Атырау, 23 қараша 05:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандыру үшін аймақ ішіндегі интеграцияны дамыту қажет – маман пікірі

1 994 просмотра

Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандыру үшін аймақ ішіндегі интеграцияны дамыту қажет. Бүгін Астанада өтіп жатқан аймақтағы қауіпсіздік пен Ауғанстандағы ахуал мәселелеріне арналған халықаралық конференция барысында ҚР Қарулы Күштері Бас Штабы бастығының бірінші орынбасары, генерал-майор Руслан Алимов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандырудағы ең тиімді амал – бұл аймақ ішіндегі интеграцияны дамыту. Нақ осы жол арқылы біздің өңірдің қақтығыс әлеуетін төмендете аламыз, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, су-энергетика және өзге де қарама-қайшылықтардың түйінін тарқата аламыз», - деді Руслан Алимов.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдері жыл сайын мемлекет қауіпсіздігіне төнген ортақ қауіп-қатермен күресу үшін күш біріктіру қажеттілігін мейлінше сезінуде.

«Елдер арасындағы өңірлік қарым-қатынастың негізінде халықаралық лаңкестік, діни экстремизм, есірткі саудасы және өзге де қауіп-қатерлермен күреске бағытталған бірлескен іс-шараларды әзірлеу жатыр. Бұл қатерлердің өңірде таралуы ұзақмерзімді сипатқа ие болды, олар саяси жүйелердің өтпелі кезеңіндегі қиындықтарға, сондай-ақ әлемдегі жаһандық саяси өзгерістерге байланысты туындады. Әлбетте, аймақтық қауіпсіздік мәселесі сыртқы, сондай-ақ ішкі сипатқа ие», - деп атап өтті ҚР Қарулы Күштері Бас Штабы бастығының бірінші орынбасары.

Генерал-майордың пікірінше, бірыңғай өңірлік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру түйткілді мәселелердің бірі болып отыр.

«Бұл, шын мәнінде, өңір үшін проблема болып табылады. Бүгінде осы жүйені дамыту мәселесі туындап отыр. Қаншалықты ол қазіргі заманғы геосаяси жағдайды көрсетеді және жаһандық үдерістерге қалай жауап береді. Өңірдегі өзге елдер тәрізді Қазақстан үшін де жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге белсенді қатысатын уақыт келді», - деп сөзін қорытындылады ол.

Дереккөз: bnews.kz

11 сәуір 2013, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.