Атырау, 11 желтоқсан 06:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Атырауда қаңтардағы митинг бойынша сот процесі басталды

Сурет
2 663 просмотра

Бүгін, 31 тамызда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Зарема ХАМИДУЛЛИНАНЫҢ төрағалығымен Атырауда қаңтарда өткен митингіге қатысушыларға қатысты сот отырысы басталды. Сотталушылар орындығында 27 адам отыр.

Бес айыпталушы тергеу изоляторынан әкелінді, қалғандары үйқамаққа алынғандар немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат жазғандар. Айыптаушы тараптың мүддесін прокурор Нұрболат ӘБІЛОВ қорғап отыр, бақылаушы ретінде Адам құқықтары жөніндегі бюроның Атырау филиалының директоры Дарья ҰЛЖАҒАЛИЕВА да қатысып отыр.

Сотталушылар Қылмыстық кодекстің көп бабымен айыпталған: 272-бабының 2-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бап (Билік өкіліне күш қолдану), 380-1-бап (Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қолсұғушылық), 291-бап (Қару ұрлығы).

Іс бойынша 110 жәбірленуші (олардың бәрі полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер) және 100-ге жуық куәгер бар. Сотталушылардың бәрін адвокаттар қорғайды, кейбірінде екеуден бар.

Қоғамдық қорғаушылар ретінде сотталушылардың туыстары – аналары, әжелері, әйелдері қатысып отыр. Үзіліс кезінде «АЖ» тілшісі олардың біразымен тілдескен еді.

– Мен 11 бала өсірдім, бірақ мұндай сұмдықты көремін деп ешқашан ойламаппын. Қыс бойы тергеу изоляторына тамақ тасыдым, енді ауырып жүрмін, – дейді егде жастағы әйел.

Тағы бір әйел атышулы «Динамо» спорт залында болғаннан кейін ұлының жарақат алып, психологиялық күйзеліске ұшырағанын және үйде әлі ауырып жатқанын айтты:

- Ол әлі жас қой. Ал полицейлер баламды психикалық және физикалық тұрғыдан «сындырып» тастады. Өзіміздің кішкентай Атырауда осындай! Балам өзін азаптаған полиция қызметкерін таныды, бірақ ақыры іс қозғалмады.

Сот процесі жалғасуда.

Фархат АБИЛОВ

Суреттерді түсірген автор

31 тамыз 2022, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.