Атырау, 29 қараша 02:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Лас сулар қолайсыздық туғызып отыр

1 751 просмотра

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстел барысында атыраулық кәсіпкерлер «Атырау облысы Су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына шағымданды. Олардың айтуынша, су бұру сызбаларының жоқтығы бизнес жүргізуге үлкен қолайсыздықтар туғызуда. Олардың нысандарын кәріз суы жиі басып қалады.

«Райхан» қонақ үй кешенінің өкілі Азамат ДОСЖАНОВ соңғы екі айда олардың нысаны үш рет «суға кеткенін» айтты:

- Апат қызметі біз хабарласқаннан кейін екі сағат өткен соң келді. Коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары кәріз құбырлары қайдан өтетінін сұрады, содан кейін орталық құдықты іздей бастады, бірақ оны таппады. Олар маған клапан қойыңыз дейді, бірақ орталық құдықтың қай жерде екенін коммуналдық қызметтер білмесе, мен оны қайда қоямын? Бұрын жертөлеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік, енді бәрін кәріз суы басып жатыр.

«Атырау облысы Су арнасы» КМК-нің ӨТБ бастығы Нәзира БОРАБАЕВА мұндай мәселенің барын мойындады. Оның айтуынша, қонақүй кешені орналасқан «Жилгородок» ықшамауданындағы кәріз желісі кәсіпорынның балансына 2012 жылы берілген.

– Бұрын осы ықшамауданға қызмет көрсеткен ЖШС банкротқа ұшырап, кейін бұл нысандар біздің балансқа өтті. Бірақ ешқандай құжат болмады. Бұл учаскеде кәріз желісі өткен ғасырдың 50-60 жылдары тартылған. Расында да, қазір бізде бұл ықшамауданның су бұру схемалары жоқ, - деп түсіндірді Н.Борабаева.

Коммуналдық кәсіпорын өкілдері мәселені қала басшылығына жеткізгенін, бірақ әзірге мәселе ашық күйінде қалып отырғанын растады.

Жеке кәсіпкер Әділхан ЗӘРИДЕНОВ «Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорнынан берілген тауар үшін төлемақысын ала алмай жүр. Ол коммуналдық кәсіпорын басшылығына хатпен шыққан, бірақ ақша жоқ деген ауызша ғана жауап алған.

– Біз суды тазарту үшін қолданылатын кальций гипохлорит жеткізумен айналысамыз. 3-4 ай бұрын тендерді ұтып алып, жеткізіп бердік, өз тарапымыздағы жұмыстың 90% дерлік орындалды. Тауар алуға ақша жоқ болғандықтан соңғы екі айда жұмыс тоқтап тұр. Бұрын Ресейден алатынбыз, кейін ол жақтағы қиындықтарға байланысты Қытайдан алуға тырыстық, бірақ сапасы төмен болып шықты. Қазіргі тауар ирандық, сапасы жақсы, бірақ өте қымбат. Ол әзір бар, бірақ таусылып қалса, суды қалай тазартатынын білмеймін. Егер кәсіпорын маған кепілдік хат берсе, қалай болғанда да бір жолмен шығындарымды есептей алар едім. Бұрын «Атырау облыстық Су арнасымен» жұмыс істеп келдік, мұндай проблемалар болған жоқ, - деді кәсіпкер.

«Атырау облысы Су арнасы» өкілдері бұл мәселені қаржы директорына жеткізуге уәде беріп, бүгінде кәсіпорынның қызмет ақысын төлеу бойынша бірқатар қарызы бар екенін айтты.

Бұдан басқа, кездесуде бүгінде КТС болмауынан қиындық көріп отырған Исатай ауданы кәсіпкерлерінің мәселесі талқыланды. Коммуналдық мекеме өкілдері тек қолданыстағы желіге қызмет көрсететінін, сондықтан бизнес субъектілері мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға хабарласу керектігін айтты.

Ауыл кәсіпкерлері де «Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорнының кәріз үшін есепшот шығаратынын, ал септикті сорғызу үшін өздерінің жеке ассенизаторларға ақша төлеп жатқанына шағымданады. Осыған орай, коммуналдық кәсіпорын өкілдері бизнес субъектілері оларға жеке ассенизаторлардың атқарған жұмыс актілерін беруі керектігін, содан кейін сома қайта есептелетінін ескертті. Кәсіпкерлер өздері ассенизатор қызметтерін ғана төлейтінін, ал қалдықтар кейіннен бәрібір «Атырау облысы Су арнасы» қызмет көрсететін резервуарға төгілетінін атап өтті.

Айнұр САПАРОВА

ӨКҚ жолдаған суреттер

11 қараша 2022, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.