Бұл инвестициялық жобалар 2021 жылы іске қосылды және 2025 жылы аяқталуы тиіс. Олардың жалпы құны - 3 миллиард 950 миллион теңге. Оның 608 миллион теңгесін шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен, 3 миллиард 342 миллион теңгесін қаржы институттары арқылы тарту жоспарланған. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаның негізгі бағыты – тоғандарда балық өсіру және заманауи балық өңдеу зауытын салу.
«АЖ» сауалына облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ жобаларды «СЕВ КАСПИЙ ФИШ» ЖШС, «Каспий Балық» ӨК және «Абдулов Б.» ШҚ жүзеге асырып жатқанын айтты.
«СЕВ КАСПИЙ ФИШ» ЖШС Көптоғай ауылындағы тоғандарда балық өсіруді жоспарлап отыр. Фирманың Шортанбай ауылында балық өңдейтін зауыты бар. А.Сәдібекұлының айтуынша, «Каспий балық» ӨК-нің Бірлік (Утера) ауылында балық өңдеу цехы бар. Өздері де балық аулаумен айналысады, енді балықты тоғандарда өсіріп, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Жоба құны - 300 миллион теңге. Ал үшінші жоба Болат Абдуловтың «Абдулов Б.» шаруа қожалығында жүзеге асырылмақ. Ол Ресейден бекіре және тұқы балық түрлерін әкеліп, Шортанбай ауылдық округіндегі Қиғаш өзенінің бойындағы тоғанға өсіруді жоспарлап отыр. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінде атап өтілгендей, жобаның жалпы құны - 250 миллион теңге, оның 8 миллион теңгесі өз қаражаты есебінен, қалған 242 миллионы қаржы институттары арқылы тартылады деп жоспарлануда.
– Несие мөлшері мақұлданса, жұмысқа кірісеміз. Әзірге екі су қоймасына орын дайындап, мұздатқыш орнатып жатырмыз, – дейді Б.Абдулов.
Оның балық шаруашылығында үлкен тәжірибесі бар. Еңбек жолын Астраханьдағы Урицкий атындағы кеме жөндеу зауытында бастады, Шортанбай балық зауытында ұзақ жылдар еңбек етті. Соңғы жылдары жеке шаруа қожалығында отбасылық кәсіппен айналысады.
Айнұр САПАРОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер