Атырау, 11 желтоқсан 05:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қаңтар оқиғасы бойынша сот үкімі: ешкім абақтыға қамалған жоқ

1 562 просмотра

23 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар оқиғасы туралы іс бойынша сот үкімі шықты.

27 айыпталушыға қатысты іс өткен жылдың 31 тамызынан бері қаралған еді. Оларға күш қолданумен, ойрандаумен, мүлікті жоюмен, қиратумен жүретін жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты, билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға шақырды, ұрлық жасады, қызметтік қоймаға заңсыз кіру арқылы тонады, алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұқты, атыс қаруын ұрлады деген және Қылмыстық кодекстің басқа да баптары (ҚК 272-бабының 2, 3-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігі, 191-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы, 200-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, 200-бабының 4-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігінің 1, 4, 8-тармақтары, 380-1-бабының 2-бөлігінің 6-тармағы, 287-бабының 4-бөлігі, 291-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 5-тармағы, 291-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы 2022 жылғы 11 шілдеден өзгертілгенге дейін) бойынша айыптар тағылды.

- Сот талқылауы барысында сотталушылардың әрекетінің саралануы өзгертіліп, прокурор сотталушылардың әрекеттерін онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтарға қайта саралаумен жаңа айыптау актісін жасады, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі. - Сотталушылар кінәсін мойындай отырып, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді дауламай, мәміле түрінде процессуалдық келісім жасауды сұрады.

Сот тергеуі барысында прокурордың, сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жәбірленушілердің келісімі арқылы кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасалды. Процессуалдық келісімінің жасалуына байланысты сот істі келісім өндірісімен қарауға көшті.

Жаза тағайындау кезінде сот шынайы өкінгендерін, асырауында кішкентай балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. 26 айыпталушыға қатысты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Азамат Ибраемовқа қатысты сот қылмыстың қайталануын ауырлататын мән-жай деп таныды. Оған Қылмыстық кодекстің 55-бабы 4-бөлігінің нормалары қолданылып, оның әрекетінде қылмыс қайталанды деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Қалған 26 айыпталушыға қатысты «Рақымшылық туралы» заң қолданылды. Екі сотталушы -Әлібек Сарманов пен Ғалымжан Дәулетов 2022 жылғы 2 қарашадағы «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

17 айыпталушы – Оралбек Айсин, Дулат Бекжанов, Ринат Әбішев, Дамир Сансызбаев, Жалғас Малимов, Думан Кенжебай, Манас Олжағалиев, Есенжан Ғинаятов, Мұса Исенгереев, Мұрат Жанғалиев, Иманғали Шамұратов, Нұрлыбек Дүйсенов, Алтынбек Нагимов, Шыңғыс Бозшиев, Дәулет Тажиков, Нариман Сартаев, Асланбек Қоянбаев – «жазасының өтелуіне байланысты» қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жеті айыпталушы - Еркебұлан Балтабаев, Бисен Тілеуғалиев, Ерқанат Ещанов, Сағат Жолдасов, Асылан Хатим, Нұржан Буканов, Медет Нарышевқа бас бостандығынан айырумен байланысты емес шартты түрде 9 ай жаза тағайындалды. Үйқамақтан бастап тергеу изоляторына дейінгі аралықта оларға бір күн екі күнге есептеледі. Сондықтан үкім заңды күшіне енгеннен кейін олар орташа есеппен бірнеше күннен төрт айға дейін шартты мерзім жазасы қалды.

Барлық айыпталушы сот залында босатылды. Үкім оқылып болған соң, зал ду қол шапалақтады.

Айнұр САПАРОВА

24 қаңтар 2023, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.