Атырау, 12 қазан 14:16
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Астана бюджетті қысқартып тастады

4 214 просмотра

Жұма күні, 3-ші желтоқсанда облыстық мәслихаттың 25-ші сессиясы болып өтті. Көптеген басқарма басшылары мен депутаттардың көңіл-күйлерінің қошы болмады. 2011 жылдың бюджеті қомақты түрде қысқартылыпты.

БЮДЖЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ БАСПАНА ЖОСПАР БОЙЫНША БЕРІЛЕДІ

Бірінші боп 2008-2010 жылдардағы тұрғын үй бағдарламасының орындалуы туралы құрылыс басқармасының бастығы Зейнолла МАНЕНОВ баяндады.

Жоспар бойынша миллионнан астам «шаршы» баспана салынуы тиіс болатын: олардың ішінде жалға берілетіні – 27,1 мың, мектеп және аурухана қызметкерлері үшін несиеге – 11,6 мың, бюджеттік несие бойынша – 25,6 мың, коммерциялық – 201,4 мың, жеке – 858,1 мың, басқа үйлер – 39,5 мың шаршы метр. Өткен екі жыл және ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 1287,6 мың шаршы метр баспана, атап айтқанда 9112 пәтер пайдалануға берілген.

Жалдамалы баспана бағдарламасына (пәтерлер мемлекет меншігінде қалып, ал пәтер жалдаушылар 2-3 мың теңге мөлшерінде азғана төлемақы төлейді) облыс бір жарым миллиард теңге бөлген. Бүгінде барлық сома дерлік игерілген.

Дәрігерлер мен педагогтарға арналған несиелік үйлер 670 млн. теңгеге салынған. Үйлердің құрылысы бір кездері бос жатқан далалық жерге - Нұрсая ықшамауданынан бой көтерді. Осы жерге және қаланың басқа жерлерінен инженерлік тораптарды салуға үш жыл ішінде 7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Өткен жылы үйлер көп салынды. Бюджет қаржысына салынған 42,8 мың «шаршы» баспана пайдалануға берілді. 2008 жылы «бюджеттік» баспана алаңы 37,8 мың шаршы метрді құрады. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айларында бар болғаны 19,9 мың шаршыны құрап отыр.

Қазір Нұрсая ықшамауданындағы 208 пәтерден тұратын 5 жалдамалы үйдің құрылысы аяқталды. Тағы 135 пәтер осы жерден салынып жатыр. Облыстық әкімдіктің есебінен Сырым Датов көшесінің бойында теміржол бөлімшесіне қарама-қарсы бес қабатты коммуналдық үйлер салынуда. Алайда олар биыл беріле ме? Маненов мырза бұл туралы жақ ашпады. Өткен сессияда облыс әкімі депутаттарға облыс бюджетінде қаржының жетіспеушілігі салдарынан олардың құрылысын аяқтау 2011 жылдың наурыз-сәуір айларына қалдырылды деп хабардар еткен болатын. Желтоқсан айында Нұрсая ықшамауданындағы 59 несиелік пәтерлер тапсырылмақ.

ЖОЛДАР: АУДАНДАРДЫҢ КЕЗЕГІ КЕЛДІ

Келер жылдың бюджеті қысқартылатындығы туралы қауіпті облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бауыржан ОРЫНҒАЛИЕВ растады. Ол 2011-2013 жылдардағы облыс бюджетінің жобасы бойынша ақпараттар ұсынды.

2011 жылы бюджет кірісі 99,9 млрд. теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Республикалық бюджеттен 20 млрд. теңгедей сомада трансферттер болады деп жоспарлануда. Мемлекет қазынасына алынатын сома 41,7 млрд. теңге құрамақ. Дегенмен де бюджеттен 120 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Транспорт пен коммуникацияға 2,2 млрд. теңге бөлінеді. Облыстың бас қаржыгері соңғы соманың 96 пайызы аудандардың жолдарын салуға жұмсалатынын атап өтті. Өткен жазда облыстық әкімдіктің Атырау қаласының көшелері мен аула жолдарын жөндеуге бөлген қосымша транштың сомасы 10 млрд. теңге құрағанын ескерсек, бұл өте аз.

Бауыржан Орынғалиев келер жылдың даму бюджеті 2 есеге – биылғы жылы 28 миллиардтан бастап келер жылы 14 миллиардқа дейін  қысқарғандығын ескертіп өтті. Оның 5 млрд. теңгесі Атырау мен Құлсары қалаларындағы балабақшалардың, спорттық, экологиялық нысандардың құрылысын жалғастыруға, сумен қамту және газдендіру жұмыстарына жұмсалатын болады.

ЭНГЕЛЬСПЕН ЖӘНЕ КАЛИНИНМЕН ҚОШТАСТЫ

Білім беру, мәдениет және спорт нысандарының атауларын өзгерту жөнінде тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Гүлжан САБИРОВА баяндама жасады.

«Мұнайшы» спорт кешені енді революцияға дейінгі қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф және әкім Мақаш Бекмұхамбетовтің есімімен аталатын болады. Қайыршақты селолық округінің Талқайраң поселкесіндегі мектеп енді осы мектептің түлегі, педагог Кенжеш Есмұхановтың есімімен аталады. Политехникалық колледж ұжымының өтініші бойынша осы оқу орнына мемлекет қайраткері, 1985-1988 жылдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саламат Мұқашевтің есімі берілді. Құрманғазы ауданының Сафонов селолық округінің Фридрих Энгельс атындағы мектебі енді Кеңес Одағының батыры Мұқат Мұсаевтың есімімен аталады. Ал осы ауданның Өрлі селолық округінің Калинин атындағы мәдениет үйіне Қазақстанның халық әртісі, күйші Бақыт Қарабалинаның есімі берілді.

Сессияның соңында депутаттарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ тыныштандырғандай болды. Ол егер 2011 жылға республикалық бюджеттен қосымша қаржы алу туралы мәселе шешілетін болса, олардың қайтадан бас қосатындықтарын айтты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.