Атырау, 29 қараша 14:48
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Құлсарылық жүзімші

Сурет
1 579 просмотра

Жеріміз құнарсыз деген пікірге қарамастан, Құлсары қаласының тұрғыны Бауыржан ХАСАНҰЛЫ өз қаласында жүзім өсірумен айналысады. Ол өз тәжірибесін жерлестерімен және басқа қала тұрғындарымен қуана бөліседі.

6 сотық шағын жер телімінің көп бөлігін жүзімдік алып жатыр. Өнімнің жартысы сатылса, бір бөлігін үйіне қалдырып, қалғанын Бауыржан жетім балалар мен ерекше мұқтаждығы бар жандарға таратады.

Бала кезінен ата-анасы Бауыржанға өз үйінің бақшасындағы өсімдіктерді күтіп-баптауды үйретіпті. Оның өзіне де бұл ұнайтын. 18 жасында ол кездейсоқ YouTube желісінен жүзім жинау туралы видеоны көріп, бұл жидекті өз бақшасында өсіруді ойға алған. Бауыржан бірте-бірте интернеттен ақпарат жинап, Қазақстанның басқа қалалары мен Ресейден тәжірибе алмасуға дайын жүзім өсірушілерді іздей бастады. Алғашқы тәлімгерлерін Орал мен Волгоград қалаларынан тапты. Келесі кезекте көшеттерді табу керек болатын. Тапсырыс берген 30 көшеттен түрлі себептермен 5-еуі ғана Құлсарыға жетті. Жүзімші Бауыржанның хикаясы мен оның «Бауыржан жүзімдері» атты жобасы осыдан басталды.

Ол үйрену үшін жаңа мүмкіндіктер тапты, білімін қолданып, мұның барлығын жүзімдігінде қолданып, өз тәжірибесін жинады. Біраз уақыттан кейін Бауыржан жүзімнен жақсы өнім ала бастады, содан кейін оны көбейтуге бел буды. Бүкіл посткеңестік кеңістік аумағынан сирек сорттарды іздеп, әкеліп, көшет пен кесінді жасауды үйренді. «Нина», «Ризамад», «Зарево», «Юбелей Новочеркаска», «Викинг», «Кадрянка», «Водограй», «Памяти Нигруля», «Надежда АЗОС», «Изюминка», «Красотка», «Красава», «Днепровский сувенир», «Вепика», «Рембо» - бұл Бауыржанның 10 жыл ішінде жүзімдіктеріне еккен сорттардың бір бөлігі ғана.

БАСЫНАН АЯҒЫНА ДЕЙІН

Тәжірибе арқылы ол біздің тұзды әрі климаты қатаң жерімізде керемет өнім өсірудің екі ережесін шығарды. Біріншіден, жүзімге көп көңіл бөліп, жақсы күтім жасау қажет. Бұл ерте көктемде басталып, қоңыр күзде аяқталады. Бұталарды кесу, пішіндеу, азықтандыру және бұталарды шпалерге байлау - бұл бастамасы ғана. Екіншіден, органикалық заттар мен минералдарға негізделген тыңайтқыштармен тыңайту. Бірде бір грамм нитрат болмайды, тек органика. 10 компоненттен тұратын тыңайтқышты Бауыржанның өзі дайындайды. Маусым жүзім бұталарын қысқа дайындықпен аяқталады. Өңірімізде жүзім қақаған қысқа шыдамайтындықтан міндетті түрде жабылуы керек.

Бауыржан жүзім өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген кезде тәжірибелі жүзімші мәртебесіне ие болды.

Кесінді, көшеттер, жүзім шыбығы, бұтақтар ол қолданатын көбейту әдістерінің бірқатар тізімі. Бүгінде ол жылына 500-ден астам көшет өсіреді, оларды түрлі елден өзі сияқты энтузиастар сатып алады. Бірақ көшеттерді сатып алу жеткіліксіз, оларды отырғызып, күту керек. Кейін ересек бұталарға да күтім қажет. Ал бұл кәсіби білімді қажет етеді. Осылайша Бауыржан «А-дан Я-ға дейін жүзім өсіру» атты  өзінің оқу жобасын бастады.

Бауыржан сабақты онлайн және офлайн жүргізеді, өйткені ол тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, сонымен қатар Ресей, Түркия, Индонезия елдерінен қатысқысы келетіндерге де сабақ береді. Онлайн-оқыту - бұл әлеуметтік желі арқылы тікелей эфир жүргізу, ол тек теорияны ғана емес, тәжірибе жүзінде бәрін қалай жасау керектігін көрсетеді. Офлайн - бұл түгелдей тәжірибе жүзінде. Алған білім бірден қолданылады. Оның курсына балалар да, орта жастағы және қарт адамдар да қатысады. Зейнеткерлерге, жұмыссыздарға, мектеп оқушылары мен студенттерге тегін сабақ береді. Бауыржан өз сабақтарында жүзімдікті жоспарлау, топырақ пен торды дайындау, сорттар мен көшеттерді таңдау, отырғызу, тыңайту, қырқу және қысқа дайындау туралы кезең-кезеңімен әңгімелейді. Бұл негізгі тақырыптар ғана. Жүзім өсіру - маңызды ұсақ-түйектерге толы нәзік ғылым, оның қыр-сырын бөлісу керек. Бір уақытта 30 адамға дейін оқытуға болады, олардың 10-ы жеке немесе топпен оның жүзімдігінде және 20-сы онлайн режимінде оқиды. Бауыржан жүзім өсіруге құмар жандардың көбейгенін қалайтындықтан, жинақтаған тәжірибесі мен білімімен құлшына бөліседі.

– Өз ісіне осындай сүйіспеншілікпен, ұқыптылықпен қарайтын адамды сирек кездестіресіз. Оның үстіне жүзім - ерекше мәдениет. Оны өсіру кезінде кәсіби білім мен айтарлықтай тәжірибені талап ететін жайттар көп. Бауыржан ұлымдай жаста болса да, одан үйренерім көп. Оның үстіне, ол өз тәжірибесі мен білімін ғана емес, өнімін – жүзім жемісімен, кесінділермен, көшетімен де жомарттықпен бөліседі. Мұндай бастамаларды жан-жақты ынталандырып, қолдау көрсету керек, – дейді Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Сәуле оқудан алған әсерімен бөлісіп.

«БҰЛ ТАМАША ӨТІНІМ ЕДІ!»

Мүмкіндігінше көп адамды жүзім шаруашылығына үйрету мақсатына жету үшін жоба авторы биыл «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлер байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Бұл мәртебеде ол тәжірибе алмасу үшін ТМД-ның кез келген елінде тегін тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

– «Жарқыра» бағдарламасы Атырау облысында жеті жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Жыл сайын бағдарлама аясында әлеуметтік кәсіпкерлік идеялар байқауын өткіземіз, оған 80-120 өтінім түседі. Бірақ осы уақыт ішінде Бауыржан Хасанның өтінімінен асқан сапалы әрі тиянақты дайындалған өтінімді көрген емеспін. Оның өтінімі егжей-тегжейлі сипаттамалармен, нақты есептеулермен және сол уақытқа дейін өзі дайындаған адамдардың алғыс хаттарының көптігімен таң қалдырды. Тіпті мәтіннің өзінен де оның жүзімге деген көзқарасы сезіліп тұрды. Тренингтерде Бауыржан алған ақпаратты бірден өз жобасына бейімдеуге тырысты. Сұрақтар қойды, нақтылады, түзетулер енгізді. Бағдарламаның бүкіл жаттықтырушысы мен кеңесшілері бірауыздан оның жүзім шаруашылығына деген құштарлығын айтты. Ал жобасын қорғау кезінде ол нақты сандар мен көрсеткіштерді оңай қолданды, - дейді «Жарқыра» бағдарламасының үйлестірушісі Ирина ГОРБАЧЕНКО.

2016-2022 жылдар аралығында «Жарқыра» бағдарламасы бойынша 51 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Бұл – медицина саласындағы 4 жоба, 29 – балаларды дамыту және білім беру (оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға), 5 – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, 5 – әлеуметтік осал топтағы адамдарды оқыту және жұмысқа орналастыру, 2 – отбасын қолдау, 3 – экология және экотуризм, 2 – халық қолөнерін дамыту. Биыл алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты жоба –  Бауыржанның жобасы қолдау тапты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бауыржан Хасанұлы жолдаған суреттер

8 қыркүйек 2022, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.