Жылыой ауданының кәсіпкері Айсәуле ӘЛИЕВА Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің әрекетіне наразы. Әйелдің айтуынша, олар мейрамхананы сатудан кіріс түспесе де, салық төлеуді талап етіп отыр. Осы және өзге де тақырыптар Өңірлік кәсіпкерлер палатасында (ӨКП) Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерұлан СЕРІКҚАЛИЕВТІҢ қатысуымен өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды ӨКП баспасөз қызметі.
Әлиеваның айтуынша, ол 2015 жылы жер телімін сатып алып, екі жылдан кейін осы жерден мейрамхана мен шағын дүкен құрылысын бастаған. Ақшасы жетпей, бірнеше несие алуға тура келген.
- Содан кейін пандемия басталып, бизнесім шығынға батты. Ешқандай кіріс болмады, тек шығын көп болып, күйеуім екеуміз үйімізді, көлігімізді сатып, несие төлеуге мәжбүр болдық, бірақ бұл да жеткіліксіз болды. Содан соң банкте кепілдікте тұрған мейрамхананы сатуға бел будым. Оны салуға 120 миллион теңге жұмсалды, сол кезде оны 80 миллион теңгеге бағалады, бірақ мен оны 60 миллионға ғана сата алдым. Осы қаражатқа несиелерді жауып, баспанамыз болсын деп, шағын пәтер сатып алдым. Менің проблемаларым осымен бітті деп ойладым, мейрамханаға қатысты барлық құжаттарды жойып жібердім. Алайда кейін Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің мейрамхананы сатқаным үшін менен 6 миллион теңгеге салық есептегенін білдім. Сатудан кіріс түссе, төлер едім, бірақ мен шығынға ұшырадым. Оның үстіне күйеуім екеуміздің бүкіл есепшоттарымызды бұғаттап тастады, – дейді Айсәуле Әлиева.
ҚР Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолданғанын айтты.
- Олар мұны «өсім» ретінде қарастырып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, шығын 120 миллион теңгені құраған, нысан 80 миллионға бағаланған – минус 40 миллион, іс жүзінде 60 миллион теңгеге сатқан – тағы да минус 20 миллион, өсім қайда? Сіздерге өзіңіздің шығындарыңызды дәлелдеп, барлық қажетті құжаттарды ұсыну керек. Мәселеңізді шешуге біз де атсалысамыз, — деді С.Жолдыбаев. Ал Ерұлан Серікқалиев Антикордың материалдармен мұқият танысып, МКД қызметкерлерінің әрекетінің заңдылығын тексеретінін атап өтті.
Кәсіпкер Атабек ҚАРАҒҰЛОВ үш жылдан бері жер теліміне инженерлік желілер жүргізе алмай жүр. Оның айтуынша, басқа бір кәсіпкер іргелес жатқан жерлерді заңсыз қоршап алған.
- Үш жылдан бері әкімдік пен жер инспекциясының арасында жүрмін. Барлық техникалық шарттарды алдым, бірақ коммуникация жүргізе алмай жүрмін, өйткені учаскені басқа кәсіпкер қоршап алған. Сот шешімі оның әрекетін заңсыз деп таныды, бірақ әзірге ештеңе өзгерген жоқ. Жер инспекциясы білгенімен, еш шара қолданбай отыр. Ол жерде жалғыз мен емес, аумақты қоршауға байланысты бірнеше кәсіпкерге де қолайсыз болып отыр, - деді Атабек Қарағұлов.
Антикор басшысы кәсіпкерге басқа да бизнес субъектілерімен бірлесіп, оларға ұжымдық арыз жазуды ұсынды. Мәселені шешу мақсатында әкімдік пен жер инспекциясы өкілдерімен кездесу ұйымдастыру жоспарланған.
Кәсіпкер Еркебұлан ӘЖІҒАЛИЕВ сауда алаңы құрылысының эскиздік жобасын мақұлдата алмай отыр. Кәсіпкер екі рет қана өтініш бергенімен, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі оны үшінші рет қабылдамай отыр. Осыған байланысты ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне және Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасына үндеу жазған. Ерұлан Серікқалиев оның өтінішін Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қарап, мәселені шешуге көмектесуге уәде берді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған суреттер