Үкіметтің бүгінгі отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ еліміздің қай өңірінде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары көп екенін айтты.
2022 жылдың соңында Жасыл экономика жөніндегі кеңес отырысында Премьер-Министр Әлихан СМАЙЫЛОВ әкімдіктерге 2023 жылдың 1 маусымына дейін стихиялық қоқыс үйінділерін жоюды тапсырған еді.
Ғарыштық мониторинг мәліметі бойынша, 2022 жылы анықталған стихиялық қоқыс үйінділері 77% жойылды. Атырау облысында өткен жылы 131 полигон анықталса, биылғы жазға дейін оның 100 пайызы жойылды.
Алайда 2023 жылдың мамыр айында тағы 107 заңсыз қоқыс үйінділері анықталды, оның 63-і ғана жабылды. 44 қалдық үйінділері жойылмаған.
Министр мұның себептерін атап өтті:
тұрмыстық қатты қалдықтарға (ҚТҚ) жаппай бекітілген тарифтердің болмауы;
коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша дамымаған инфрақұрылым;
қолданыстағы ҚТҚ полигондарының экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі (республика бойынша полигондардың тек 21%-ы ғана стандарттарға сәйкес);
қоқыс шығаратын ұйымдардың қалдықтарды арнайы орындардан тыс жерде сақтауы;
облыс тұрғындарымен тұрақты негізде ақпараттық жұмыстың болмауы.
Бұл ретте министрлік мұндай рұқсат етілмеген үйінділерге қарсы тұру үшін бірқатар шараларды қолға алуда.
Қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату және жою саласындағы қызмет лицензияланады, қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау, қалдықтарды кәдеге жарату және жою саласындағы субъектілер үшін хабарлау тәртібі енгізілді.
Уәкілетті орган қалдықтарды екі фракцияға – «құрғақ» (қағаз, картон, металл, пластмасса және шыны), «ылғалды» (тамақ қалдықтары, органикалық заттар және т.б.) бөліп жинауды енгізеді. Қоқыс көмер алдында міндетті түрде сұрыпталады.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қалдықтарды заңсыз тасымалдау және қалдықтарды төгу фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Барлығы 63 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қалдықтарды басқару талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұлдар 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін өсті (2023 жылы 172 500 теңге).
Заңнамада жергілікті атқарушы органдардың инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда жер телімдерін беру, инфрақұрылым жүргізуге (сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау), іс-шаралар мен экономикалық құралдарды әзірлеуге, бизнес субъектілеріне преференциялар беруге, МЖӘ келісімдерін жасауға толық құзыреттілігі қарастырылған.
Министрліктің ақпараттық жүйесінде GPS датчиктері арқылы қалдық шығаратын техниканың қозғалысын көрсету жұмыстары жүргізілуде. Халық саны 50 мың тұрғыннан аз әкімшілік бірліктерге арналған жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жобалау техникалық-экономикалық негіздемесіз жүзеге асырылмақ.