Атырау, 11 желтоқсан 04:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

«Маған тапсырыс берген адам керек»

Сурет
2 054 просмотра

23 қаңтарда Атырау қалалық №2 сотында «Дорожный контроль» ақпараттық порталының тілшісі Олеся ВЕРТИНСКАЯҒА жасалған шабуылға қатысты сот ісін қарау басталды. Іс бойынша 23 жастағы жергілікті қала тұрғыны, бұрын сотталмаған Әлібек МЕЛЛЯТОВ айыпталып отыр.

А.Меллятов өз кінәсін толық мойындап, сот залында жәбірленушінің алдында кешірім сұрап, процессуалдық келісімге келуді сұрады. Жәбірленуші кім тапсырыс бергенін айтса, процессуалдық келісім жасасуға келісетінін айтты. 

- Мен бұл адамды бірінші рет көрдім және онымен бұрын-соңды жанжалдасқаным жоқ. Ол біреудің нұсқауымен әрекет еткен.

Алайда, сотталушы өзіне ешкім тапсырыс бермегенін, бұған дейін Вертинскаямен бірер күн бұрын жеке араздасып қалғанын алға тартып, артынан аңдып барып, соққыға жыққанын айтты. 

«ОРТАША ДЕҢГЕЙДЕ ЖАРАҚАТ АЛДЫМ...»

Еске салсақ, қастандық 19 шілдеде жасалған. О.Вертинская үйінен шыққан кезде белгісіз бір жігіт келіп, көмек сұраған. Артынша оның бетінен ұрған. Құлап қалған Олесяны Меллятов тебе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам оны арашалап, жәбірленушінің ұлы жедел жәрдем көлігін шақыртқан.

Сот-медициналық сараптама Вертинскаяның денсаулығына бес пайыз зиян келтірілген және жеңіл жарақат алған деп көрсеткен. Жәбірленуші мұнымен келіспейтінін, өзін орташа дәрежедегі жарақат алдым деп есептеп, мұрын сүйегінің сынған жері мазалап, әлі күнге дейін тыныс алуы қиын екенін алға тартты. 

Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ тараптар процессуалдық келісімге келуге 3 ақпанға дейін уақыт беретінін, егер келісімге келмесе, сот ісін қарау 3 ақпан күні жалғасатынын айтты. 

Олеся Вертинская өзіне жасалған қастандықты өзінің кәсіби қызметімен және 2022 жылғы қаңтар оқиғасымен байланыстырады. 

ТҮГЕЛ ӨШІРІЛМЕГЕН БЕ?

Олеся Вертинская Қаңтар оқиғасына қатысқаны туралы еске саламыз. 5 қаңтарда Исатай мен Махамбет алаңында ол «Дорожный контроль» ҚБ ақпараттық порталының меншікті тілшісі ретінде болып жатқан жағдайдың бәрін камераға түсіріп алған. 7 қаңтарда оны үйінен алып кетіп, ҚПБ-на апарған, жауап алу кезінде психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоққы көрсеткен. Келесі күні оны үйінен алып кетіп, бұл жолы «Динамо» спортзалынан бір шыққанын айтты. Оның ұялы телефонын тартып алған, «Дорожный контроль» редакциясы үшін дайындаған барлық бейнематериалдарды жойып тастаған. Вертинскаяға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы («Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған, бірақ сотта ол митингіге қатысушы емес, тілші ретінде кәсіби міндетін атқарғанын дәлелдеді. Сөйтіп сот қылмыс құрамының жоқтығынан істі тоқтатты. 

«Динамодан» кейін ол күш құрылымдарының әрекеті бойынша арыз берген. Кейін «азаптау» туралы іс «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» бабымен қайта сараланған. 30 желтоқсанда Антикор қызметінің жауабында істің қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылғаны анықталды. Айтпақшы, Вертинская полиция қызметкерінің өзінің үйіне келіп қоқан-лоққы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтқан. Осы бейнежазбамен ол облыс прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ қабылдауында болған. Жұмақанов бұл видеоны көрген-көрмегені есінде жоқ екенін, бірақ істі қайта қарауға тапсырма бергенін айтады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

24 қаңтар 2023, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.