Атырау, 29 қараша 14:40
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Шағын елдің» сезімтал шипагерлері

Сурет Бейнежазба
1 197 просмотра
Зефир мен Форсаж

15 қыркүйекте пара-ат спорты бойынша Қазақстан чемпионаты басталады. Қазір күн сайын қарқынды жаттығулар өтіп жатыр. Бұл жерде жылқы төрт емес, екі аяқтап бүйірімен 90 градуста тігінен 6 секунд тұру қажет. Алтын ұтып алудың қатаң ережесі көп. Ат та, шабандоз да бірін-бірі жақсы түсінеді, өйткені екеуі де ерекше: бала церебральды сал ауруымен ауырады, ал ат - соқыр.

ЕРНҰР-ЖЕҢІМПАЗ

Ернұр САТЫБАЛДИЕВ «Атырау. Шағын елге» 3 жасар сәби кезінде церебралды сал ауруы диагнозымен келген. Уақыт мұндай жандар үшін өтпейтіндей тым ұзақ көрінеді. Енді оның қорқынышпен, азаппен, шарасыздықпен өткізген күндері артта қалды. Міне, ол ат үстінде еңсесін тіп-тік ұстаған күйі бапкері Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЫҢ нұсқауын мұқият тыңдап отыр. Бір сөзбен айтқанда, 12 жасар баланың осынау таңғаларлық ерен жігері, дертіне дауа тауып, жеңіп шығуы кез келген ересек адамның қолынан келмейді.

ЗЕФИР

Зефирдің кекіліндегі түрлі-түсті резеңкелерді қыздар тарту еткен.

Сырттай қарағанда нәзік, салмақсыз көрінеді. Бірақ қызуқанды, сымбатты, қайратты – бұлшықеттері тартылған, асау жалды, сақ құлақты, нағыз күрескер. Ол қашан да алда болуы керек. Басқа аттар оған бойұсынып, жылдамдығын бәсеңдетіп, оны алға жібереді. Ол - Альфа. Бірақ оған кішкентай шабандоз Ернұр отыра салысымен, ол жүрісі бірқалыпқа түсіп, оңай тізгінделіп, көз алдымызда өзгеріп сала берді. Иә, бұл жылқы 10% ғана көреді.

АЛТЫН ЖҮЛДЕ

2019 жылы Атырау тарихындағы тұңғыш пара-ат спорты командасы Қазақстан чемпионатына дайындалу үшін Өскеменге аттанды. Бұл оқиғаның өзі әдеттен тыс еді - бізде аттар да, кәсіби жаттықтырушылар да болмады. Бірақ бізде Ерлан мен оның ынта-жігері, атыраулыққа тән бірбеткейлігі және YouTube-тен салт атқа міну сабақтарынан үйренген білімі ғана болатын. Басқа өңірлердегі тәжірибелі қатысушылар біздің пара-спортшылар алтын жүлде алған кезде таң қалды. Сондай-ақ ол кәсіпқой жаттықтырушы емес, шәкірттерін жарысқа қатыстыра алмайды деп, дәлелдеуге тырысқан бәлеқорлар да болды. Артық әңгіме болмас үшін, Ерлан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне оқуға түсіп, «дене шынықтыру және спорт жаттықтырушысы» мамандығы бойынша тағы бір жоғары білім алып шықты.

Енді Зефирге оралайық. Өзге өскемендік жылқылармен ең алғашқы жаттығу жасаған кезде осы ат қатты ұнаған.

- Ол бізді бірден баурап алды, – дейді Ерлан, – Бұл ат әлдебір түйсігімен спортшыларымыздың қандай зақымы бар екенін түсініп, соларға бейімделді. Бұл таңқаларлық еді.

Анықтама үшін: пара-ат жарысына түрлі дәрежедегі мүгедектер қатысады. Церебральды сал ауруымен ауыратындар, аяқ-қолдары жоқ, ақыл-ой дамуы әртүрлі, Даун синдромы және аутизмі бар спортшылар. Әрқайсысына аттың жүрісін, қарқынын таңдау керек; тіпті, тізгінін тарту сияқты ұсақ-түйек те әсер етеді. Зефир әрбір шабандозды жақсы СЕЗЕДІ.

Олар жарысқа дайындалған екі апта ішінде осы атты қатты ұнатып қалып, жылап қоштасты. Үйлеріне оралған соң да ұмыта алмады. Бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін иелері Зефирді сатуға келіскен. Қуанышта шек болмады. Бірақ содан кейін тағы бір ерекше жағдай белгілі болды. Бұл аттың жанына жақын серігі бар екен, ол болмаса өмір сүре алмайды, жұмыс істей алмайды, ас-су іше алмайтын көрінеді. Зефир ол жанында болса ғана өзінен талап етілген нәрсенің бәрін тамаша орындайды, көнбіс, көңілді болады екен. Жарыс алдындағы машақатпен жүргенде шетте жалғыз тұрған тұлпарға ешкім назар аудармапты.

ФОРСАЖ - БАҒЫТТАУШЫ

Бәлкім, екеуі ағайынды шығар, бір-біріне тамшыдай ұқсайды. Ерлан жылқылардың атқорасы жақын болса, олардың да жақындығы сезілетінін айтады.

Кез келген басқа сатып алушы жануарлар арасындағы ерекше сүйіспеншілікке сенбеуі мүмкін, сенсе де, жануардың назын құптай қоюы екіталай. Алайда, «Шағын елде» бұған түсіністікпен қараған. Сондықтан ажырамас достарды Атырауға бірге алып келіпті.

– Бәлкім, өскемендік қу жігіттер бұларды ажыратуға болмайды деп, Форсажды да сатып алсын деп, өтірік айтқан шығар? – деп күмәнімді білдірдім. Ал Ерлан қулана жымиып, Форсажды манеждан алып кетті. Осы кезде бұған дейін тыныш тұрған Зефир наразылана осқырынып қоя берді. Алыстан Форсаждың кісінеген жауабы естілді. Осындай жылқыларды көріп пе едіңіз? Ал мен куә болдым. Зефирді алып кетіп, Форсаж қалғанда да, дәл осындай жағдай қайталанды. Оларды шынында да ажыратуға болмайды екен.

- Бәлкім, бұл Зефирдің соқырлығына қатысты шығар. Ол тек 10% көреді - сұлбаларды, жарықты, қараңғылықты ғана, - дейді нұсқаушылар, - Бірақ шектеулі мүмкіндіктерге қарамастан, Зефир - Альфа, көшбасшы. Ал Форсаж, таң қаларлығы, оған бағынады. Оның үстіне, ол бағыттаушы рөлін атқарады.

ЧЕМПИОНАТТА БӨГДЕ АТТАРҒА МІНЕДІ

Дегенмен, Форсаж да, Зефир де шабандоздарымен біртұтас болғанымен, чемпионатқа қатыса алмайды. 2019 жылғыдай спортшыларымызға өздеріне ұсынылатын аттарға бейімделуге тура келеді. Мәнерлеп сырғанау үшін жарыс алдында жаңа коньки кигенмен барабар - бұл жақсы нәрсе емес. Бірақ жануарларды Өскемен сияқты қашыққа тасымалдау өте қымбатқа түседі. Сондықтан олар алдын ала барып, жаңа атқа  үйреніп, оларды да өздеріне үйретеді. Чемпионатқа Ернұр, 37 жастағы индерлік Арман Хасанов барады – ол апатқа ұшырап, мүгедек болып қалған. Ал 44 жастағы Айсұлтан Досалиевты ток соғып, ол көзі мен қолынан айырылған.

Ерлан Атырау даласына чемпионат ұйымдастыруды армандайды. Бұл үшін бәрі бар: аттар да, жаттықтырушы да. Енді әлемдік стандартта манеж салу керек. Ерлан – табанды жан, бәлкім, біраз уақыттан соң шуақтап жүрген тайлар шабандоздарына бір емес, бірнеше жеңіс әкелетін шығар. 

«Атырау. Шағын елде» жұмыс істейтін реабилитолог дәрігер Қалима ІЗІМОВА диагнозы тірек-қимыл аппаратына байланысты мүгедектерге арнайы әзірленген негізгі жаттығулардан өтуді ұсынды. 

Иппотерапия кезінде балалар атқа отырып қана қоймай, оны күтіп-баптайды: атқораға апарады, жалын тарап, өреді. Осының бәрі балаға қамқорлық жасау мен жауапкершілікті үйретеді.

– Ем-домның негізі – жануардың шабандозға беретін қозғалыс импульсі, – дейді Қалима Сағындыққызы. - Жылқының адамның жүрісіне ұқсайтын айрықша қимыл-қозғалысы, ерекше жүрісі бар. Науқас өзі білместен күш салады. Өйткені, ол құлап қалмай, тепе-теңдікті сақтап, қозғалыстарын үйлестіру үшін бұлшықеттерін жиырады. Атқа мінген шабандоздың бүкіл бұлшықеті дерлік жұмыс істейді, әдетте қозғалмайтын бұлшықеттердің бәрі іске қосылады.

– Эмоционалды жағымды әсерге келетін болсақ, оның маңыздылығын бағалау мүмкін емес, – дейді Ерлан. Айтпақшы, ол  кешенді оңалту саласында патенттелген авторлық иппотерапия авторы. - Бала жылқының жанында өзін әлдеқайда сенімді сезінеді. Церебральды сал ауруымен ауыратын балалар ат үстінде арбасыз және балдақсыз өздерін жақсы ұстайды. Атқа міну ағзаны босаңсытады, оған қоса қан ағымын жақсартады, бұл қозғалысты арттыруға және ми жасушаларын оттегімен тез қанықтыруға көмектеседі.

Қоршаған ортаға реакция болмаған немесе аз болған жағдайда әсерленушілік, көпшілдік сезімі артады.Ал гипербелсенділік пен сезім қозғыштығында тежелу пайда болады.

ЗЕФИРГЕ САЛТ МІНДІМ

Зефирге тек балалар мінгендіктен маған Форсажды жетелеп әкелді. Осы кезде Зефир ашуланып, тұяғымен жер тарпи жөнелді. Аһ, иә, ол бірінші болуы керек екен ғой. Нұсқаушылар бір-біріне абыржи қарап, біраздан соң Зефирді әкелді. Ол тек мұндағы жылқыларды ғана билеп-төстемейтінге ұқсайды. Ат маған мұқият қарады. Оның мені дұрыс көре алмайтынын білемін. Көңілім алабұртып, онымен байланыс жасауға тырысып жатырмын, ол да солай сияқты. Үстіне қонғанша, қозғалмастан тұрды. Ер-тоқым да, үзеңгі де жоқ. Масқара... Қалай отырамын? Менің толқыныма бейімделу үшін оған бір шеңбер жеткілікті еді. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, жайбарақат, қуанышты күйге ендім. Бәлкім, бұл жерге жиі келетін тастанды балалардың , дені сау және күшті болу үшін иппотерапия курстарынан өтіп жатқан балалар мен ересектердің бастан өткеретін сезімі де осы шығар.

...Дәрігер Қалима қолымды екі жаққа жаюды сұрады. Зефир қозғала бастады, ал мен оған сенімдімін: Зефир өз ісін білетін білікті шипагер.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор түсірген және Ерлан Күмісқалиев жолдаған суреттер

9 қыркүйек 2022, 14:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.