Атырау, 5 қазан 04:22
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Грант есебінен оқиды, бірақ мектепте жұмыс істеу жоспарларында жоқ

1 452 просмотра

25 тамызда Махамбет атындағы драма театрында ұстаздардың дәстүрлі өңірлік конференциясы өтті.

Жыл сайынғы шараға Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ, мемлекеттік органдардың басшылары, педагогика саласының ардагерлері, мәслихат депутаттары мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

– Педагогикалық қауым сапалы білім беріп қана қоймай, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, сондай-ақ әлеуметтік-педагогикалық миссияны орындайды. Бұл салада, әрине, әлі де ашық күйінде қалған сұрақтар бар. Оларды шешу үшін бірігіп жұмыс істеу, туындаған сұрақтарға жауап іздеу қажет, – деді Серік Шәпкенов.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш ШӘМШИДИНОВА ЖОО-да студенттерді грантпен оқыту мәселесін көтерді.

– Университеттерде орыс тілі бөлімшесінде қазақ мектебінің түлектері – студенттер оқиды. Біз оқуды бітіргеннен кейін «мектепке жұмысқа барасыңдар ма?» деп сұраймыз. Олар: «жоқ, біз орыс тілін білмейміз», деп жауап береді! Сонда олар неге облыс әкімінің грантын оқып, диплом алады? Оларда орыс тілі енді ғана қалыптасып келеді. Мұндай жағдайда университеттер бағдарламаны өзгертіп, бірінші жылды тіл үйренуге арнауы керек, – дейді Күләш Шәмшидинова.

Конференциядан кейін бұл сұрақпен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат ШҮКІРОВҚА жүгіндім.

– Облыс әкімінің грантын алуға құжаттарды қабылдау кезінде оқу тіліне шектеу қойылмайды. Түлектер оқудың барлық мүмкіндігін пайдаланады, тілді меңгеруге уәде береді. Бірақ олар орыс тілінде сабақ бере алмайды. Бұл жүйелік мәселе. Екінші курстан бастап студенттерді мектепке практикаға жібереміз, ал оқу орындары кері байланыс бермейді, студенттердің үлгерімі нашар екенін хабарламайды. Яғни, бұл жалпыоблыстық мәселе, оны шешуге барлығы – жоғары оқу орны, білім басқармасы, мектептер, ата-аналар, студенттер мүдделі болуы керек. Осыған байланысты біз екі жылдан бері қазақ тілді мектеп түлектерін орыс тілді бөлімнің педагогикалық мамандықтары бойынша оқуға қабылдамаймыз. Осы мәселені талқылау үшін мен бүгін облыс әкімі орынбасарының қабылдауына барамын, – деп жауап берді маған А.Шүкіров.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА өз саласының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Демографиялық көрсеткіштердің қарқынды өсуі нәтижесінде Атырау қаласында білім беру жүйесінің барлық деңгейінде білім алушылар контингентінің артқаны байқалады. Жаңа оқу жылында 138 мың бала мектепке барады. – Қазіргі таңда жалпы орта білім беру жүйесінде 200 жалпы білім беретін мектеп және 10 жеке мектеп жұмыс істейді, онда 137 747 бала білім алуда. 2021-2022 оқу жылын 5999 оқушы аяқтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3613 түлек қатысып, оның 1517-сі мемлекеттік грант иегері атанды, 107-сі әкім грантын иеленді, — деді А.Дүйсекенова.

 

17 МЫҢ БАЛА БАЛАБАҚША КЕЗЕГІН КҮТУДЕ

Былтыр халық тығыз орналасқан Водниково және Ракуша ауылдарында 280 орындық 2 балабақша салынып, пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюіне қарамастан, оларға деген сұраныс әлі өзекті болып отыр.

Бүгінде 17 мың бала балабақшаға кезекке тіркелген. Осыған орай, мемлекеттік меншіктегі де, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жаңа ғимараттар салу арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту жоспарлануда. Кезекті толығымен жою үшін 2025 жылға дейін облыста жалпы сыйымдылығы 12260 орындық 56 мектепке дейінгі ұйымды іске қосу жоспарланып отыр. Оның 2610 орындық 9-ы МЖӘ негізінде салынады. Барлық балабақша сыйымдылығы 290 орын. Бұл Самал ықшамауданындағы балабақша, Берекедегі екі балабақша, Ақжар-2 ауылындағы, Еркінқаладағы, Нұрсаядағы (мекен-жайы: Әбілқайырхан, 72 а), сондай-ақ Байтұрсынов көшесі, 80, Белинский көшесі, 21, Бейбарыс даңғылы, 485 мекенжайындағы балабақшалар.

«Игілік ТШО» бағдарламасы есебінен 320 орындық 2 балабақшаның құрылысы басталды, НКОК қаржысы есебінен 160 орындық бір балабақшаның құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл мектепке дейінгі мекемелер Жұлдыз-3, Көктем, Өрлеу ықшамаудандарында салынады.

 

11 МЕКТЕП 3 АУЫСЫМДА ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Орта білім сапасын арттыру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Ол үшін облыста «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы», ауыл мектептерін қолдау бағдарламасы әзірленді. Биылғы оқу жылында оқушылардың метапәндік дағдылары мен біліктіліктерін қалыптастыру мен дамытуға, ерте кәсіптік бағдарлауға, инклюзивті ортаны қалыптастыруға басты назар аударылады. Сапалы білім алудың міндетті шарты – жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қамтамасыз ету.

Ал оны құру әзірге мүмкін болмай отыр. Атырауда 11 мектеп 3 ауысымда жұмыс істейді. Облыстың бас педагогының айтуынша, мектептерде үш ауысымда білім берудің негізгі себебі қала халқының демографиялық өсуі, көші-қон қозғалысы және орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі. Облыста төрт мектеп апатты деп танылды, бұл Атыраудағы №1 мектеп (қазір ол бойынша тендерлік жұмыстар аяқталып, келісімшарттары жасалып жатыр) және ауылдық жердегі 3 мектеп (қазіргі уақытта олар үшін жаңа ғимараттар салынып жатыр).

«Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» аясында өңірде 48 мектеп салынады. Қаржыландыру көздері - республикалық және жергілікті бюджеттер. Қазір 10 мектеп пен бір жапсарма құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, 2022 жылы 6 мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 5 мектеп орын тапшы болып тұрған Атырау қаласында, 1 мектеп Индер ауданында салынады. Басқа мектептер үшін жер телімдері нақтылануда.

Осы жобаларды жүзеге асырған кезде 20 мыңға жуық оқушы орны мен 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда облыста салынып жатқан мектептер туралы біраз мәлімет: Жаңаталап ауылында – 300 орындық, Балаусада 600 орындық және Ақжарда 600 орындық, Индер ауданы, Есбол ауылында 320 орындық, Махамбет ауданы Махамбет ауылында 300 орындық интернаты бар 600 орындық мектеп, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы 350 орындық, Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 300 орындық мектеп. Дамба ауылындағы тағы бір 300 орындық мектептің құрылысы қылмыстық іс қозғалуына байланысты уақытша тоқтатылды.

Өткен жылы 28 ауыл мектебі жаңартылды (ағымдағы жөндеу, асханалар мен кітапханаларды жөндеу, әдебиеттермен, қауіпсіздік жүйесімен жиынтықтау, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау және т.б.). 2022 жылы 27 ауыл мектебі жаңартылады. Бұл жұмыстарға барлығы 950 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. 2025 жылға қарай 126 ауыл мектебін жаңғырту жоспарлануда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

ӨКҚ ұсынған суреттер

26 тамыз 2022, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.