Атырау, 11 желтоқсан 05:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

«Қаңтардағы митинг»: айыпталушылардың бәрі кінәларын мойындап, процессуалдық келісімге келуді сұрады

1 600 просмотра

10 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар оқиғасы бойынша 27 сотталушы жаңа айыптау актісімен танысып, оның мазмұнымен толықтай келісетінін, өз кінәларын мойындайтынын, ұсынылған дәлелдемелерді дауламайтынын мәлімдеп, соттан процессуалдық келісім жасауды сұрады.

Арасында жәбірленушілерден кешірім сұрап, татуласқанын да айтқандар болды. Солардың бірі - Азамат ИБРАЕМОВ. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА бұл қылмыстар бойынша жәбірленушімен татуласуына байланысты іс қысқармайтынын, бірақ сот жаза тағайындағанда ескеретінін мәлімдеді.

Жаңа айыптау актісіне сәйкес Ибраемовтың әрекеті ҚР ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігімен және 272-бабының 2-бөлігімен сараланған. Жауапталған жәбірленушілер оған ешқандай талабы жоқ екенін көрсетті. Осыған байланысты, прокурор Дәулет АЙМАҒАМБЕТОВ Ибраемовқа қатысты 380-бабының 1-бөлігін қолдануды тоқтатуды сұрады. 

Одан бөлек, сотталушы Бисен ТЛЕУГАЛИЕВ айыппен толық келісетінін айтып, алайда «көліктің шамын сындырды” деген бөлігімен келіспей, тек көліктің шамын  ұрғанын айтты. Судья айыптағы мән-жайлармен келіспеуге құқықтары бар екенін түсіндірді.

Еске салайық, 4 қаңтар күні сотта жаңа айыптау актісі оқылып, айыпталушылардың айыбы жеңілдеген болатын. Оны жеңілдетуге бұған дейін жәбірленуші полиция қызметкерлерінің сотта Қаңтар оқиғасы кезінде жеңіл жарақат алғанын, өміріне қауіп төнетін күш қолдану болмады деген жауаптары негіз болған. Олар сотталушыларға жеке арыз-талабы жоғын, бірақ билік өкілі ретінде шешімді сот қарауына қалдыратынын айтқан. Олардың кейбірі сотталушылар арасында 5 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде өздеріне араша түсіп, көмек бергендер де бар екенін мәлімдеді.

Бастапқыда 27 айыпталушыға ҚР ҚК-нің "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау", "Қаруды жымқыру", "Ұрлық", «Тонау», «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу», «Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру» айыптары тағылған болатын. Жаңа айыптау актісіне сәйкес, айыпталған үшеудің айыбы "аса ауыр қылмыс" санатынын "ауыр қылмыс" санатына түсірілді. Көбінің айыбы жәбірленушінің денсаулығына қауіпті күш қолдану» айыбынан «денсаулығына қауіпті емес күш қолдану» айыбына ауыстырылды. “Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу», «Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру», «Ұрлау», «Тонау» айыптары алынып тасталды. Сот жәбірленушілердің айғақтарынан бөлек, олардың дене жарақаттары туралы сот-медициналық сараптамасының қорытындысын, кәмелетке толмаған балаларының болуы және кінәсін толық мойындауын назарға алды.

Айыпталған 27 адамның төртеуі тергеу абақтысында отыр. Қалғаны үйқамақта және ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған. Бұдан бөлек, №2 қалалық сотта қаңтар оқиғасының тағы бір қатысушысы сотталып жатыр: бес баланың әкесі Ерлан ДӘУЛЕТЯРОВ жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, билік өкіліне күш қолданды деп айыпталып отыр.

Бұған дейін ол  іздеуде болған. Бірінші отырыста сотталушы өз кінәсін толық мойындап, дәлел дерегімен келісіп, адвокаты процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берді. Прокурор қарсылық білдірмеді.

«27-нің ісі» бойынша келесі сот отырысы 13 қаңтарға белгіленді.

Айнұр САПАРОВА

11 қаңтар 2023, 15:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.