Атырау, 19 қараша 10:28
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Алғашқы үкім жарияланды

2 374 просмотра
Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ

Атырау қаласының №2 соты былтырғы қаңтар оқиғасына қатысушы Ерлан ДӘУЛЕТЬЯРОВҚА қатысты үкім шығарды. Оған қатысты сот процесі оның біраз уақыттан бері құқық қорғау органдарынан жасырынып, іздеуде жүргеніне байланысты бөлек жүргізіліп жатыр.

Бірінші сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, дәлелдемелермен келісіп, адвокаты процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берді. Прокурор қарсылық білдірмеді.

Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында сағат 14:30 шамасында Дәулетьяровтың Атырау облысы әкімдігінің ғимараты алдындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, полицейдің бетінен жұдырықпен ұрғанын анықтады. Бастапқыда бұл айыпта «өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолданылды» делінсе, кейін ол «қауіпті емес» деп өзгертілді.

№2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, прокурордың, сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен сот тергеуі барысында кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасалған.

Судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ процессуалдық келісімге сәйкес жаза тағайындады: ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігі («Өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану») бойынша Дәулетьяровқа бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу, ал 272-баптың 2-бөлігі («Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу») бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ екі жағдайда да жазаны жеңілдетуге себептер табылды:

- 2022 жылғы 2 қарашадағы «Рақымшылық туралы» Заңының негізінде Е.Д. бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды. Ал ҚР 272-бабының 2-бөлігі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза ¾-ға, яғни бір жылға дейін қысқартылды және ҚК-нің 63-бабының негізінде бұл нақты қамау емес, шартты түрде, яғни бас бостандығын шектеу түрінде болады, - деді судья. 

Прокурор Абадан МАМЫРОВ дәл осындай жазаны сұраған.

Айнұр САПАРОВА

20 қаңтар 2023, 11:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.