Шілдеде Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы қалада он тұрғын үй кешенінің заңсыз салынып жатқанын мәлімдеді. Бұл - «Жібек жолы», «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat», «Мальтийский дворик», «NB Towers», «Сұлтан Бейбарыс», «Green park» және «Хан сұлтан» тұрғын үй кешендері. Қазір «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat» тұрғын үй кешендері бойынша сотқа дейін тергеу істері жүріп жатыр. Ал «Жібек жолы» тұрғын үй кешені бойынша сот ісі аяқталды.
Бұл туралы «АЖ»-ға Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы Нариман БИҒАЛИ хабарлады. Сот ісі пайшылардың талап-арызы негізінде қаралды.
Бас сенімхат Ағия ЮСУПОВАҒА тиесілі. Оның әкесі Қалдыбай ЮСУПОВ «Жібек Жолы Инвест Групп» ЖШС басшысы. Істе «Ақмаржан-Атырау» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Ербөлек САРДАРБЕКОВ те бар. Бұл адамдар Атырау қалалық №2 сотының 22 маусымдағы үкімімен алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, Атырау қаласы Б.Құлманов 111/1 мекенжайында орналасқан «NB Towers» тұрғын үй кешені де заңсыз салынғаны анықталған. Осы кешенге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, қорытындысында ӘҚБтК 316-бабының 1-тармағы, 321-бап және 463-бапқа сәйкес («Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, объектiлердi және олардың кешендерін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу)») кінә тағылды.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары рұқсат құжаттарын рәсімдегенше 2 ай мерзімге тоқтатылды.
Айта кетсек, жоғарыда аталған басқа тұрғын үй кешендері де осы бап бойынша тексеріліп жатыр. Н.Биғалидың айтуынша, құрылыс бастар алдында құрылыс салушы компаниялар Атырау қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімінен бастапқы құжат сәулет-жоспарлау тапсырмасы және эскиздік жобасы келісім алғаннан кейін жұмыс жобасы жасақталып, сараптама ұйымдардың оң қорытындысын алып, басқармаға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама жолдауы тиіс.
Бүгінде «Жібек жолы» кешені жоба бойынша 9 қабатты болса, қазір 8-қабаты салынып тұр. «Байсанат» жоба бойынша 12 қабатты болса, қазір 4-қабаты тұрғызылған. «Saraishyk» кешенінде жоспарлағандай 9 қабаты түгел салынған. «Qazanat» жоба бойынша 5 қабатты, соның 3 қабаты салынған. «Мальтийский дворик» жоба бойынша 8 қабатты, ал қазір 7 қабаты тұр. «NB Towers» бойынша 12 қабатты үй салынған. «Сұлтан Бейбарыс» жоба бойынша 12 қабатты, қазір 7 қабатымен тоқтап тұр. «Green park» пен «Хан сұлтан» да жоба бойынша салынған.
- 2019 жылдың 26 желтоқсанында («Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы») ҚР Президентінің №229 Жарлығы күшіне енді. Бұл шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында енгізілген шара. Дегенмен бұл мораторийді теріс бағытта пайдаланып, шеттен шығып жатқандар бар. Қазіргі таңда құрылыс нормаларын реттейтін кодекс әзірленіп жатыр. Бұл кодексті 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр, - дейді Н.Биғали.
«Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ жергілікті филиалының директоры Эльдар МҰХАНБЕТЖАНОВ Атырауда тұрғын үй салумен айналысатын 30 шақты компания бар екенін айтады. Оның он шақтысы Ақтаудан келген құрылыс компаниясы болса, қалғаны жергілікті. Э.Мұханбетжанов құрылыс компанияларының көбі рұқсат құжаттарды рәсімдеп алмай, құрылысты бастап кетуін шағын және орта бизнесті тексеру мораторийімен байланыстырады.
- Көбі ешкім тексермейді деп, сол мораторийге сеніп, жоба сараптамадан өтпей тұрып бастап кетеді. Заңында бәрін өз ретімен жасау керек. Олар мұны уақыт жоғалтпау үшін істейді. Өкінішке орай, құрылыс бастап кеткенімен жоба дұрыс болмай кері қайтарылуы мүмкін. Сөйтіп, соның кесірінен құрылыс тоқтап қалады, - деп пікірімен бөлісті құрылысшылардың мүддесін қорғаушы Мұханбетжанов. - Болмаса, ГАСК тапсырылған құжаттардан қате тауып алуы мүмкін. Бірақ бізде қалай, құрылысты соған қарамай тоқтатпайды. Сосын құрылыстың заңсыз салынып жатқанынан ГАСК хабары болмауы мүмкін. Онда маман аз, тексеретін маман да жеткіліксіз болуы мүмкін. Қалада қанша нысан салынып жатыр, оның бәрін тексеретін адам керек.
– Яғни, үй сараптамасыз салынса, кез келген сәтте құлауы мүмкін ғой? Құрылысты рұқсат алмай тұрып бастап кететіндердің артында кепіл ретінде тұрған бір дөкей болуы мүмкін және рұқсат болмаса да проблема туындамайды деген ойға жетелейді...
- Мүмкін, бірақ дәлел жоқ.
Бір өндіріске біріктірілген "Байсанат", "Saraishyk", "Qazanat" тұрғын үй кешендері бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бір құрылтайшы қамауда, екіншісі үйқамақта, тергеу жүріп жатыр, зардап шеккендер саны 200-ден астам адам.
Айнұр САПАРОВА