Атырау, 5 қазан 00:22
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жол саласының ардагері Мәдениет РАХМЕТОВ: Жолды салу аздық етеді, оны күтіп ұстау керек

1 282 просмотра

Мәдениет РАХМЕТОВ – Қазақстанның жол саласының ардагері. 2001 жылдан бастап «Қазақавтодор» АҚ» ЖШС бас маманы, кейін жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Екі жылдай Атырау қаласындағы «Жол пайдалану учаскесі-81» мекемесін басқарды. Заман талабы мен жұмыс жағдайы өзгеріп жатыр, бірақ Атырау облысындағы жолдардың сапасы, оның пікірінше, жақсармай отыр.

– Мәдениет аға, Атырау жолдарының бұрынғы және қазіргі жағдайын салыстыра аласыз ба?

– Мен жол саласына жол құрылысы әлі қарқын ала қоймаған 2000 жылдары келдім. Елде жол құрылысына қажетті қаржы мен техника тапшы кез болатын. Қазір жұмыс әлдеқайда белсенді жүргізілуде, заманауи жабдықтар, техника бар. Дегенмен, салынып жатқан жолдардың сапасы жақсы емес. Әлеуметтік желіден, басылым беттерінен жол құрылысына қажетті материалдардың жетіспейтіні туралы көп оқимын. Асфальтбетон кешіктіріліп жеткізіледі, битум тапшылығы байқалады. Бұған кейде материалдың сапасыздығын, астыңғы қабатын алып тастамай ескі жолдың үстіне асығыс жаңа жол төсеуін, материал бағасының көтерілгенін қосыңыз. Салынған жолдың тез тозуына әсер ететін факторлардың бірі – оларды күтіп ұстауға немқұрайлы қарау дер едім. Атырау облысы аумағында небәрі 3047 шақырым жол бар. Оның 1125 шақырымы республикалық, 1927 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Бұл жолдардың 1272 шақырымы ғана жақсы, қанағаттанарлық жағдайда, яғни жартысына да жетпейді. Жаңа салынған жолда шұңқыр тез пайда болады. Қала ішіндегі жолдары өте нашар. Тиісті талап бойынша жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен жол бірнеше жыл қызмет етуі тиіс. Тек ауа температурасының өзгеруіне байланысты әртүрлі дәрежедегі жарылған жерлер пайда болуы мүмкін.

- Жол тез тозбау үшін не істеу керек?

– Салынған жол жарамсыз болып, көлік қозғалысына қауіп төндірмеуі үшін алдымен оның сапасына, одан кейін дұрыс күтіп-баптауға мән берген дұрыс. Яғни, жолға күтім қажет. Салынған кез келген нысан күтімсіз болса, тозып, құлайды. Жолда пайда болатын жарықтарды ерте көктемде анықтап, шайырмен толтыру керек. Бұл уақытында жасалмаса, асфальттың төменгі қабатына еріген су мен жаңбыр суы кіріп, үлкен шұңқырлар пайда болады. Бүкіл әлемде қабылданған нормативтер бар, жол 5 жыл сайын орташа жөндеуден өтуі керек. Бізде бұл жұмысқа аса мән берілмейді. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі.

- Бірақ қаражат бөлінеді ғой...

- Бізде негізгі қаражат құрылысқа бөлінеді, содан қалғаны ғана күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалады. Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтың мақаласынан үзінді келтірейін: «Күтіп ұстауға бөлінетін қаржыға келетін болсақ, Ұлыбритания 1 шақырым жолға 35 миллион теңге, Жапония 25 миллион, Ресей 12 миллион теңге бөледі. Біздің елімізде 1км жолға 1,4 млн теңге бөлінеді. Ал норматив бойынша 2,2 млн теңге бөлінуі тиіс. Жол жамылғысын уақытылы күтіп ұстау одан әрі жөндеу мен қалпына келтіруге кететін шығынды 3-4 есе үнемдейді». Бұл ескеруді қажет ететін ең маңызды мәселе. Соңғы 3 жылда бізде жол құрылысын бақылайтын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық кәсіпорны құрылды. Жол толығымен тозып кетпеу үшін оларды күтіп ұстау жұмыстарын дер кезінде бастау қажет.

– Жүргізушілердің көпшілігі қаладан шыққанда жолдың өте тар екенін айтып шағымданады.

– Иә, мұнайлы өлкенің тағы бір өзекті мәселесі – І санаттағы кіреберіс жолдардың жоқтығы. Қазір әр үйде 2-3 көлік бар, оған транзиттік көлікті қосыңыз. Ал біздің жолдарымыз бұрынғы күйде. Бірнеше онжылдық бұрын облыста көлік аз болды. Мысалы, Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолының ІІІ санаттағы Қарабатан елді мекеніне дейінгі учаскесін І санатқа қайта жасау керек. Бұл жолда көлік көп, жол-көлік оқиғасы жиі болып тұрады.

Мен жол саласының ардагері ретінде қосалқы мердігерлердің жол салуына үзілді-кесілді қарсымын. Қазір мердігер ұйымдар тендерді ұтып алады, бірақ жұмыстардың көптігі мен мамандардың аздығынан қосалқы мердігерді жалдайды. Қысқаша айтқанда, белгілі бір қаражатты өз пайдасына алып, жұмысты басқа фирмаға береді. Сәйкесінше, бір жолды бірнеше түрлі фирма салып жатыр. Мұндайда, әрине, сапасы нашарлайды. Мен жұмыс істеп жүргенде облыста салынған жалғыз сапалы жол – Атырау-Доссор жолы. Оған да 10 жыл болды. Жолды бір құрылыс компаниясы төседі. Ал бірнеше мердігер компания салған Атырау-Орал тас жолының кейбір учаскелері 3 жылда жарамсыз бола бастады. Енді бұл жол қайта жөндеуді қажет етеді. Бірақ Атырау-Астрахань тас жолын қалпына келтіру жұмыстары аяқталмайынша, бұл жолдағы жұмыс басталмайды.

Айнұр САПАРОВА

6 қыркүйек 2022, 14:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.