Атырау, 11 желтоқсан 06:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

2022 жылдың қаңтарына оралсақ

2 194 просмотра

Биыл Қаңтар оқиғасына бір жыл. Ал, Атырауда ол бойынша айыпталғандарға қатысты үкім жақында шығады. Былтыр ақпанда Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал ҒИЛЫМ БАҚ беттерінде 28 қылмыстық іс тергеп-тексеріліп жатқанын хабарлаған. Оның ішінде,  1 іс терроризм актілері бойынша, 1 іс билікті басып алуға шақыру бойынша тергелуде деген болатын. Бүгінде бұл істер бойынша болды? Біздің облыстық прокурор Бауыржан ЖҰМАҚАНОВҚА жолдаған сауалдарымызға А. ҒИЛЫМНЫҢ қолы қойылған жауап келді. Сұрақ пен жауапты «АЖ» оқырмандарына сұхбат күйінде беруді жөн көрдік.

– Қаңтар оқиғасынан кейін Атырауда қанша қылмыстық іс қозғалды? «Терроризм» бабы және билікті басып алуға шақыру бойынша істердің тағдыры не болып жатыр?

- Қаңтар оқиғасы бойынша 52 қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта барлық қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданған, оның ішінде 18 іс сотқа жолданған, 18 іс тоқтатылған, 16 істің мерзімі үзілген.

28 адам ұсталып, оларға қатысты жаппай тәртіпсіздікке қатысу және ұйымдастыру, билік өкіліне қатысты күш қолдану, қаруды жымқыру деректерімен қылмыстық іс қозғалып, тергеліп, сотқа жолданды. Өткен жылдың 31 тамызынан бері сот талқылауы жалғасуда.

Облыстық әкімдікті басып алу дерегімен ҚК-тің 255-бабының 4-бөлігі («Қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, ҚР мемлекеттiк органдарының шешiмдер қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалған, адам өмiрiне қол сұғу») бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп, өткен жылдың 29 қыркүйегінде күдікті тұлғаның анықталмауына байланысты мерзімі үзілген.

Билікті басып алуға шақыру туралы іс бойынша ақпарат ҚПК-тің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Казіргі уақытта өндірісте Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс жоқ.

- Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп ұсталған азаматтардың азаптауға қатысты қанша арызы түсті? ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы («Адамдар тобы жасаған азаптау») бойынша арнайы прокурорлар тергеген қылмыстық істің тағдыры не болды?

- Азаптау дерегі бойынша 18 күдікті арызданған, 19 қаңтар 2022 жылы бұл арыздардың негізінде ҚК-тің 146-бабымен тергеп-тексеру басталып, 19 маусым 2022 жылы күдікті тұлғаның анықталмауына байланысты істің мерзімі үзілген.

- 5 қаңтарда қанша адам оқтан жарақат алды? Қанша адам көз жұмды?

- Қаңтар оқиғасы кезінде 8 адам оқтан жарақат алып, 1 адам қаза болған.

- Кім, қандай жағдайда оқ атуға бұйрық берді?

- Полиция қызметкерлерінің жаппай тәртіпсіздік кезінде қару қолдануы ҚР «Құқық қорғау қызметі» туралы Заңымен реттеледі және оның қолдануы заңды болып табылады. 

- 5 қаңтар күні Атырау қаласында атылған оқтардың баллистикалық зерттеулерінің нәтижесі қандай?

- Сот-баллистикалық сараптаманың қорытындысы бойынша Сіз қылмыстық процеске қатысушы болмағандықтан, ақпарат беруге мүмкіншілік жоқ.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

18 қаңтар 2023, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.