Атырау облысының биылғы бюджетін облыстық мәслихат 623 млрд 453,4 млн теңге деп бекіткен. Былтыр 2022 жылы облыс бюджетінен 696 млрд 200 млн бөлінген. Соның 29 млрд 482,4 млн теңгесі игерілмеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облысы қаржы басқармасы басшысы Мейіржан МҰҚАСОВ хабарлады.
Былтыр республикалық бюджет трансферттерінің көлемі 127 млрд 166,2 млн теңге құраған. Соның 4 млрд 818 млн теңгесі игерілмеген. Ал, ҚР Үкіметі резерві есебінен бөлінген 1 млрд 331,3 млн теңге толығымен игерілген.
М.Мұқасовтың айтуынша, былтыр қаржының игерілмеуіне негізінен құрылыс материалдарының бағасы қымбаттауына байланысты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың жобаларына түзету енгізілуі және құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден қалып қоюы себеп болған. Мәселен, музыкалық мектеп құрылысы (77,7 млн.тг); инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысы (1 469,3 млн. тг); жолдардың құрылысы (1 563,0 млн.тг) спорт объектілерінің құрылысы (26,4 млн.тг) кешіктірілген.
Сонымен қатар облыс бойынша қаржы басқармасы қала және аудандардың коммуналдық меншігіндегі 122 мүлік сатылып, бюджетке 94,6 млн теңге қаражат түскен.
Былтыр жалпы құны 12,9 млрд теңгені құрайтын 7 551 коммуналдық мүлік қабылданып-табысталған. Коммуналдық мүлікті алу-беру бойынша жалпы құны 29,7 млрд теңгені құрайтын 4 млн 403 мың 646 мүлік қабылданып-табысталған. Былтыр есептен шығаруға 272 мыңнан астам мүлік ұсынылып, олардың 269 мыңнан астамына есептен шығаруға келісім берілген.
Қаржы басқармасы мемлекеттік сатып алулардың Атырау облысы бойынша бірыңғай ұйымдастырушысы. Былтыр жалпы сомасы 232,1 млрд теңге болатын 386 конкурс ұйымдастырылып, ұйымдастырылған конкурстар бойынша 6,8 млрд теңге үнемделген.
Биыл облыс бюджеті 623 млрд 453,4 млн теңге деп қарастырылса, оның ішінде облыстық бюджеттен республикалық бюджетке 155 млрд 010,8 млн теңге беру жоспарланған. Бұл салықтан түскен қаржыдан республикалық бюджетке аударылуы тиіс алымдар.
Республикалық бюджеттен трансферттер мен кредиттерге 57 млрд 569,4 млн теңге жоспарланды.
Айнұр САПАРОВА