген осы. Ғимарат, алаң, жолдар емес, адамдардың тағдыры. Осы тұрғыда мен урбанист шығармын, өйткені мамандығымның арқасында адамдар туралы хикаяларды баяндаймын. Ғимараттарға байланысты хикаялар болмаса, біреудің блогына, фильміне немесе картинасына айналмаса, оның маңызы шамалы. Егер туған жерім есіме түссе, ол әрқашан еркін ойлылығымен ерекшеленді. Өйткені мұнда әртүрлі ұлт өкілдері тұрады, ең еркін ойлы адамдарды осында жер аударған, – дейді Т.Бекмамбетов.

Ол қалада өз жүрегіне жақын көп үй мен бұрыш қалмағанына, бірақ жан-дүниесіне тартымсыз әсем ғимараттар көптеп пайда болғанына қынжылыс білдірді. Атырау бетонмен құрсауланған, ал бұл тіршіліктің маңызды бөлігі - табиғатпен сырласу маңызды боп саналатын қала үшін өте оғаш нәрсе. Тіпті екі адам арасындағы қарым-қатынаста да әрқашан үшінші тарап табиғат болады. Атырау тұрғынына тән жағдай: кездесуге бара жатқанда топырақты-шаңды дауылға тап болады, маса шағып тастайды немесе тізесіне дейін балшыққа батады.

– Туыстарымызбен амандасып кетумен қатар, мұнда «Мир» кинотеатрын қалпына келтіру мақсатымен келдік. Атам сол жерге жақын тұратын еді, мен де алты жасқа дейін сол жерде өстім. Бір кездері бұл ғимаратты күреп тастамас үшін, сатып алған едім. Әрине, бұл керемет сәулет ескерткіші емес, мұндай ғимараттар Одақ көлемінде мыңдаған болуы мүмкін, бірақ мен үшін де, Атыраудың көптеген тұрғындары үшін де бұл естелік. Бізбен бірге жұбайымның әріптестері келді. Біз ғимаратты бастапқы қалпына келтіріп, оны әлдебір ностальгияға айналдыра аламыз деп үміттенемін. Бұл жер мен үшін мені киномен таныстырған жер, ол сол күйде қалады деп үміттенемін, - деді режиссер.


«БҰЛ ЖЕРДІҢ КҮНІ ДЕ ҒАЖАЙЫП БАТАДЫ»

Наталия Фишман отбасының туған жерге келуінің тағы бір себебін айтты.

- Ең алдымен, біз мына жас жігітті туыстарымен таныстырғымыз келген, әкеліп таныстырдық, - деді Наталия эрго-рюкзактағы ұлын меңзеп жымия.  Әйгілі әкесінен айнымай қалған бүлдіршін үлкен залда көпшіліктің назары өзіне аударылғанына еш қыңқ етпеді. Көрермендердің «қала ұнады ма, Атырау саябақтары туралы не айтасыз?» деген сұрақтарына жауап бере отырып, Наталия былай деді:

- Біз Тимурмен мұнда, Атыраудың сәулесі ғажайып орнықты, таңы әдемі екені, күні ұзақ бататыны туралы сөйлестік. Мұның өзі бөлек бір ләззат. Украинада соғыс басталғалы соңғы бір жарым жыл бойы табиғаты бөлек басқа жерлерде тұрып жатырмыз. Егер біз көрген Атырау саябақтары туралы айтатын болсақ, абаттандырудың не екеніне тұжырымдамалық тұрғыдан басқаша қараймын. Бірақ бұл жерде өте айқын әрі түсінікті шектеулер бар. «Ақ қала» кітабында қазір саябақтар орналасқан кей жерлерде неліктен олардың болмауы керек екені түсіндіріледі және бұл 1943 жылы қаланы жобалаған адамдарға түсінікті болды. Кейін бұл білім жойылды, бірақ іс жүзінде бәрі ап-айқын. Саябақтар Жайық бойында болуы керек және өзенді де осы бетон бұғаудан босатса, өте жақсы болар еді. Өйткені олардың экологиялық тұрғыдан да пайдасы жоқ. Көгалдандыруға келетін болсақ, қазір технологиялар бар, бірақ олар айтарлықтай қымбат. Менің түсінуімше, соңғы жылдары қаланы көгалдандыру қолға алынып, көркейіп келеді. Соғыс басталғалы Ресейде жұмыс істеген жоқпын, қазір Тимурдың әйелі болып «жұмыс істеймін». Бірақ әріптестерім бар, саябақтарды сауатты жобалауға қызығушылық болса, әкімдікке қуана көмектесуге әзір. Саябақтар - шын мәнінде гранит пен мәрмәр, орындықтар мен шамдар емес, олар табиғатпен үйлесім тапқан бақытты жандар жүретін, балаларымен және достарымен уақыт өткізе алатын, жыл бойы жарық әрі қауіпсіз болатын жер. Бір сөзбен айтқанда, тіршілік ететін әрі демалатын орын. Атырауда бұл жетіспейді деп ойлаймын. Менің ойымша, мұны өте тез өзгертуге болады.

Осы сөзінен кейін ол баласына көңіл бөлу үшін көрермендермен қоштасты. Ал көрермендер Тимур Бекмамбетовке сұрақ қоя бастады.


АТЫРАУ АДАМДАРДЫ ӨЗІНЕ БАУРАП АЛАДЫ

Қала тұрғыны Дамир ОРАЗҒАЛИЕВ «Нью-Йорк, сені сүйемін» киноальманахының үлгісі бойынша 4-5 новелладан тұратын фильм түсіру идеясын ұсынды. Басты кейіпкер Атырау болады. Бұл болжамды фильм - небәрі бірнеше жыл өмір сүруді жоспарлаған жандардың неліктен мұнда қалып қоятыны, мұндай мүмкіндігі барлардың неге кетпейтінін түсіну әрекеті болмақ. Неліктен шетелге кетіп қалғандар осында, ыстығы аптап, масасы көп жерге қайта оралады? Табыс табу мүмкіндігінен басқа Атырауда адамдарды ұстап тұрған не нәрсе? Астраханьнан Атырауға көп жыл бұрын көшіп келген Дамирдің өзі де бұл сұраққа әлі жауап тапқан жоқ.

Анна 2018 жылы Қазан қаласынан Атырауға көшіп келгенде, биліктің сәулет ескерткіштеріне деген дөрекі көзқарасын бірден байқаған. Алдымен ғимараттарды қалпына келтіруге болмайтын жағдайға келтіреді, кейін бұзып, орнына зәулім үйлер тұрғызады.

- Өтінемін, әкімдікке әлі де қалпына келтіруге болатын көне ғимараттарды сақтау мен қолдаудың маңыздылығын жеткізіңізші, - деді қыз жерлесімізге.

– Бүгін облыс әкімдігінде болдым. Бір ғажабы, қазір айтып жатқандарыңыздың бәрін әкім айтып берді, – деп жауап берді Бекмамбетов, бұл сөз залда мысқыл күлкі туғызды. – Өкінішке орай, бір кездері қалада қаржы ресурстары өте көп болды, ақша көп болды, құрылыс қарқынды жүріп, бәріне бетон құйып тастаған. Ал ақша аз болса, бәрі әлдеқайда қарапайым болар еді.

ТИМУРДЫҢ ЖАҢА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ҚОЖА НАСРЕДДИННІҢ ЕСЕГІ ТУРАЛЫ МУЛЬТФИЛЬМ

Елнұр есімді жігіт режиссердің қаладағы кинотеатрлар туралы пікірін сұрап, көрермен ретінде қай кино жанрын таңдайтынын айтып беруін өтінді. Т.Бекмамбетов Атыраудағы кинотеатрға бармаған, бірақ ол бүкіл қалада 4 зал болған ұят, көрермендерге не көретінін таңдау мүмкіндігі болуы үшін кем дегенде 50 зал болуы керек деп санайды. Кинотеатрлар бірте-бірте кино көретін жер ғана емес, кез келген басқа контентті тамашалайтын орынға айналатынына сенімді. Оның қалауына келсек, ол өзінше жақсы немесе жаман болмайтын жанрларды емес, қызықты фильмдерді таңдайды. Бірақ адамдарда қазіргідей қиын уақытта, түсініксіз кезеңде комедия болуы керек. Айтпақшы, Тимур Бекмамбетов қазір халық ертегілері мен әзілдерінің кейіпкері Қожа Насреддин туралы мультипликациялық фильм түсіріп жатыр екен. Бұл кейіпкер Қытайдан бастап Мысырға дейін көптеген елдердің фольклорлық шығармаларында бар және барлық жерде оның өз есімдері мен лақап аттары бар. Оның туған жері, кім болғаны, қай ұлттың өкілі екені туралы халықтар дауласып жатады. Олар бір ғана нәрсемен келіседі - оның есегі болған. Сондықтан мультфильм түсіруді ұйғарған ол кейіпкер ретінде Есекті таңдаған. Фильмнің бірегейлігі сол - авторлар оған әзілмен қарап, Қожаны өздерінікі деп санайтын барлық елде: Өзбекстанда, Татарстанда, Түркияда, араб елдерінде бір уақытта болатындай етіп түсірген.

- Біз Қазақстанда да, бәлкім, дәл қазір осы кездесу өтіп жатқан ғимаратта бір нәрсе жасаймыз деп үміттенемін. Осылайша, фильмді осы данышпан адамның әзіліне күлген барлық ұлттар жасамақ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

27 қыркүйек 2023, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.