Атырау, 29 қараша 00:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Грант алып, кәсібін дөңгелентіп отыр

Сурет
1 738 просмотра

Қызылқоғалық Гүлшат АРАЛБАЙ кәсібін дамыту үшін қайтарымсыз грантқа ие болды, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Ол Сағыз ауылының тұрғыны. Ол кәсіп ашуды ойластырғанда, жолдасы Нұрбек ӨРІСБАЕВ өрнектас өндіру туралы ұсыныс айтады, ауылда бүгінде ешкім мұнымен айналыспайды. Ерлі-зайыптылар жоба әзірлеп, оны конкурсқа жолдап, былтыр мемлекеттен 2 миллион 160 мың теңге грант алды. Ғаламтордан іздеп, жасақталған жобаға сәйкес пластикалық қалыптар, дайындалған ерітінділерді араластыратын екі бетон араластырғыш, қалыпқа құйылған ерітіндінің ауасын шығаруға арналған екі виброүстел, жерді нығыздап тегістейтін бір виброплита және қалыптар сатып алады. Қазір кәсібін жандандыра түскен олар тұтынушыларға өрнектастан басқа тұрғын үйлер мен ғимараттарға заманауи полифасад өнімін жасауды қолға алған.

- Әрине, жұмыстың оңайы жоқ екені белгілі. Полифасад өнімін жасаудың да өзіндік қиындығы жетеді. Бетон араластырғышқа құйылған суға тазаланып, жуылған ең ұсақ қиыршық тасты салып араластырады. Оның үстіне қажетті мөлшерде цемент және талшықты фибро қосылады. Әбден араластырған соң ерітіндіні қалыпқа құйғанда арасына арнайы сым темір салынады. Ерітінді құйылған қалыптар ағаш поддондарға салынып, виброүстелге қойылады. Виброүстелді іске қосқанда ол дірілдеп, ерітіндідегі артық ауаны шығарып, нығыздалып, қатаяды. Әр қалыпқа шамамен 10 келідей ерітінді кетеді. Дайын өнімді арнайы бөлмеге апарып, 24 сағат кептіреді. Міне осындай сатылардан кейін полифасад өнімі дайын болады. Бүгінде сапалы дайындалатын бұл өнім – қасбетті өңдеу мен әрлеуде таптырмас дүние. Өрнектасты дайындау жүйесі полифасадпен бірдей десе де болады. Онда тек цементпен бірге қиыршық құм қосылады, - деді Н.Өрісбаев.  

Гүлшат Аралбайдың айтуынша, олардың дайындаған өнімі сұранысқа ие. Ауданнан басқа көршілес аудандардан, тіпті ішінара қаладан да тапсырыс түседі. Олар бағасына, сапасына қарап, тасымалға кететін шығындарын есептеп тапсырыс береді. Мәселен, Сағыз ауылына жаяу жүргіншілер жолын салып жатқан мердігер мекеме 300 шаршы метр өрнектас алған. Шикізаттың дені ауылдан табылса, негізгі химиялық қоспалары Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алынады екен. 

- Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту мақсатында цех салуды жоспарлап отырмыз. Кәсіп кеңейсе, жаңадан жұмыс орны да ашылады. Жалпы ниеттенген жанға жасайтын жұмыс жетеді. Ізденіп, қызығушылық танытқандарға мемлекет тарапынан қолдау көп, - деді Г.Аралбай.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған суреттер

25 қараша 2022, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.