Атырау, 11 желтоқсан 06:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Көп ұзамай қаңтардағы митингіге қатысты үкім жарияланады

1 309 просмотра

Соңғы отырыста 27 айыпталушының барлығы кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісімге келді. Осы келісім аясында прокурор Дәулет АЙМАҒАМБЕТОВ соттан жазаны жеңілдетуді сұрады.

Бірақ оның алдында айыпталушы Әлібек САРМАНОВТЫҢ 2022 жылдың 15 қаңтарда ҚР ӘҚБтК 488-бабының 6-бөлігі («ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін митингілерге, демонстрацияларға қатысу, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса») бойынша кінәлі деп танылғанын мәлімдеді. Сондықтан прокурор ҚР ҚК-нің 272-бабының 2-бөлігі («Жаппай тәртіпсіздікке қатысу») бойынша айыптаудан бас тартатынын айтты, ал сол баптың 3-бөлігін («Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру») күшінде қалдыруды сұрады. Сонымен бірге, 3-ші бөлік бойынша жаза 2-ші бөлікке қарағанда әлдеқайда жеңіл екенін атап өткен жөн.

Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА прокурордың өтінішін қабылдап, Сармановқа енді ол ауырлығы орташа қылмыспен айыпталатынын түсіндірді. 

Бұған дейін сотқа сотталушылар мен олардың адвокаттарынан кінәні мойындау түріндегі процессуалдық келісімге келу жөнінде өтінішхат келіп түскен. Олар сотқа өздеріне рақымшылық жасау туралы өтініш те берген. Бірақ Зарема Хамидуллина Азамат ИБРАЕМОВҚА соттылығына байланысты рақымшылыққа ілінбейтінін, 2017 жылы жасаған қылмысы үшін жазасын өтегенмен, соттылығы 2023 жылдың желтоқсанында бітетінін еске салды.   

Кейін прокурор процессуалдық келісімді оқыды. Ол «билік өкіліне күш қолдану» айыбы бойынша істі болғандар «Рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес жазадан босатылатынын айтып, ал «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» айыбы бойынша сотталушыларды тоғыз ай бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Жаңа айыпқа сәйкес, аса ауыр қылмыс санатынан ауыр қылмыс санатына түскен айыпталушылар Ренат АБИШЕВ пен Оралбек АЙСИНГЕ прокурор 1 жыл 6 ай жазаны, Әлібек Сарманов пен Ғалымжан ДӘУЛЕТОВТІ рақымшылық заңымен жазадан босатуды, Азамат Ибраемовты үш жылға бас бостандығын шектеуді, ал қалған 22 айыпталушыны 9 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар прокурордың жария еткен процессуалдық келісімдегі ұсынылған жазамен толық келісеміз деп жауап берді. Кейбірі «істі әділ әрі объективті карағанынызға рахмет» деп, жәбірленушілерден сот залында кешірім сұрады.

Бұған дейін жәбірленуші полицейлер сотталушыларға кешірім бергенін, олармен татуласқанын атап өткен жөн.

Келесі сот отырысында айыпталушыларға үкім оқылады. Соттың қай күні болатыны кейін хабарланады.

Айнұр САПАРОВА  

16 қаңтар 2023, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.