Әлеуметтік желіде сарапшы Бағлан АЙДАШОВТЫҢ қызықты зерттеулерімен таныстым. Оның айтуынша, ол мемлекеттік білім грантын алу конкурсының қорытындысы туралы ақпаратты үш апта бойы зерделеген. Талдау MS Excel, MS Power BI және DAX құралдары арқылы жүргізіліпті.
Жарияланған грант иегерлерінің тізімі негізінде ол қандай мамандыққа түсу қиын, қай университетте бюджеттік орындар көп, грант иегерлерінің орташа балы қанша, қай университет ең ақылды студенттерді жинады деген сияқты сұрақтарға жауап алуды және болашақ түлектер үшін басқа да пайдалы ақпарат алуды жоспарлаған. Алайда басқа да қызықты нәрселерді анықтапты. Біздің өңіріміз туралы айтар болсақ, мемлекет Атырау және Маңғыстау облыстарының түлектеріне 10 мыңға жуық мақсатты грант бөлсе, оның 2294-і ғана, яғни 23 пайыздайы берілген. Біздің облысқа 4 мың грант бөлінгенін жазған едік (қалғаны Маңғыстауға кетті). Бірақ оған тек 775 түлектің қолы жетті.
Бұл сандардың қызықты екені соншалық, жалпы ел бойынша жағдайды айтқым келеді. 2022 жылы мектепті 171 мың адам бітірсе, оның 154 мыңы ҰБТ тапсырған. Тестілеуге қатысушылардың үштен бірі өту балын жинай алмаса, қалған 103 мың түлек қажетті ең төменгі 50 баллды жинады. Бірақ оның 80 пайызы ғана білім алу грантына құжат тапсырған.
75 мың грант бөлінеді деп болжанғанымен, жарияланған тізімде тек 56 мың грант иегері ғана болды. Мұның ықтимал себебінің бірі - баллдың төмен болуы. Мысалы, «балық шаруашылығы», «магистральдық желілер мен инфрақұрылым», «агроинженерия», «өсімдік шаруашылығы» және басқа да көптеген бағдарламалар бойынша 50 баллмен ғана грант алуға болатын еді. Барлық берілген гранттардың төрттен бір бөлігі дерлік «жеңілдік алушыларға» – ауылдық жерлердегі түлектердің және азаматтардың жекелеген санатының (оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққандарға) үлесінде.
Қазақстандық талапкерлердің орташа балы 88,5, мүмкін болатын ең жоғары баллдың орташа үлесі 63% құрады. Үздік 25 жоғарғы оқу орнына 56 мың гранттың 75%-ы, үздік 12 жоғарғы оқу орнына барлық бөлінген гранттың 48%-ы тиесілі. Түсінікті болу үшін: Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Astana IT University, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, «Нархоз» университеті және т.б.
Ең қиыны – Қазақстан-Британ техникалық университетіне (оның студенттерінің биылғы орташа балы 114,2), Астана медицина университетіне (113,9), Сүлеймен Демирел университетіне (112,7), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына (103,8), Astana IT University-не (102,9) түсу болған.
Грантқа іліккен студенттердің саны бойынша ең танымал мамандықтар: «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс», «Электротехника және энергетика», «Жалпы медицина», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбалар өндірісі», «Педагогикалық ғылымдар», «Азық-түлік өндірісі», «Электротехника және автоматтандыру», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы». Бұл мамандықтар бүкіл берілген гранттардың 38%-ын құрайды. Бұл ретте берілген гранттардың жалпы санының 7,5 мыңы немесе 14 пайызы «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандықтарының еншісінде.
Ең жоғары орташа өту балы – 136,4-ті құрайтын «Стоматология» мамандығы бойынша биыл небәрі 20 грант бөлінген. Оның жартысы Астана медицина университетіне тиесілі. Орташа өту балы бойынша алдыңғы орында халықаралық қатынастар – 126,9, фармация және қаржы – 122,1.
Ең оңайы «Ауыл шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуға грант алу екен – 53,9 балл. Бұл ретте гранттар көбірек бөлінген, бірақ ең төменгі өту балынан жоғары балл жинағандар ғана алған. «Материалдар өндірісі (шыны, қағаз, пластмасса, ағаш)» – 55,9 және «Көлік құрылысындағы ғимараттар» – 56,1 мамандықтары бойынша да грант баллы төмен болған.
Биыл алғаш рет білім беру грантының жаңа түрі – «Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлері жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім гранты» белгіленді. Атырау және Маңғыстау облыстарының талапкерлеріне 10 мың мақсатты грант бөлінді. Дегенмен, біздің облыстан 775, Маңғыстаудан 1519 түлек қана грант иеленді. Осы квоталар бойынша өткендердің орташа баллдарын салыстыратын болсақ, жалпы балмен салыстырғанда орташа баллдар төмен екені байқалады. Мақсатты грантқа ие болған атыраулық түлектердің орташа балы – 83,7, маңғыстаулық түлектердің – 81,2.
– Маңғыстау, Атырау облыстарындағы жастарға мемлекет тарапынан тегін жоғары білім беру әрекеті әзірге онша жақсы нәтиже бермеді. «Атырау-Маңғыстау» мақсаттық гранттары игерілмеді, - дейді Бағлан Айдашов.
Грантқа ие болған атыраулық түлектер көбіне «Ақпараттық технологиялар» (168 адам), «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» (58), «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» (55) мамандықтарын таңдаған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА